БАБАЛАР АМАНАТЫ

БАБАЛАР АМАНАТЫ
жеке
блог

 

– «Бір серкешке екі ер талтаңдайды», – деп Бәкең қайталады да, – мен бұл сөзді апамнан – Зейнептің мамасынан естігенмін. Оның мәнісін апам маған тәптіштеп түсіндірген болатын. Ертеде бір жолаушы тұманды күні адасып, аты да, өзі де әбден қалжырап келе жатып, шағын ауылға кезігеді. Үй таңдайтындай шамасы жоқ, ауылдың шетіндегі жұпыны үйге ат басын тірейді. Үй иелері қалжырап тұрған жолаушыны қабылдайды. Отағасының маңырамадан жеті-сегіз ешкісі бар екен. Бір серкешіне қонаққа бата жасатып, қонағасы беріп, қондырып аттандырады. Қонақ кеткен соң үй иесі аспанға қарап, қолын жайып:
– О, хақ тағала! Шаңырағыма мейман жібергеніңе тәубе! Бір азаматтың алдында жерге қарамай, марқа болмаса да, серкеш сойып, бұйырған несібесін алдына тартқаныма шүкір, шүкір! – деп Жаратушыға да, өзіне де разы болып, көңілі көлдей шалқыпты.
«Тәңір жарылқасынды» қайта-қайта айтып, қоштасып аттанған жолаушы ауылына аман-есен жетіпті. Келген соң ауылдастарына: «Жол азабын көріп, тарығып келе жатқанымда құдайым мені кісі қадірін білетін үйге кез келтірді. Сүйегіме дейін су өтіп, малмандай болған мені ат үстінен қайтармай, үйіне түсірді. Серкеш сойып күтіп, есімді жиғызды. Жасаған жақсылық берсін сол шаңыраққа!» – деп көңілі көк аспанға шыға мақтаныпты. Сөйтіп, бір серкеш екі ерді талтаңдатыпты, – деп Бәкең жатқа білетін әңгімесін айтып шықты.
Ата пейілденіп рақаттана күлді. Осылай мейірленіп күлгенде көзге көрінбейтін сиқырлы сәулелер үйге толып кеткендей, айнала көріктеніп сала береді. Алды қатты, өңі сұсты көрінетін атам жарқ етіп жадырап күлгенде қалтқысы жоқ жас баладан аумай қалады. 
– Тек қазақтың жаратылысына жарасып тұрған қасиет қой бұл! – деп ата ұшатын қырандай қомданып, екі иығы көтеріліп кетті. – Құдайдың құдіреті, әлгінде біз қонақ туралы сөйлеп отырғанбыз. Сенің серкешің соның жалғасындай ұласа кетті. Жоққа жүйрік жетпейді, бар болса, берген жақсы. «Жасырғаның жоғалар, бергенің оралар», – деп отырушы еді әжем марқұм. Ол кісі: «Берген үйде береке бар. «Берекем» деген – періштенің аты. Бермейтін үйде біте бар, «біте» деген – шайтанның аты. Пиғылы түзу адал адамның бергенінің есесін Алла өзі толтырады. Кіргеннің берекесін періштелер қорғап тұрады. Пейілден ортаймаңдар, мұқтажға қол созудан танбаңдар», – деп отырушы еді рахметлік. Айналып келгенде мұның бәрі – халқымыздың даралығы мен дарқандығы. Солай ма, Баха?
                       Зейнеп АХМЕТОВА, "Бабалар аманаты" кітабынан үзінді.