Бақыттың кілті

   Бұрынғы өткен заманда бір патшалық өмір сүріпті. Сол патшалықты дәурені жүріп тұрған шақта, ханзадасы өзін ылғи да бақытсыз санаған. «Бақыт» деген сезімді сезіну үшін бәрін беруге дайын болған. Қарапайым күндердің бірінде оған патша уәзірі келіп:

   - Халық арасында бір диуана бар. Жұрт соны сөз етіп жүр. Соған барып көр. Мүмкін көмектесер, – деп ақылын айтты. Сол сөзді ести сала, оны  іздеп тауып алады. Ханзада диуанаға келіп:

   - Диуана, естуімше сен бақытсыздарды бақытты етеді екенсің. Мен бұл патшалықтың ханзадасы едім. Өзімді ес білгелі бақытсыз сезінемін. мені бақытты етші, - дейді. Сонда диуана:

   - Сен өзіңді бақытты еткің келсе, бақытты жанның жейдесін ки. Сол кезде бақыттың не екенін сезінесің, - дейді.

   Бұл сөзді ести сала, сарайына оралып «бақытты жейдені» іздей бастайды. Уәзірден бастап, жоғарғы лауазымды, әскер басылардың да жейдесін киіп қарады. Жоқ, сезінбеді. Бұқара халық арасындағы саудагерлердің жейдесін киді. Бәрі-бір бәз баяғы қалпы. «Мұным болмас» деп, жер жүзін айналып қайтуға бел буды. Басқа патшалықтарда болды. Кейбірінің жейделерін сатып алып та көрді. Олардың да еш пайдасы бомады. Нәтиже болмағаннан кейін өз патшалығына оралуды жөн көрді. Сарайына таяған шақта, қолында соқасы бар, өзі көңілді бір шаруаны кезіктіреді. Ән салып келеді. Оны ханзада сол мезетте тоқтатып:

   - Сен бақыттысың ба? – деп сұрайды. Шаруа ойланбастан:

   - Иә!- деп қысқа ғана жауап қайырады. Бұны естіген ханзада қуанғаннан:

   - Онда маған жейдеңді сатшы, - дейді. Шаруа:

   - Менде жейде жоқ, - деп кете барады.

   Айтайын дегенім, бақытты әркім әр қалай бағалайды. Бірі байлық десе, екіншісі үшін отбасы. Үшіншілер болса, өз бақытын өзгеде деп ойлайды... Өз бақытымызды өзгеден емес, өзімізден, өз жүрегімізден табайық!



Бөлісу: