Бақыт емес, сенің атың - САҒЫНЫШ!

Өршіттің-ау жүректегі кеселді

Шын қуанған күннің бәрі - сағым, түс.

Бақытым деп танып едім мен сені

Бақыт емес, сенің атың - САҒЫНЫШ!

 

Жолыққалы тағдырыңмен тағдырым

Ойлап жүрмін сені күндіз, түнде мен.

Нөсерлеткен көздерімнің жаңбырын

Ешкімде жоқ есімің бар МҰҢ деген!

 

Сырға малдың көңілімнің балағын

Сан жылаттың, онсыз да көп күлмеп ем.

Жарығым деп сені күнге баладым

Жарық емес, шын ныспың бар ТҮН деген!

 

Жыр-айдында жүрегімді батырдың

Содан бері әрбір күнім- сергелдең.

Жазбағанмен дастанымда атыңды

ӨЛЕҢ деген мәртебең бар мен берген!

 

Емдемеспін жанымдағы кеселді

Болғанменен өткен өмір - сағым, түс

Бақытым деп танып едім мен сені

Бақыт емес, сенің атың САҒЫНЫШ!

 

Авторы: Назерке СЕМЕЙ



Бөлісу: