Бақытты болу, өз қолыңда!
блог
Адам тағдыры жазылып қойылған, өзгермейді деген пікірлер көп кездеседі. Негізі, ең дұрысы, құдай адамды жақсы немесе жаман іс істеуде мәжбүрлеуші емес. Әйтпесе, оның өзі істетіп алып, адамды жазалауы немесе марапаттауы қайшылық болар еді. Ал, «жазылған тағдыр дегеніміз, оның шексіз білімінің нәтижесінде, қай пенденің қандай әрекетті таңдап, істейтінін алдын-ала толық білгендігін жазып қоюы» деп түсінген дұрыс.
Адамның мінез-қылығының, оның өміріне үлкен әсері бар. Оның өмірінің сәтті болуы, жолының болуына мінез-қылығындағы, сеніміндегі кінәраттар кедергі келтіреді.
Сол кемшілік, кедергілерді сіздерге келтіруді жөн көрдім. Сақтануға, өмірде пайдасы тиер деген үміттемін.
Мен егер заң қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім" (Абай, 37-қарасөз)
Төмендегі сипаттар, адамның, өз бағын байлап, кейде опат болуына себеп болады:
1. Тәкәппарлық.
Яғни, өзін жоғары санау. Бұл күй адамның жүрек түкпірінде, санасының түбінде жатады. Мысалы, мен – білімдімін, мен – ақылдымын, мен – сұлумын, әдемімін, мен – баймын, мен – күштімін, деп айтпаса да, асыра сезіну. Сол себепті де, ол басқаларды елемейді, өзіне сай келмейтіндермен араласпайды, немесе қашықтық ұстайды. Бұл, тәкәппар адамның сырқаты - жүрегінің соқыр болуы.
2. Көре алмаушылық.
Біреудің жетістігін немесе затын қызғану. Өзінде бұл артықшылық болсын, болмасын, сол өзі қызғанған адамда болмауын іштей тілеу немесе қалау.
3. Біреудің ақысын бермеу.
Бұл жағдайда адам өзінің құқын және өзгелердің құқын да жақсы білуі керек.
Қарым қатынастың кіммен болатынына байланысты, әртүрлі болады.
Мысалы, әке-шешемізге қатысты айтсақ, бала ретінде оларды силамау, ренжіту және тілін алмау. Олар қартайғанда, бізді кішкентайымыздан мәпелегендей, мәпелеп бақпау – ақысын бермеу есептеледі.
Достармен қарым-қатынаста, оларға адал болмау. Айтқан сырын басқаға жариялау, қиналғанда қол ұшын бермеу.
Жанұяда, ер әйелінің, әйелі ерінің алдында міндеттерін орындамау.
4. Қате сенім.
Әр нәрседен үркіп, қорқу және шектен тыс жақсы көру. Мысалы, қара мысық жолын кесіп кетсе, соған бола қапалану. Осы секілді ырымдарға сене беру. Бақсылар мен балгерлерді жағалау. Олардан жәрдем сұрау. Қысқасы, құдайдан басқа барлық нәрседен қорқу және жоғары қою.
5. Ғайбат айту.
Біреу жайлы, ол естісе ұнатпайтындай, әңгіме қозғау. Яғни, оның кемшіліктерін, ыңғайсыз жақтарын өсектеу.
6. Өтірік айту.
Өтірік өтірікті тудырады, сенімділігіңді жояды.
7. Жақсылыққа шақырмау және жамандықтан қайтармау.
Адам қоғамның бір бөлшегі. Сондықтан, ондағы болып жатқан жағдайларға біз бей-жай қарамауымыз қажет. Егер, барлық адам келеңсіздіктерге бей-жай қарайтын болса, қоғамдағы жаманшылықтар азаймайтын болады. Ол, өз жанұямызға және жора-жолдастарымызға да қатысты. Егер достарымыздың біреуі зұлымдық жасаса, оны айтып болсада райынан қайтару қажет.