Бақыт жайлы хикая

Бақыт жайлы хикая
жеке
блог

Бірде Бақыт орманды кезіп жүріп, абайсызда жығылып кетіп, шұңқырдың қақ ортасына түседі. Шарасыз күйіне шамданған ол отыра қалып жылайды. Кенет әлгі шұңқырдың жанынан өтіп бара жатқан бір адамның аяқ сыбдырын естіп қалып, Бақыт бар даусын салып, айқайлайды: «Мейірімді Адам! Мені мына шұңқырдан алып шығаршы.» «Құтқарсам, оны немен өтейсің?» - деп сұрайды Адам. «Ал өзің нені қалайсың?» - дейді Бақыт. «Мен теңіздің жағасына тұрғызылған ең қымбат әрі әсем зәулім үйім болғанын қалаймын.» Бақыт Адамның тілегін орындайды. Ал Адам қуанғанынан Бақыттың жайын ұмытып, әлгі зәулім үйге қарай жүгіріп кетеді. Ал шұңқырда қалып қойған Бақыт бұрынғысынан да қаттырақ жылайды. Шұңқырдың жанынан өтіп бара жатқан екінші адамды байқап, Бақыт оған бар даусын салып айқайлайды: «Мейірімді адам! Мені мына шұңқырдан алып шығаршы.» «Құтқарсам, оны немен өтейсің?» - деп сұрайды Адам. «Ал өзің нені қалайсың?» - дейді Бақыт. «Мен алуан түрлі маркалардан қымбат әрі ең әдемі машиналарым болғанын қалаймын». Бақыт екінші адамның да қалағанын орындайды. Сонда әлгі адам да қуанышы қойнына сыймай, Бақытты ұмытып, жүгіріп кете барады. Бақыт көмектен күдерін үзеді. Сонда манағы жерден өтіп бара жатқан үшінші адамды байқап, бар даусымен оған да айқайлайды: «Мейірімді адам! Мені мына шұңқырдан алып шығаршы». Ол адам Бақытты шұңқырдан шығарады да, ары қарай өз жолымен жүре береді. Құтқарылғанына қуанған Бақыт оның соңынан қуып жетіп, сұрайды: «Маған көмектескеніңнің есесіне не қалайсың?» Әлгі адам: «Маған ештеңенің де керегі жоқ» - деп жауап береді. Ал Бақыт болса, сол адамның соңынан қалмай, жанына мәңгі еріп жүре беріпті.