Бақытты отбасы туралы...

Отбасы – шағын мемлекет. Біздің қоғамымыз сол шағын мемлекеттерден тұрады. Ал, ол кіші болсын, үлкен болсын, өз басшысы, өзінің ішкі ереже-тәртібі бар. Отбасы негізін құрайтын некедегі ер мен әйел, балалар. Оның іргесінің мықты болуы ер мен әйелдің өзара түсіністігіне, сыйластығына байланысты. Олардың арақатынасының жарасымды болуы, ондағы үйлесімділік осы бір кіші мемлекеттің үшінші маңызды тобы балаларға да әсерін тигізеді. Иә, әркім өз міндетін мүлтіксіз атқарып, өзара татулық болса, отбасы ұғымының құндылығы арта түспек.Ер мен әйелдің сыйластығы қашанда маңызды нәрсе. Себебі сол арқылы қоғамда тыныштық, өсіп-өну, бақытты балалар болады. Ер адам өзінің беделінің биігінен түспей, әйел адам қашандағы нәзіктігімен, жанының жайсаңдығымен баурай білсе, бақыт пен ынтымақ сол үйді паналайды. Отағасы үйінің тірегі екенін отбасындағыларға ұғындыра білуі тиіс. Қатал болуым керек деп әрдайым қабағы қатулы болып жүрмей, арасында әйелінің жанын, сырын түсіне білуі керек. Шариғатта да ер кісіге «Әйеліңнің көңіліне кірбің ұяласа, оны сейілте біл және көзіндегі жасын қолыңмен сүрт» деп бұйырған.
 
Қоғамымыздағы ажырасу мәселесі белең алып бара жатқан заманда шариғи тұрғыдан да, салт-дәстүрмен де келе жатқан қағидаларды ұстанғанымыз дұрыс сияқты. Әйел ешқашанда ер адаммен өзін теңмін деп бас көтеруге болмайды. «Жақсы әйел жаман еркекті ер қылады» деген бар ғой. Отағасын өзінен жоғары ұстауға міндетті. Ал, өзінің нәзіктігін, биязылығын жоғалтпауы керек. Ер адамның әйелге деген махаббаты күшті болса, ол тау қопарады. Әйелдің еріне деген махаббаты берік болса, ол отбасында шаңырағы жайнап, қазаны қайнап тұрады. Бақыт деген осы емес пе? Иә, мейірім өзені тартылмас үшін, сүйіспеншілік оты өшпес үшін, сыйластық бағы солмас үшін отбасының негізін қалаған жұбайлар қолдарынан келгенін жасау керек. «Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады» демекші, жылы сөйлеп, жақсы шырай танытып жүру нәзік жандылардың басты міндеті. Әрдайым кешіріммен қарап қайбір істе де сабырға келе білуі керек. Бақытты отбасы болудың сыры осы болар...


Бөлісу: