Бақытжан Қаратаевтың шығармашылық құжаттары

Бақытжан Қаратаевтың шығармашылық құжаттары
жеке
блог

 

ҚР ОМА БАҚЫТЖАН ҚАРАТАЕВТЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ҚҰЖАТТАРЫ

(Қазақстан Республикасы Орталық мелекеттік архив қоры құжаттары негізінде)

 

Асыл қазынаны қойнауына сақтаған қара шаңыраққа биыл бір ғасыр. Қоғамның түбегейлі әлеуметтік өзгеруіне байланысты өткен тарихтың тәжірибелерін зерттеу, оған ғылыми талдаулар жасау отандық тарих ғылымының негізі міндеті. Қазіргі таңда архив құжаттарына деген зерттеушілердің қызығушылықтары күннен күнге арттыруда. Оған себеп биылғы «Архив 2025» мемлекеттік бағдарламаның қабылдануы, осы бағдарлама аясында Қазақстан тарихына қатысты әлі де болса ғылыми айналымға түспеген архив құжаттарын анықтап, іздеп табу. Бұл біріншіден. Екіншіден, соңғы жылдары архив құжаттарының тарихи шындықты бейнелейтін маңызды, түпнұсқа дерек көзі ретінде маңыздылығы өсуде.

Еліміз егемендігін алып, цензура жойылып, халқымызға сөз бостандығы берілгелі, тарих тақырыбына қалам тартатындардың саны көбейіп кеткені белгілі. М. Қойгелдиев: «Бұл, жалпы алғанда, жағымды тұрғыдан бағалануға лайық... Өйткені халық өз тарихын білуге ұмтылса, ол халықтың тәні де, жаны да таза деген сөз. Болашақтан үміті бар халық қана тарихқа үңіледі» - деп айтқандай, тарихи әділеттілік тұрғысынан қазақ халқының шектелген құқтарын қалпына келтіруге атсалысу қажеттілігін ұғыну керек. Осыған қол жеткізу үшін, өз азаматтарымызбен қатар, елімізде тұрып жатқан өзге ұлт өкілдерін де тарихпен тәрбиелеу ләзім.  Ал тарихты жазу үшін ең құнды дерек көзі – архив қорлары.

 Архив құжаттары тарихи дерек ретінде Қазақстанның әлеуметтік, экономикалық және саяси дамуына тигізер әсері мол. Түпнұсқа деректерді тиімді пайдалану арқылы Қазақстан тарихының «ақтаңдақ» беттерін ашуға мүмкіндік туды. Осыған орай, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының қабылдануы бұл үрдістің дамуына ықпал етті. Ұлт көшбасшысы ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы: «Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ерте заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете оты­рып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сенім­мен бет алуын қалаймын» деп жазады. Бұл дегеніміз ХХІ ғасырдағы тарихи кезеңде өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды бұзбай, дәстүрімізді ұмытпай жаңғыруымыз керек.

Бүгінгі қайта жаңғырған Алаш зиялыларының еңбектері қазақы таным мен әлемдік мәдениетке сүбелі үлес қосуда. Сол ұлы тұлғалардың қай – қайсысы болсын, ұлтқа барын салып қызмет етуді басты мұрат еткен.

XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басы қазақ қоғамы үшін күреске толы кезең. Өйткені, Ресей үкіметінің қол астында болып, патша мен оның шенеуніктерінің езгісі мен тепкісін көрген қазақ халқы басқа бұратана халықтармен қатар өз азаттығы үшін күреске шықты. Бұл кезде қазақ қоғамында ұлттың еңсесін көтеріп, патша саясатына ашық түрде қарсы шыққан қазақ интеллигенциясының қатары қалыптаса бастауы, азаттық күресін сапалы жаңа сатыға көтеріп, елдің мәдени-рухани өсуіне үлкен жол ашып берді. Қазақ мүддесі үшін күрес жүргізген нар тұлғалы тұлғалардың бірі, II Мемлекеттік Думаның депутаты, заңгер - Бақытжан Бисәліұлы Қаратаев болды [1].

Қоғам қайраткерінің өмірі мен еңбектеріне жазылған ғылыми жұмыстар мен зерттеулер аз емес. Атап айтсам, Қойгелдиев М.Қ. «Алаш қозғалысы» [2],  Ысмағұлов М. «Революция сарбазы» [3], Қойшыбаев Б. «Бақытжан Қаратаев» [4] атты еңбектер тұлғаны жан-жақты сипаттап, сол қоғамдағы қалыптақан көзқарас пен саясатты көрсете білген. Дегенменде архив құжаттары негізінде тұлғаның еңбектеріне, соның ішінде күнделіктері мен естеліктеріне жеке деректанулық талдау жасап, ғылыми айналымға толық енгізілмеген.

Ғылыми мақаланың деректік негізін Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік  архивіндегі Б.Б. Қаратаев №1227 жеке қорының құжаттары құрайды.  Ғылыми тұрғыда ретке келтірілген істің саны – 7 дана, олар 1860 – 1934 жылдар аралығындағы құжаттар.    Әр істің өзіндік ерекшелігі бар және қайталанбас материалдарымен құнды болып келеді [5].

Алынған, архив материалдары бойынша, тұлғаның шығармашылық құжаттары 6 топқа бөлінді:

1.      Ірі ғылыми зерттеу жұмыстары

2.      Естеліктері

3.      Күнделіктері

4.      Мақалалары

5.      Автобиографиялар (Чапаев Дивизиясының құрамындағы солдаттардың өмірлерінен үзінділер)

6.      Хаттары

Шығармашылық құжаттарының ішінде басым бөлігі (70%) күнделіктері мен естеліктері құрайды. Сол кезеңде Б.Б. Қаратаев қана емес, басқа да зиялы қауым өкілдері өздерінің еңбектерінде қоғам өмірін сипаттап, патшаға наразы түстарын білдірген. Бірақ, Б.Б.Қаратаевтың бір ерекшелігі –тікелей заңдарды басшылыққа ала отырып, солардың негізінде кемшіліктерді, Патшалы Ресейдің бұрыс саясатын көрсетіп отырды, яғни заңгер болғандықтан, сол қырынан өзін басымырақ таныта білді. Ескеретін бір мәселе, ғылыми жұмыстарында көрініс тапқан сол кезеңдегі оқиғалар құпия болмаса да, әлі күнге дейін жан-жақты және толық зертелмеген түстары да аз емес.

ІІ Мемлекеттік Дума жұмысына қатысу үшін Петербургке жүрер қарсаңында Бақытжан Бисәліұлы Орал қаласында татар социал-демократтары шығарып тұрған «Орал» газетінің бетіне 1907 жылы 7 ақпанда «Орыс халқына ашық хат» деген тақырыппен өзінің болашақ депутаттық және қоғамдық –саяси қызметіне бағдарлама іспетті болған мақаласын жариялайды.Мұнда ол орыс шаруаларының қазақ жеріне көшірілуі орайына кеңінен жол беріліп келе жатқан заңсыздықтарды ашып көрсетті  [6]. 

1908 жылғы маусымның 15-і күнгі «Тургайская газетаның» №24 санында «К изданию киргизской газеты» атты мақала жарық көрді. Аталған мақалада Санкт-Петерборда қазақ тілінде газет, журнал және брошюралар шығару үшін қоғам ұйымдастырылу қажеттігін жазады.

Бақытжан Қаратаев 1911-1914 жылдарда Ордада, Оралда және Астраханьда шығарылған демократиялық бағыттағы «Қазақстан» газетіне жан-жақты жәрдем­десіп және онда өз мақалаларын да жария­лап отырған. Оның мақалалары қазақ еңбекшілеріне, зиялыларына терең ой берген, парасатты ақылға шақырған, халқы үшін қамқорлық болған үгіттер болды. «Қа­зақ­стан» газетінде жарияланған «Азамат­тарға бір-екі ауыз сөз» деген мақаласында «Балуан бірді, білімді мыңды жығады» деген ойды кең мағынада түсін­діре отырып, халқын ағартушылыққа, бі­лім­ге шақырған. Ол өзінің қоғамдық, саяси-экономикалық ой-пікірлерін жиі басылымдарға, «Пікір», «Құяш», «Уақыт» секілді татар тіліндегі жарық көрген баспасөз құралдары беттеріндегі де өзін толғандыратын мәселелерді үзбей ортаға салып отырған. [7, 55п].

1918 ж. наурызда «әскери үкімет» бүлік ұйымдастырып, обл. кеңес мүшелерін, (ішінде Қаратаев та бар) тұтқынға алады. «Бақытжан ауылына келіп, әскери күш жинау әрекетін жүргізіп жатыр»,-деген хабармен жіберілген ақ казак офицерлері 15 сәуірде Б.Қаратаевты тұтқындап,  Орал түрмесіне отырғызады. Б.Қаратаев басқа да көптеген большевикпен қара түнек айуан­дық тәртіптің қатал тұтқынында 285 күндей болды. Бұл туралы негізгі ақпарат көзі ҚР ОММ 1227-қоры, 1- тізім, «Отрывки из дневника тов. Б.Б. Каратаева, со время его заключения в Уральской тюрьме» атты 3-істе жазылған хаттардан көруге болады. 

Ірі ғылыми жұмыстармен 1931 жылы 16 тамызда Б. Қаратаев Орталық архив басқармасының ғылыми қызметкері болып тағайындалғаннан кейін айналыса бастайды. Басқарма Б.Қаратаевты, арнайы бағдарламасы бойынша, Қазақстанның 1916-1919 жылдар аралығындағы тарихын зерттеу мақсатында, Ақтөбе, Орал, Саратов, Орынбор қалаларына іссапарға жібереді. Ол іссапарда жүріп мұрағат, кітапхана қорларымен жұмыс жасап, халқымыздың тарихына қатысты құнды деректер жинайды.

Б. Қаратаевтың жан-жақты зерттеліп жазылған құнды еңбегі - «Обзор материалов из истории колонизации казахского края в связи с восстанием казахов Оренбургского края в 1869 году и в начале 1870-х годов». Патша өкіметінің саясатын әшкерелей жазған бұл еңбегін жазбас бұрын: «Процессе своей работы по собиранию материалов по истории казахского народа, я пришел к мысли, что я бы не прочь и даже желал бы составить попутно особую брошюру о восстании казахов в 1869 и 1870 годах...и т.к некоторые моменты восстания известны мне, как очевидцу, а некоторые моменты его известны мне по моему знакомству с вождями мятежа и из беседы с ними» - деп, осы кезең тарихын жазу маңыздылығын баяндайды [6, 112б]. Ғылыми жұмысты жазу барысында оқиғаны өз көзімен көріп, тікелей көтеріліске қатысушылармен сұхбат жүргізгендігін ескерсек, оқиғаның обьективтілік деңгейі қаншалықты жоғары екенін байқауға болады.

      Б. Қаратаев еңбегінде «Уақытша ереженің» енгізілуін: «Вдруг Временное положение обьявило казахам, что земли занимаемые казахскими кочевьями, признаются государственными и предоставляются в общественное пользование казахов. Это было для них ударом молнии в ясный день...Сразу же почувстовалось, что они теперь как будьто на чужой земле» - деп баға бере отырып, қазақ даласына әкелген зардаптары мен жерінен айырылған қазақтардың басына төнген ауыр жағдай мен шеккен қайғы-қасіретін ашық жазады [7, 18б]. Бұл еңбегінде өзінің жастайында куә болған мына оқиғаны: «Қазақтар неліктен орыс шенеуніктері мен мекемелеріне келгенде жалған сөйлеуге және алдауға бейім деген сұраққа Арғын руындағы кішкене Шекті бөлімінің беделді қазағы, Шеген батырдың немересі Қорғанбек Бірімжанов 1886 жылы, менің Петербург университетінің студенті кезімде, Торғай облысының әскери губернаторы генерал-лейтенант Барабашқа менің көз алдымда былай деді: «Қазақ халқының даналығы айтады – егер сен орыс шенеунігіне шын көңілден, жүрегіңмен ақтарылып шындықты айтсаң-ол саған сенбейді, ал егер сен оған қиыстырып тұрып, шебер тілмен өтірік айтсаң-құлай сенеді»-деп есіне алған [4, 177б].

Ал, Батыс Алаш зиялылары мен Алашорда үкіметін сыңға ала жазған «Из истории Алаш-Орды» еңбегінен, кеңестік тұрғыда жазылса да, алаш қайраткерлерінің сол кезеңдегі қоғамдық-саяси қызметтері, іс-әрекеттері туралы танысуға мүмкіндік береді [8].  Бұл еңбегі қор құжаттарының ішінде көлемі жағынан бір істі алып жатыр.

Сонымен қатар, Б.Қаратаевтың артында қалған шығармашылық мұрасының біразын өзі көріп куә болған және өзі қатынасқан революциялық-саяси оқиғалар, яғни «К истории революционного движения в Уральской губернии», 1905-1907 жылғы бірінші орыс революциясы тұсындағы Орал қаласындағы астыртын ұйымдардың қызметін баяндайды [9, 70б], 1919 жылы Торғайдағы Ә.Жангельдиннің екінші жорығын бейнелейтін «Первый полководец казахских частей - А.Джангельдин», Астрахан қаласында Қызыл әскер мен Партизан құрамындағы Гадиатуллы Гадальшинның «Қысқаша естеліктерінде», Орал қаласын орыс-казактардан азат етілуі туралы «Взятие города Уральска», «Гибель Чапаева» және т.б жөніндегі естелік жазбалар құрайды [10].

Б.Қаратаев ғылыми жұмыспен өмірінің соңына дейін айналысты. Денесін ауру меңзеп, төсек тартып жатса да, «біздің ұзақ өмірден көргеніміз, естігеніміз, тарихи әдебиеттерден кейбір білгеніміз қағазға түсе берсе игі еді деген мақсат» санаған Б. Қаратаев өз естеліктерін, көзқарастарын парақтарға жазып қалдырған. Дегенменде, еңбектері мен қоғамдық-саяси қызметін көрсететін біраз тарихи құжаттар Алматы, Орынбор, Мәскеу, Орал, Ақтөбе, Қызылорда, Атырау қалаларындағы мұрағаттарда сақталған, яғни орталықтандыру мәселесі әлі реттелмеген. Бұл, деректермен жұмыс жасауда, жариялауда, ғылыми жұмыс жазуда айтарлықтай кедергі келтіреді. 

Осыдан 100 жыл бұрын құрылған Алашорданың бүгінгі бейнесі – Тәуелсіз Қазақстан. Ал бүгінгі Қазақстанның алып жері Алаш арыстарының аманаты. Кубаның Хосе Мартин деген көсемі болған. Сол кісі: «Біздің елдің жоғары оқу орындары үшін антикалық мәдениетті, әдебиетті білу маңызды емес. Оларсыз да халық сауатты бола алады. Маңыздысы – отан тарихын білу» деген екен. Расында ұлтының тарихын, әдебиетін білмеген халықты басқа мәдениетке аудару оңай. Бізде қазіргі ұрпақ санасына елдің шынайы тарихын сіңіруіміз керек.

Ахмет Байтұрсынұлының сөзімен айтқанда «Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін», Мағжанның тілімен айтқанда «Мен жастарға сенемін» деп болашақ ұрпақ үшін тәуелсіздіктің алғышарттарын жасап кеткен еңбектері Егемен Қазақстанның қалыптасуының негізін қалауға мүмкіндік берді. Өз халқына осыншама еңбегі сіңген абзал ұлдары жөнінде бар дауыспен еркін айтуға тоталитаризм жылдарында мүмкін­діктер болмады. Енді бұл қате көзқарас түзетілуі тиіс. Қазақстанның азаттығы мен Тәуелсіздігі үшін ақылын, ерік-жігерін аямай, бар өмірін сарп еткен мемлекет қай­рат­керлерінің алдыңғы сапында әрқа­шанда Бақытжан Бисалыұлы Қаратаевтың есімі аталып, оның еңбектері қоғам алдында жарық көруі тиіс.

Тарих арқылы тәрбиелеудің жолдары да, тәсілдері де көп. Солардың бірі - отандық тарихи ойдың қалыптасуы мен даму үрдістерін зерттеу арқылы  ұрпақ бойына асыл сөздер мен ойларды дарыту. Алайда сол баға жетпес мұраны іздеу, табу және ең бастысы қоғамға жеткізе білу қажет. Биыл туғанына 160 жыл толатын қазақтың тұңғыш заңгері, қоғам қайраткері Бақытжан Қаратаевтың ел тарихында алар орны үлкен. Бірегей тұлғаның ұлт-азаттық көтерілістер және Қазақстандағы азамат соғысы тарихы туралы еңбектері әлі құндылығын жойған жоқ. Оның тұңғыш қазақ заңгері екендігін ескере отырып, республиканың ірі қалаларындағы заң саласы бойынша білім беретін оқу орындарына немесе колледж, мектептерге есімін берсе нұр үстіне нұр болар еді.

 

 

Әдебиеттер

1.      Уроки отечественной истории и возрождение казахстанского общества//ҚР Ғылым министрлiгi - ғылым академиясы ғалымдарының Халық бiрлiгi және ұлттық тарих жылына арналған ғылыми сессиясының материалдары, - Алматы: Қазақстан, 1999. - 175с.

2.      Қойгелдиев М.Қ. Алаш қозғалысы.  - Алматы, 1995. 340 - б.

3.      Ысмағұлов М. Революция сарбазы // Жалын. -  №1, - 1989.

4.      Қойшыбаев Б. Бақытжан Қаратаев. - Алматы: Ана тілі, 1993. - 184 б.

5.      Нaучно-техническaя обрaботкa документaльных мaтериaлов фондов личного происхождения. – Aлмa-Aтa, 1990. – 234 с.

6.      ҚР ОМА. - 1227-қор. - 1-тізбе. -  2-іс 141 б.

7.      ҚР ОМА. - 1227-қор. - 1-тізбе. -  1-іс. 74 б.

8.      ҚР ОМА. - 1227-қор. - 1-тізбе. -  5-іс. 103 б.

9.      ҚР ОМА. - 1227-қор. - 1-тізбе. -  4-іс. 78 б.

10.  ҚР ОМА. - 1227-қор. - 1-тізбе. -  7-іс. 399 б.

 

 

Сыдыкова Гүлжан Кеңесқызы

Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві

Ұлттық архив қорын қалыптастыру және заңды тұлғалардың архивтерімен жұмыс жасайтын бөлімінің архивисі