БАҚЫТТЫ БОЛУ...

Бақытты болу тағдыр емес, бақытты болу таңдау. (с) Ербол

 

 

Бақыт деген не? Бақыттың түрі қандай?  Барлық адам оны бірдей түсіне ме? Бұл абстрактілі ұғым адамзат баласын ғасырлар бойы терең ойға салуда, сала береді де. Әркім бақытты әрқалай түсінеді. Бұл эсседе мен өзімнің ұғымымдағы бақыт түсінігін жазбақпын. 

Замандар ауысса да құндылықтар өзгермейді. Мәселен, адамдардың көпшілігі бақытты материалдық құндылықтардан іздейді. Ақша, байлық, билік – адам баласын бақытқа апаратын жол-мыс. Алайда қоғамның екінші жағы бақытты ерекше сезімге балайды. Оны материалдық құндылықпен теңестіруді қателік деп танып, оны мойындамайды. Ал мен ше? Менің ойымша,  бақытты іздемей, оны өзің қолдан жасауың керек. Бақыт жайдан-жай пайда бола қоймайды, оны бақытты болғысы келетін адам өзі жасап, бақытты болуға ұмтыла түсуі тиіс. Атақты украин ғалымы, Нобель сыйлығының иегері, физик Лев Ландау өзінің «бақыт теориясын» ұсынған болатын. Бұл теория бойынша адам бақытты болуы үшін сүйікті іс, адамдармен жақсы қарым-қатынас пен махаббат керек екен. Меніңше, бұл теория әлемдегі ғажап теориялардың бірі секілді. Аталмыш теорияның дұрыстығына еш күмәнім жоқ. Алайда бұған өзімнің де алып-қосарым  бар.   Біздің халқымыздың түсінігі бойынша адам бақытын тағдырына балап жатамыз. Бұл қате түсінік. Себебі осындай санаға сіңірілген ұғым генетикалық кодқа еніп, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуда. Менің ойымша,адам өз бақытын таңдау ретінде қабылдаса, бұл абстрактілі ұғымды өзінің нақ қалауы бойынша түсінер еді. Қорытындылайтын болсам, бақыт ол бір сәттік болуы шарт емес, ол да шынайы әрі ұзақ болуы мүмкін және бұл сезім адамға біраз еңбектен соң келеді. Адамзат ұғымындағы қол жетпейтін бақыт сезімі жансақтықтың белгісі.  Себебі бақытты адам өз қолынан жасай алады. Бақыт кез келген адамның басына қонар құспен тең, әрі қарай оны ұшырып алмауы әркімнің өзіңе байланысты. Өйткені бақытты болу тағдыр емес, бақытты болу таңдау.


Бөлісу: