"Бақыт хаты" шынымен де бақыт әкеле ме?

Алты жастағы сәбиден бастап, алпысқа аяқ басқан қарт кісіге дейінгілері темір телефонға шұқшиған заман орнады. Керек десеңіз, әлі есі кірмеген бала кнопкалы телефонның экранын түртіп, сенсорлы телефонның "құлағында ойнайды". Оған таң қалып, таңдай қағатын кезден өтіп, қайта мұны мақтаныш тұтатын күйге жеттік.
 
Жылаған балаға планшет беріп жұбатамыз, зеріккен балаға ноутбук ұсынамыз. Оларға бұл гаджеттердің пайдалы тұстары да көп, әрине. Бірақ үнемі немен айналысып отырғанын бақылап, қалт еткенін қадағалап тұрмасақ, мардымсыз істің малайына айналып, пайдасынан зиянына көбірек ұрынатыны анық.
 
Интернет қолданушыларының 90 %-ы әлеуметтік желіде отырады. Сол желілерде "Бақыт хаты" деген атты жамылып алған мынадай сұрықсыз хаттар "желіп" жүр. Мысалы: "...Бүгін түнде сенін жүрегінің жартысы сені қатты суйетинин тусинеди ж/е мойындайды. Ертен сағат 13 : 00-16 : 00-де 1 жақсылық болады. Егер бұны оширсен алдағы 10 жылда 10 проблемаға жолыгасын. Ертен саған ұнайтын адам саған сезімін білдіреді құдай каласа. Ертен сенін ен жаксы күннен егер кешке сағат 12- ге дейн бұл смсти 20 досына жибермесен онда сенін махаббат тарихы аяқ талады. Бұл азил де отклик те емес. Жай көшірде барине тез тез осыны 14 адамға жіберсен ертен 10000 теңге табасын жібермесен маман өледі..". 
 
Осы бір сандырақты ары қарай таратпасаң "анаңнан айырыласың" деп айтуға қалай ғана ауыздары барады екен? Бес сөйлемнен құралған мәтін ішінде дені дұрыс, мағыналы бір сөз жоқ, қатеден көз сүрінеді. Мұндай "бақыт хатының" түп-төркіні католиктік қызметкерлерден бастау алса керек. Ең алғашында қағаз-хат арқылы жазып, таратып отырған екен. Қазір әлеуметтік желілер арқылы тез әрі тиімді тарату тәсілі табылған соң, бұл індет бізге де ауыз салып отыр. 

Спамдардың пайдасы мен зиянын сараптап, ақ-қарасының ара жігін ашып беру мақсатымен 7-40 жас аралығындағы адамдар арасында сауалнама жүргізген едік. Олардың барлығына да жоғарыдағы мәтін тектес спам хабарламалар келеді екен де, 89 пайызы ары қарай тарататын болып шықты. Сауалнамаға қатысушылардың 62 пайызы хабарлама мәтініне сенбесе де, зерігіп отырса өзгелерге жіберетіні, 33 пайызы күмәнмен қарай тұра, басқаларға тарататыны, 5 пайызы келген хаттағы аңызға сенетіні анықталды. "Хабарламаны жалғамай, жауапсыз қалдырса, жағымсыз жаңалық келетініне" сенетіндер 7-10 жас аралығындағы балалар екен. Ал іші пысып отыратын 62 пайызды құраған адамдардың зияны неше миллион адамға тиетінін өздеріңіз есептеп көріңіздер.
- Еріккеннің ермегі.
- "Ұйқыдағы қазақты оятуға" мақсатталып, ойдан құралады.
- Қоғам сауатсыздығына әкеп соқтырады.
- Ешкімге ешқандай пайдасы жоқ. 
- Уақытымызды босқа өлтіреміз. 
- Өзгелерді орынсыз мазалаймыз.
- Есі кірмеген баланың санасы уланып, психологиясы бұзылады. 

Шын мәнісінде бұл қолданушылар туралы ақпарат алу үшін қолдан жасалған құйтырқы тәсіл. Мұндай спамдық хабарламаларды бастап таратушылардың, шығарушылардың түпкі мақсаты өздерінің теріс идеяларын насихаттау, яғни халықты шошытып алмау үшін, әдеттегі жай нәрсе деп қарасын деген мақсатпен әдейі жасалған алғышарт болуы мүмкін. Сонымен бірге жарнамалық бөлімдер де осындай хабарламалар арқылы біз туралы мәлімет қорын жинап отырады. Электронды поштамызға беймәлім адрестен түрлі мәтіндегі хабарламалар келе беруіне де "бақыт хаттары" себепкер бола алады. Соқыр сенімге бой ұрып, артынан санымызды соғып қалмас үшін ресми сайттар мен бейресми сайттарға беретін электронды мекен-жайымыз екі түрлі болғаны абзал. Осы секілді "ақтың" атын жамылып, "қара істің" жетегінде жүрген "бақыт хаттарын" барынша таратпағаныңыз жөн.

Бір қарағанда түкке тұрғысыз мәселе секілді көрінгенмен, спамдар қаншалықты зиян екені көрініп тұр. Қандай іс істесек те, мақсатымыз айқын болса екен. Біреуге пайдамыз тимесе, тым болмаса кесіріміз келмейтін жағдай жасауға ұмтылайық, қадірлі оқырман!


Бөлісу: