Бағың жансын, Мая қыз!

Бағың жансын, Мая қыз!
жеке
блог
Бүгін Маяны ұзатып құтты ұясына шығарып салып келдік. :)) 2012 жылғы Лондондағы Жазғы Олимпиада ойындарының чемпионы Мая Манеза Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеттің 3 курс студенті. Күйеу бала Вячеслав Ершов та штангист екен.
Университет ұжымы мен студенттері "Қыз Жібек" клубының ұйымдастыруымен қыз ұзату тойын қазақы дәстүрмен өткізді. Екі жұп та қазақ ұлтынан болмаса да, қазақтың ұлттық киімдерін киіп шықты. Ақ лимузинді ханзадамыз Мая аруға жетем дегенше алдынан арқан тартып шыққан ақ жеңгелерге көрімдігіне теңге шашып құтылды. Ректор Д.Жүсіпәліқызы аналық махаббат танытып, сәукелені өз қолымен кигізді. Арнау өлең айтылып, ардагер Сатимбеков Рыспай ақсақал екі жасқа бақыт тілеп, бата қайырды. Сыңсу айтылып, шаңырақ ішінен сыртқа дейін төселген ақ жолмен екі жұп бақытты өмірге бірге аттанды.
Ақ сапарға аттанар алдында Мая көпшілікке алғысын айтып, Рио-де-Жанейрода болатын Олимпиада ойындарынан тағы да алтын алып келуге уәдесін берді. Арнайы жайылған дастарханнан жұғысты болсын деп, дәм татып біз де үйімізге қайттық. Құрған шаңырақтары биік, керегесі кең болып, іші Алпамыс пен Толағайларға тола берсін демекпіз.:)