Қыз бала өз үйіне қонақ. Біз ата-анамыздың жанында мәңгі боламыз деп ойлап жүреміз. Жылдар өтеді. Бойжетеміз. Уақыты келгенде туған үйімізден бөтен үйге кетеміз. Табиғи құбылыс болып көрінгенмен, қызға бұл кезең өте ауыр тиетіні анық. Міне, дәл осы күн біздің де отбасымызға жетті. Сіңілім 16 жасында біздің үйге оқуға түсуге келген. Содан бері екеуіміз айырылмас егіз қозыдай болдық. Бірге қыдырдық, бірге ұйықтадық, барлық қызықты бірге көрдік. Қылықтарымыз, ойымыз, өмірге деген көқарасымыз бірдей болып кетті. Арамызда бір де бір сыр болмаған. Кей кездері ренжісіп те қалатынбыз. Бірақ ол өкпе-реніш көпке созылмайтын. Жазғы демалыста ол үйіне кеткенде өзіме сыймай кететінмін. Үш жыл бір үйде тұрып, нағашы-жиен емес, туған апалы-сіңілі болдық. Әлі де солай. Екеуіміздің бір-бірімізден алыста, басқа қалада жүргенімізге төрт жылдай болды. Соған қарамастан байланысымыз үзілмейді. Ұялы телефон, ғаламтор бар дегендей. Күнде хабарласып, жаңалықтарымызбен бөлісіп тұрамыз. Өткен аптада, уатсапқа аудиохабарламамен "Жақсы жаңалығым бар" деп жазып жіберіпті. Жүрегім бірден сезді ғой не екенін. Артынан "Жақын арада сырға салады" дегенде, көзіме жас толып кетті. Дереу қоңырау шалып, дауысын естіген бойда еріксіз жылап жібергенім бар. Екеуіміз екі жақтан еңіреп тұрмыз. Әрине, қуаныштың көз жасы бұл... бір жағынан қимастық сезім де бар. Адамның қуаныштан төбесі көкке жететін сәттер осындай кезде болады екен ғой деп қоям өзім. Мерейден бөлек апа-сіңілілерім бар ғой. Өте көп. Үш немере әпкем тұрмыста. Олар тұрмысқа шыққанда дәл бұндай күйде болмағам. Жиенімді ерекше жақын көрдім бе, білмеймін... әлі де қобалжып жүрмін. Бойжеткеніне көзім жетіп тұрса да, ол мен үшін әлі кіп-кішкентай. Күн жақындап қалды. Амандық болса Наурыз мейрамының артынан сырға салу рәсімін өткіземіз.
БАҚЫТТЫ БОЛ, ЖАНЫМ МЕНІҢ!!! Сенің бақытты жүзіңді көрсем, мен де бақытты болам!