Бабалар салған сара жолмен

NIS халықаралық бакалавриат мектебінде дәстүрлі «Туған елге тағзым» өлкетану-зерттеу экспедициясы мәреге жақындап қалды.  Жобаға 2021-2022 оқу жылының қорытындысы бойынша мектептің үздік деп танылған «Каспий»  шаңырағының  40-қа жуық оқушысы қатысуда. 

Экспедицияның маршруттары елорда маңындағы мәдени-тарихи мұралармен танысып, зерттеуге бағытталған. 

Экспедицияның үшінші күні оқушылар ҚР Ұлттық музейінде өткен «Талғат Бигелдинов тұлғасы. Әскери тарих: диорама мен миниатюраларда» атты интерактивті музейлік сабаққа қатысты. 

Музей педагогикасы және балалар шығармашылығы бөлімі ұйымдастырған дәріске тарихшы-модельші Серік Амангелдіұлы, музейдің экскурсиялық жұмыстар, музей педагогикасы және экспозициялық залдарды сақтау қызметінің басшысы Жанар Сағымбайқызы және Нұр-Сұлтан қаласы Назарбаев зияткерлік мектебінің ұстаздары мен оқушылары қатысты.

Тарихи-танымдық жиын бүкіл саналы ғұмырын ерен ерлік пен батылдықтың, кәсіби шеберлік пен Отанға адалдықтың үлгісіне айналдырған Талғат Бигелдинов жайлы «Қыран текті» деректі фильмін тамашалаудан бастау алып, батырдың мәңгілік ұлы бейнесі мен халықтың оған деген шексіз құрметі жайлы тағылымды ой-пікірлерге ұласты.

Сабақ барысында тарихшы-модельші Серік Әбдірахманов балаларға соғыс даласында өткен шайқастардың қас-қағым сәттерін асқан шеберлікпен мұқият дәлдікпен жеткізетін сәндік-қолданбалы өнердің бір түрі – әскери-тарихи диорама өнерінің қыр-сырымен таныстырды. Балалар тарихи сәттерді жанды бейнеде жасап шыққан шебердің өз кәсібі мен тарихымыздағы айтулы сәттер жайлы пікірін қызығушылықпен тыңдап, автордың қолынан шыққан диорама мен миниатюраларды тамашалады. Басқосу 30-дан аса әскери-тарихи диорама жасап, еліміздегі бірқатар музей мен кино салаларындағы тарихи сәттерді бейнелеуге үлес қосып жүрген Серік Амангелдіұлының шығармашылығы жайлы сұрақтарға ұласты.


Іс-шара соңында келушілер ҚР Ұлттық музейінің қорында сақталған Талғат Бигелдиновтің құжаттары мен фотосуреттері қойылған көрмені тамашалады.

 



Бөлісу: