Бақыт деген немене бұл, не өзі?...

Кеше бір әйел туралы жазбаны оқыдым, және сол әйел өз бақытын өз отбасымда таптым деп былай депті: "Қазір менің өмірімде бәрі керемет; бақытты болғанда күнделігіңе еш жазба да жаза алмай қаласың, себебі бақыт еш түсінікті талап етпейді." ("Я счастлива. Такое ощущение, словно тебе больше нечего писать в дневнике. Счастье не требует особых комментариев"). Ал сіздің пікіріңізше бақыт деген не?

Мұқағали Мақатаев үш бақытын былай өз өлеңімен суреттеген:

Ең бірінші бақытым – Халқым менің,
Соған берем ойымның алтын кенін.
Ол бар болса, мен бармын, қор болмаймын,
Қымбатырақ алтыннан нарқым менің.

Ал екінші бақытым – Тілім менің,
Тас жүректі тіліммен тілімдедім.
Кей – кейде дүниеден түңілсем де,
Қасиетті тілімнен түңілмедім.

Бақытым бар үшінші – Отан деген,
Құдай деген кім десе, Отан дер ем!
... Оты сөнген жалғанда жан барсың ба?
Ойланбай – ақ кел дағы от ал менен...

Ал Мұхтар Шахановтың бақыты - өлеңінде сипаттаған төрт анасы деуге болады: ана деген нағыз бақыт қой! Меніңше, осы екі ақынның өлеңдерінде жалпы ой-пікір ұқсастығын көруге болады.

...Әр адамда өз анасынан басқа да,
Ғұмырына етер мәңгi астана,
Демеп жүрер, жебеп жүрер арқада,
Болу керек құдiреттi төрт ана:
ТУҒАН ЖЕРI – түп қазығы, айбыны,
ТУҒАН ТIЛI – мәңгi өнеге айдыны,
ЖАН БАЙЛЫҒЫ, САЛТ-ДӘСТҮРI – тiрегi,
Қадамына шуақ шашар үнемi,
Және ТУҒАН ТАРИХЫ,
Еске алуға қаншама
Ауыр әрi қасiреттi болса да...

Осы үзіндерді оқығаннан соң, қазақ халқы шынында да бақытты деп ойлайсың, себебі бізде барлық Мұқағали мен Мұхтар Шаханов өлеңдерінде жазған бақыт бар. Өкінішке орай, көп адам өмірлеріндегі бар бақытына: тұған тіліне, жан байлығына, салт-дәстүріне және туған тарихына мән бермей, сыйламай өздерін бақытсыз деп жүреді.



Бөлісу: