Бақытсыз Мәриям
блог
Жүрегімдегі сағыныш, әр жауын жауған сайын ескі әніне салып қозғалақтайды. Нөсерлетіп кеп жаңбыр төксе, бір өксіп-өксіп алатыны бар. Ал жайдары жаздың жайма шуағы шапағатын шашқанда, көмескіленген жараның аузы кеуіп, бойымды жұбаныш сезімі билегендей болады. Өкінішім - өзіңді өзгенің қолына қос-қолдап аманаттағаным болса, жұбанышым - сен қазір бақыттысың! Иә, иә, менен бақыттырақсың... Әлде олай емес пе? Солай шығар...
Білем. Ата-анаңның сөзінен аттай алмағаныңды, жалғыз ұл, бір ғана тұяқ екеніңді де білем. Және бесіктен белің шықпай өзгемен атастырылып, жартылай некеленгеніңді де білем. Ардан алыс кете алмағаныңды да білем жаным. Сені кінәлаудан аулақпын жарығым. Көзімнің қуанышы болып аман жүрсең болғаны.
Есіңде ме? Екеуміздің ауыл маңындағы қарағаштың аясында отырып алдамшы жоспар құрғанымыз? Не деген күлкілі... Бірге бола алмайтындығымызды біле тұра отбасын құрып, балаларымызға ат қоюшы ек... Көбірек сенің жүрегің жараланып, мұңайып қалатынсың. Көзіңдегі моншақтай жастарыңды жайлап сүртіп отырғаныңды талаай көргем. Мен болсам, бірақ жыламадым. Себебі, сенен ешқашан үміттенген емеспін. Сол үшін де маған сенімен қоштасу ауыр болған жоқ, тек жаным жабықты, көңіліме қаяу түсті. Жүрегімде еріксіз тұтанған махаббатың шоғынан қалған күйік із қалды. Оным да анда-санда өрекпіп, ашытып ауырып қоятыны болмаса.. менде бәрі де жақсы.
Білем. Ата-анаңа мен үшін талай қарсы шықтың, үйден кетіп қалдың. Мені алып қашпақ болдың. Тек, екеуміздің де көкейімізде абырой кішігірім жоғарырақ тұрды. Санамыз сыпайы түрде бір-бірімізден бас тарта қоюды бұйырды. Ақылымыз шегіну керектігін, бірге болуға болмайтындығын айтып айдаһардай ақырды. Сезіміміз сергелдеңге түсіп, дұрыс шешімді жүректен күтті. Ал жүрееек. Ол не десін? Тура сол, шешім шығарар сәтте баяу соғып үніңді шығармай қалғаның не? Неге атша тулап айбар шекпедің? Бойыңа біткен балапан сезімнің қанатын сындырмай аялап, асырап қалуға неге тырыспадың сен, жүрек? Неге тап сол шешуші сәтте үнсіздік таныттың? Әлде сен де мына бір мағынасыз махаббаттың машақатынан шаршап, үлкендердің ақылына жүгінуді жөн санадың ба?
Тойың болар кезде ауылдан кетіп қалып ем. Өзімді қинамау үшін емес, сенің мұңайған жүзіңді көрмеу үшін. Қайғыма қайғы жамамау үшін кетіп ем. Сол жолы барар жолым алыс болғандай кері қайтып, тап тойдың үстінен түскем. Сен байқамадың, қасыңдағы асылыңа қарап күлімдеп қоясың. Көңілің көтеріңкі, шат-шадыман. Сол баяғы екеуміз кездесетін қарағаштың түбінде тұрып сенің менімен емес, өзгемен болған үйлену тойыңның куәсі болдым. Тап сол кезде ғана, саған деген шерім тарқап, өзімді еркін сезініп едім-ау.
Білесің бе? Мен сені бүкіл ауыртпалықтан азат еттім де, өзімді сол өрмекшінің шырмауындай болған қапасқа мәңгі лақтырдым. Сірә, білмессің. Біле алмай да өтерсің өмірден. Жек көрмеймін. Тек, өкінем. Менен бас тартуың үшін өзгенің құшағына жүгіргеніме өкінем. Сені толығымен ақиқаттың ақ шымылдығына отырғызып, өзім болсам, ен далада сандалған қою қара тұманның арасына баттым да кеттім. Осының бәрі де сен үшін.
Өзгенің ықпалымен басқа жанға тиесілі болғаныңмен, сен менің жартым едің. Осыны екеуміз де кеш ұқтық па?
Білесің бе? Мен қазір өте бақытсызбын. Өзгемен тұрмыс құру-сенің ерлігің секілді қолымнан келмейді.Ал сен болсаң асыл жарыңнан туған бала-шағаңды ойнатып ауыл ішінде көз алдымнан көлбеңдеп күнде өтесің. Миығыңнан күлетініңе сөзім жоқ. Егер шын мәнісінде мені толық таныған болсаң, істің ақ-қарасын тексерер едің. Көрші ауылдың баласын әдейі шақыртып махаббат ойынын ойнағанымызды білер едің. Сен үшін өзімді құрбандыққа шалғанымды ұғар едің. Ұға алмадың, санаң жетпеді. Мен қазір сондай бақытсызбын, дегенмен сезімді тізгіндеп сандыққа салып тастағалы қашан.
Тек, кейде жүрек көнбей, ақырып кеп жібергенде - сенің үйіңнің алдынан бірақ шығатыным жаныма батады. Бір күні асыл жарыңның көңіліне қаяу салып жүрмейін. Махаббат қой! Осы жолы жүрегім үндемей қалар емес... Шындықты айтуға бекіндім.
сурет http://www.litprichal.ru/work/134320/ алынды