Әзіл-шыны аралас этимология
блог
"Әлемдегі барлық сөз қазақ тілінен шыққан" деген ойынымыз бар еді. Соны бір жаңғыртып көрейін. Алдымен сәл қызып алу үшін бәрі білетіндерінен бастайын.
Рессейдің ірі ет өндіруші-фабриканты қазақ жеріне жаңа рецептер іздеп келіпті-мыс. Қасында еріп жүрген тілмәші арқылы шұжық жасап отырған қазақтың әйелінен:
- Как вы это делаете? - деп сұрағанда әлгі әйел:
- Қолды баса отырып жасайды ғой, - деп жауап беріпті.
"Колды баса" бұрмаланып "колбаса" болып кетіпті.
Қазақтың "жаңғыл" деген сөзін естіген ағылшындар кез келген қалың орманды "Jungle" (джангл) - джунгли деп атайтын болыпты.
Салфетка - Сал бетке
Тушкан - Тышқан (шын болуы мүмкін)
Жапонның taberu (тамақтану) тәбеттен шыққан
Алтыншы ғасырдың басында Бертұр деген кісі кішкентей інісін ертіп, күнбатыс жаққа қарай алыс сапарға аттаныпты. Бірнеше жыл өте теңіздің ар жағындағы үлкен аралға келіп жетіпті. Көне заман емес пе, желгілікті халық жаппай жүнін сыртына қаратып тері тон киеді екен.Мұны көрген Бертұр:
- Мыналар өздері жүні жалбыраған бір ит сияқты! - депті. Содан бұл тайпалардың атауы бірит немесе бриттер болып кетіпті.
Бірер айдан соң Бертұр ауылын сағынып, еліне қайтып кетеді. Кетерінде біриттермен қалам деген інісіне қылышын сыйлайды. Бұрын-соңды мұндай кереметті көрмеген біриттер:
- Бұл қандай қару? - деп сұрағанда Бертұрдің інісі:
- Ағам "мені еске алып жүр" деп қалтырып кеткен сыйы ғой, - деп жауап береді. Біриттер содан бастап қылышты "ескалипжур" немесе Экскалибур деп атайтын болыпты.
Кейін біриттердің жеріне Еуропаның ну ормандарын мекендеген тайпалар шабуыл жасағанда, жас қазақ жігіті жаңа жерлестірінің басын біріктіріп, басқыншыларға төтеп береді. Нуормандықтарды (тарихта "Нормандар") жеңген соң, біриттер оны өздерінің көсемі етіп сайлайды. Жаңа көсем бұйрығымен зәулім тас қамал салына бастайды. Біриттер сүйікті көсемдерінің әмірін орындау үшін жанын аямай еңбектеніпті. Құрылыс толығымен аяқталған соң, Бертұрдың інісі той жасап, тойда сөз сөйлеп:
- Әрқайсыңның маңдайынан жүз тамшы тер тамды, - деген екен. "Жүз тер" біртіндеп Честерге айналған.
Бертұрдың інісі он бір серігімен қамалдың бір бөлмесінде жиналады екен. Бөлменің ортасындағы ошақта жанып тұрған отты ол "кәміл от" дегендіктен, қамалды да халық Камелот деп кетіпті. Отырыстарына ыңғайлы болу үшін үлкен дөңгелек жозы жасатыпты. Сол жозыны айнала отыратын он екі серінің әрқайсысының қазақша жыл атауларына сәйкес қалқандарына салатын белгісі болыпты. Кейдікі - мешін, Мордредтікі - жылан, Ланселотікі - барыс, тағы сол сияқты (басқаларын білмейді екем).
Айтпақшы, Бертұрдың інісінің есімі Әрітұр екенін айтуды ұмытып кетіппін ғой! Кішкентай кезінде аға-апкелеріне сүйкеніп, жағаласып жүреді екен. Оған бәрі:
- Өй, әрі тұршы! - дей беріп, аты Әрітұр болып кетіпті.
Ұйықтағанда қатты қорылдайды екен, сондықтан Әрітұрды бәрі сыртынан "қорылдақ Әрітұр" деп мазақтайтын көрінеді. Біртіндеп олары қысқарып "Қорыл Әрітұр" - "Король Артур" болып, тарихта, халық аңыздарында сол атпен қалыпты.
Біриттердің отаны "Біритотан", кейін келе Британияға айналыпты.
Тағы өрбітуге болар еді, бірақ шаршап кеттім. Адам стёбтан да шаршайды екен^_^
Бұрын сағат-сағат бойы ойнай беруші едік, қартая бастағам ғой.