Бақұл бол, аға!
блог
Бұл кісі менің жақын туысым. Сөзі де, ісі де сабырмен жасалатын. Ешкімнің ештемесімен ісі жоқ, өз өміріне тояттап, өткені мен өтеріне бағамдай ғарап жүретін сияқты. Артық ауыз сөзін естімеген біз бұл кісінің салмақтылығын үлкендердің қалыптасқан мінезі ғана көретінбіз. Кейін келе бұл қасиеттің екінің бірінде болмайтынына көз жеткіздік. Молшылық заманының, алқап даланың бергені шығар, кім білсін. Қазір ойлаймыз ғой, бастық болсақ, жылы жайда жылы орындықта қалай отырсақ деп, ағам болса мұндай пендешілікке ұмтылмайтын. Біз бақытты байлықтан іздегенде бұл кісі балабақшаның пешін жағатын. Көмірдің ысы сасып, қол-аяғы күйе болып жүруші еді. Бірақ өз ісіне қыңқ етпейтінін қалайша байқамағанбыз. Осылай қиыншылықты көру оның маңдайына жазылған, заңды ісі секілді көрінетін. Әжемнің әңгімесі ғой... Шудың Мойынқұм құмынан жеңілгендей болып сіңіп кететін тұсында Қарабөгет атты елді-мекенге жұт жетіпті. Малдың жаппай қырылуы кезінде біздің ағамыз жалғыз өзі 50-60 ірі-қараны тушалапты.
Ағам бүгін инсульт алып, қайтыс болған екен. Шешемнің айтуы бойынша, қандай да бір қиыншылыққа қарамастан ағам өлімнің өзін сабырмен қарсы алыпты. Айтылар, жазылар жақсылығы көп ағамның есімі Кәмалатдин.
Бақұл бол, аға!