Бақытты болайықшы

Бақытты болайықшы
жеке
блог

Жұмыста жалғыз отырмын. Бәрі жұмыс уақыты аяқталған соң, үйді-үйлеріне тарасып кеткен.

Біртүрлі құлазу бар көңілде. Бағанағы жағдай ғой, иә... Айналамда болып жатқан барлық жағдайды жүрегімнен өткізіп, біреудің өмірімен тыныстайтын әдет әлі қалмаған. Ол да менімен бірге ілбіп, әлі тірлік етіп келеді. Әдетімді айтам.

Мына өмірде қатты, қатал, қатыгез болмасаң, сірә, болмайды-ау. Жүрегің жылап, еңіреп тұрса да, "бет" деген бетпердең қасқайып, сыр білдірмей тұрсын. Қазір осы принциппен өмір сүретін адамдардың бағы жана ма деп қалдым. Сонда... Сонда айтыңыздаршы, адамдар?! Бесіктен беліміз шықпай жатып, ананың әлдиімен қоса естігеніміз, құлаққа сіңіргеніміз "Мейірімді бол, жомарт бол, жақсылық жасаудан аянба, жүзің жылы болсын!" деген сөздер емес пе еді?! Бірақ мына өмірде біреуге барыңмен беріліп, оның жағдайын күйттегеніңмен, оның есесіне алатының не нәрсе?! "Өй, ол ма... Өй, ол дейтін... Жүнің жығылған кейіппен алдына барсаң, аяушылық таныта салады, жалпақшешей" деп артыңнан табалайтындар да жоқ емес қой. Жақсылық жасау дегенің адамшылық емес пе шындап келгенде. 

Ал бағанағыдай ешкімге ештеңе татырмай, қабағыңды қарс түйіп, бетіңе келгенге арс етсең, именіп, "сіз" деп сызылып қалады бәтшағыр адамдар. 

Иә, бәтшағырлар. Бейшара пенде. Бейшара тірлік. 

Біз, осы кеудесінде шығар-шықпас жаны бар тіршілік иелері, осы бір бейшара тірлікті кейде алтынға, асылға теңейміз. Алтын уақыт дейміз. Дейміз де... Алтын уақыттың қадіріне жетпей, өмірден өтіп кетеміз. Үзіліп түсеміз. Үзіліп түссек те, өмір өз ағынымен жалғаса береді... Жағымпаз, екібет, қатал, бас пайдасын күйттеген, адамшылықты ысырған бір бейнемізбен бірге, нәзік, жараланғыш, адамгершілікті аңсаған екінші бір бейнеміз параллельді өмір сүріп, мына жарты әлемді толықтырып, тіршілікке тыныс береді. 

"Әйтеуір жетпейді". Ақша деген кербезді айтам. Көбіміз солай ойлаймыз ғой. Маған да жетпейді. Үй алсам, көлік мінсем деп жүрген бір адам. Дұрыс қой. Өз-өзіңмен болу үшін, тұрмыстық мәселелерге бас қатырмау үшін материалдық жетіспеушілікті толықтырып алу керек шығар. Бірақ олар жоқта да бәрін ұмытып, бір сәт бақыттан басымыз айналып күлеміз ғой! Соңғы тиыныңды жалдаған пәтеріңе санап беріп тұрып та күлуге болады емес пе... Бақытты болуға болады емес пе... Мәселенің бәрі осы жақта жатқан сияқты. Біздің қазақтың тұрмыстық заттарға деген көзқарасы түбегейлі өзгермей тұрып, жан дүние тыныштығы туралы сөз қозғау да артық шығар, бәлкім... 

Екінші жағынан алып қарасаң, үй, көлік дегендер жеке куәлігің секілді қандай жолмен жетсең де (әлбетте маңдай теріңмен тапқаныңа не жетсін) "Міне, мынау менің өмірде жеткенім! Міне, мен осыны істедім!" деп ауыз толтырып көрсететін құжатың тәрізді ме деп қалам. Біздің қоғамда бұларға жету аспандағы айды алумен тең ғой қарапайым адам үшін. Күйбең тірлікке дарындардың жұтылып кететіні де осыдан шығар... Ұрпаққа мұраның аз қалатыны, Абайдың айтып кеткенін артығымен айтқандар болса да, Абайды ұмытпайтынымыз осыдан шығар... 

Бақыттың нақты анықтамасы болмағандықтан, өмірде ештеңеге қол жеткізбей-ақ жапандағы жалғыз үйде отырып та өзімді жақсы көруім мүмкін... Бірақ мына жалған қысқа болғандықтан, әйтеуір бір тыпырлап қалуға талпынамыз ғой... Уақыттың қысқалығы ғана мына өмірді тәтті қылып тұр-ау.

Тағдырдан талай соққы көрдім деп күйбең тірліктің жетіспеушіліктеріне бола қамығып жүргенімде, бір күні таңертең ұйқыдан тұрғанымда, әлі ешбір қиындық көрмегенімді түсіндім. Өмір мені алақанына салып, аялап жүр екен. Әлпештеп жүр екен. Күнде анам мен бауырларымның дауыстарын есту, денімнің сау екенін түйсіну, жұмысымды сүйетінім... Маған бұдан артық не керек? Бұдан артық мені өмір қайтып еркелетпек?! 

Өмірді сүйетінім де сондықтан шығар. Адамдарды да ештеңеге қарамастан жақсы көретінім... Бәрі бақытты болса екен дейтінім...

Бақытты болайықшы...

Сурет: copypast.ru