«Әзілің жарасса, атаңмен ойна»

«Әзілің жарасса, атаңмен ойна»
жеке
блог

Киноны көп көрмесем де, Джеймс ДеМонаконың «Сот түні» деген фильмінің сюжеті есімнен шығар емес. Болашақтағы әлемде қылмыс, жұмыссыздық, соғыс дегенің мүлдем болмайды. Осынау керемет үйлесімнің барлығы тек жылына бір келетін түннің арқасында.... Сол түні сіздің ашуыңызды келтірген бастығыңызды да, жүйкеңізді жұқартқан туысыңызды да, миыңызды ашытқан көршіңізді, жалпы кімді болсын өлтіруіңізге рұқсат беріледі. Бұл түні барлығына рұқсат – тек таңға дейін өзіңіз де аман болыңыз. Кеше Күлкі күні дейміз бе, Ақымақ мерекесі дейміз бе, әйтеуір мақсаты кімге болсын, бет-жүзіне қарамай, деңгей-дәргейін ескермей әзіл айтуға мүмкіндік берген күн маған соны еске салды.

«Кончита Вурст Астанаға келіп, концерт береді», «Бауыржан Жолшиев Қытай құрамасында ойын көрсетеді», «Әншілерді ашық-шашық киінуіне тыйым салатын заң қабылданды» секілді кешегі өтіріктердің қатарында менің атымнан да жалған сөз жазылып, «Асыл арна» телеарнасына қатысты әзіл болса да ыңғайсыз ақпараттар шығып жатты.

Әзілді бір кісідей түсінемін. Айтысып жүрген заманнан бері аузымнан шыққан әзілді орнымен пайдалануды өзіме әлі үйретіп жүрген жанмын. Қазекем тұңғышын «ыстығым», кенжесін «тәттім» деп ешкімнің көңіліне келмейтін, шамына тимейтін сөз айтудың хас шебері еді. Қарап тұрсаңыз, қазаны күймен естірту деген біздің ұлттың қаншалық сөз қадірін біліп, құдыретін сезінгеніне бір дәлел болса керек. «Әзілің жарасса, атаңмен ойна» дегенде «жарассаға» әзіл айтылатын адресаттың барлық өлшемдерін ескеру, оның жағдайын байқап, жарасатын сөзді іздеу, оны айтатын уақыты мен орнын тапжылмай білу, ол әзілді еститін басқа көздердің санынан мүдірмеуді сыйдырған емес пе еді? Қазір бұл қасиеттерден айрылып, әзіл болсын, ақыл болсын, «айтсам, құтылдым» деп бетін тырнап, көзін шұқығандай жеткізуге әуеспіз. Соған кеше куәгер болдық тағы да...

Әрине, әзілде кек жоқ. Бірақ, әзіл туғызған күлкіде шек жоқ. Одан бұрын өзің айтпаған сөзді көпшіліктің алдында айтты деп беру, сол арқылы жұртты жаңылыстырып, шатыстырып жатудың зор жауапкершілігі бар. Біреуді мазақтағаның — өзіңді азаптағаның. Сол қалжың ертең болмысқа, болмыс тағдырға айналып кетуі мүмкін. Мысқылдың түбі мүшкілден басқа жақсы ештеңеге апармаған. Бір аяқ қымыздың екі аяқ желігі бар дегендей, Күлкі күнін арқау етіп қана орынсыз әзіл айту осы сөздерді пернетақтасында терген кімге болсын, опа бермейді. Жартасқа тіл жаңғыртқандай болмайын, бірақ мәселе әзілге қарсылық, ойынды түсінбеуде емес, өтіріктің қосылғанында...

Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаның (с.ғ.с.) сахабаларына «Мұсылман қорқақ болуы мүмкін, сараң болуы мүмкін, бірақ мұсылманның ешқашан өтірікші болуы мүмкін емес» деген сөзін баршамыз білеміз. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әзілдің өзінде өтірікті тастаған адамға жәннаттың ортасынан үй беретіндігін айтқан (Әбу Дәуіт). Өтірікті әзіл күйінде айтсаң да, салмақты түрде қолдансаң да, еш ақталмайды. Жалғандықтың жарты тамшысы қосылса, ол сөзді қандай немен көмкерсең де, қалай көркемдесең де, айтушыға береке әкелмейді.

Сөздің тоқетері, өз-өзімізге құжат жинап жинап қайтеміз. Бас жаққа барыспай, аға-іні болып, бірінді қазақ бірің дос деп бауырмал боп жүргенге не жетсін! Алаштың баласы деген атқа лайық болу үшін аманатқа берік болмақ керек. Ал аманатқа берiк болу өзіңді әзіл болсын, өтіріктен барынша аулақ ұстауды меңзесе керек.

(С) Алаштың баласы  Мухамеджан Тазабек...