Баһадүр болу арман!
блог
Баһадүр ұғымын талдамас бұрын өткен тарихымызға тоқтала кетсек артық болмас. Ата-бабаларымыздың ерлік салты, халқымыздың өмірімен дәстүрлері мен қиындыққа мойымас қайсар мінезі іргелі елдігіміздің кепілі. Бүгінде, еліміз тәуелсіздік тізгінін қолына алып, жаңа кезеңге аяқ басты. Бұл әрине қуантарлық жағдай. Есесіне, қазіргі жастардың көбі қазақ елінің даму тарихын, тұрмыс-тіршілігін біртуар тарихи тұлғаларымыздың ерліктері мен жасаған ерен еңбектерінен бейхабар болуы іштей қынжылтады. Осы мәселе қоғамда сын көтермей тұрғаны ащы болса да шындық.Өйткені бабаларымыздың мұқалмас қолбасшылығы, тұнған ақылы мен жан-жақты ғұламалығы кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Қазақ елінің ертеңі үшін толарсақтан саз кешіп, кеуделерін оқ пен найзаға төсеген небір айтулы тұлғалар болған. Осындай ұлы бабаларымыздың қатарына Сейітқұлұлы Жалаңтөс батырды жатқызуға болады. Өз заманының тұсында баһадүр атанған батырымызға аз-кем тоқталa кетсек... сол кездің ең шиеленісті оқиғалары мен шешуші шайқастарының жуан ортасында болып, ақыл-ерлігімен төңірегін тәнті еткен. Талай рет қан майданда жекпе-жекке шығып, жойқын ерліктер көрсетіп, сахара сарбаздарының арасында зор бедел де жинаған. Сонымен бірге, мемлекетті басқарумен, соғыс өнерін өркендетумен ғана айналысып қоймай, сәулет өнеріне, оқу-білімге де ерекше назар аударған. Осы тұста батыр жазушымыз Б.Момышұлының «батырлық – тәуекелмен ақылдың есебінен шығуы тиіс» деген ұлағатты сөзі еріксіз ойға оралады. Ендігі сөз тізгінін жоғарыда көп қолданған баһадүр ұғымының төркініне бұрайық. Баһадүр атағына адамзат қоғамының мүддесі үшін сын сағатта қолынан келген барлық мүмкіндікті жасай алатын тұлға лайықты. Бауыржан Момышұлының тағы бір өрелі ойын тілге тиек етсек, ешкім іштей батыр болып тумайды. Батырлық та мінез секілді өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады. Расында, батыр болып туу емес, ер болып қалыптасу міндетті.
Сондай-ақ, ерлік қолға қару ұстап жауға шабумен шектелмейді, неге десеңіз қолға қарудың орнына қалам ұстап, өткір де ащы ой айту майданмен бірдей. Шығыс ойшылы Муслихитдин Сағдидің сөзімен айтқанда, ерлік қолдың күші де, семсерді сілтей білу өнері де емес, ерлік – өзіне –өзі ие болып, әділ болу. Еркіндік, тәуелсіздік, азаттық өткен ғасырмен бүгінгі заманның айықпас арманы екені ақиқат! Осындай арман-мұқтаждардың жүзеге асуына, елеусіз қалмауына алаңдайтын тұлғалар ұлтжандылар. Олардың қатарына қоғамды қозғаушы, қоздырушы қаламгерлер қауымын жатқызуға болады. Аталмыш тұлғалардың батыл азаматтық ұстанымдары болуы қажет. Қандай десеңіз,өзі өмір сүрген дәуірдегі көкей-кесті мәселелердің астарына үңіліп, әлуметтік жағдайлардың мәнін ашып, түп тамырына дейін зерделей бойлап, әрі ашық нақпа- нақ талдау жасап, халықтың сөзін сөйлеген ұлтжанды азаматы атану. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, баһадүр болу арман ғана. Сол арманның орындалуы, біздің және болашақ жастардың еншісінде!