Бақытты бол, Жарық Күн...
блог
Сағынышым жанарыма шық боп қатқандай,
Жүрегіме соқыр сезім шоқ боп батқандай.
Көк аспанды көре алмаймын, қара түнектей,
Тек кешқұрым аймен бірге таңым атқандай...
Ұғыса алмадық, сыйыса алмадық, ұрыса алмадық, сыймадық бір құшаққа да. Мына әлем тарыла берді, тарыла берді тағы да. Барады сыймай жүрегім өн бойыма. Мөлдір мұңым жанарымда "тосылып", мұңыммен қосылып, жүрегіммен бірге жылап жатқандай. Жаңбырды сағындым, жасымды жуар. Жарым жүрек түбегейлі сөнгендей. Тағдырымның тосынсыйына көңілім көнгендей, бірақ жүрек... Кетті. Иә, бітті. Күзім. Күнім. Нұрым. Барым. Арым... Жаным.
Сүйе аламын ба біреуді...тағы? Не үшін? Тағы біреудің бағына ортақтасып, орынсыз екенін кеш ұққым келмейді. Қайталап.
Адамдар өмірді не үшін, қалай сүйеді екен осы? Осы өмірді тегі бір сүйе алмадым. Әйтеуір өмір сүріп жүрмін. Білмеймін неге. Мендегі қалған жалғыз тіреу, панашым, тағы да жылатқым келмейтін, шыңына қырау, жүзіне әжім тұрғызғым келмейтін әкем үшін ғана шығар. Иә, рас, мен сол кісі үшін ғана бақытты болуға тырысуым керек шығар. Анамның орындалмай кеткен арманы шығармын. Тірі тұрған шақта тырысуым керек шығар. Жолымды кес-кестейтін үміт пен өкінішті бұзып,...жарып алға өтуім керек шығар. Таусылмауым, тауымның шағылмауы тиіс шығар. Бірақ қалай? Амалын тапсам, баяғы да-ақ бақыттың жетегіне жабысар ем. Иә, бақыт деймін-ау. Не ол өзі?
Не де болса, таңдау жасалды. Бояу сіңді. Жаңа өмір басталып та кетті... әлдекімдерде... менсіз. Сөзсіз кімнің бақытты болары Аллаға аян. Дегенмен де, менің аңсарым - екі дүние бақыты, оған да тілерім. Осылай дұрыс болғанына көзім жеткенде, осы жазбама әдемі жауап та табылар.
Үміт түбегейлі үзілді. Бақытты бол, Жарық Күн! Күнім...өмірімде бар болғаныңа рахмет...аз да болса...
ПыСы: уақыт-емші...дейді. Бүгінім ертең кеше болып қалатыны рас...