Шығысқазақстандық балуанның Қытай боз кілемінде атой салғанын дүйім қазақ жұрты тегіс тамашалады десек қапы айтпағанымыз. Жүріп өткен жолына тағы бір көз жүгіртсек. Бірінші айналымда моңғол спортшысы Отгонбаяр Батсууримен жолықты. Белдесу 8:1 есебімен Даниярдың пайдасына шешілді. Айтпағанымыз кездесудегі есеп емес, спортшының әкесі, әрі бапкері Әлібек Нүкеновтың ішкі толғанысына да үңіліп көрмекпіз.
– Моңғол балуанымен ұстасып күресе бастағанда, іштей уайымның болғаны рас. Физикалық тұрғыда Даниярға еш есе жібермейтіні көрініп тұрды. Жеңіп кетуі мүмкін дегеннен гөрі, шаршатып тастай ма деген ойда болдым. Сәтін салып, Данияр да ширақ қимылдауға көше бастады. Қарсыласының әдісін алдын алудың арқасында, айқын жеңіске жете білді, – дейді Әлібек Қайсаұлы.
Спортшының өзі де осы пікірді растады. Отандасымыздың айтуынша, Моңғолия елінің өкілі 23 жасқа дейінгі Азия чемпионы екен. Осыдан-ақ, одан қауіп күтуге болатыны анық еді. «Өте жас спортшы. Өз елінде 74 келінің тізгінін ұстап келеді. Алғашқы белдесу болғандықтан, өзімді барынша жинақы ұстадым. Кей тұстарда күтіп, арагідік қарсы әддіс жасауға тырыстым» дейді Данияр. Одан ары өзбекстандық Вадим Присяжнюкпен жолыққанда белдесу тізгінін толықтай өз қолына ала білген. Азия чемпионының айтуынша, онымен оқу-жаттығу жиынында жолығып, күрес мәнерімен де жақсы таныс екен. Қорытындысында, есеп 12:0 болып, қазақстандық спортшының пайдасына жазылды. Даниярдың әкесі болмай қалған жартылай финал жайлы да ой бөлісті. «Ақтық сын жолдамасы сарапқа салынар тұста бахрейндік Адам Батыровтың кілемге шықпайтыны мәлім болды. Бір жағынан бұл Даниярға тынығуға берілген жақсы мүмкіндік еді, ал тағы бір тұсы – екеуінің белдесуі шиеленіске толы болар ма еді деген сұрақтың көкейде қалуы. Не дегенмен, Батыров жасы келсе де, шеберлігі шыңдалған балуан. Өз кезегінде, Данияр психологиялық тұрғыда да жақсы әзірлікте болды» деді ол. Кезек финалға келіп жеткенде, анасы Нұргүл Нүкенова да тақым қысып, қатты қобалжығанын жеткізді.
– Үндістаннан келген балуандар чемпионат кезінде өздерін жаңа қырынан көрсеткені рас. Ұлыма мықты қарсылас түсті. Дегенмен, Данияр да спорттық бабында еді. Екеуі де финалға бергісіз белдесу көрсетті. Төреші ұлымның қолын көтергенде төккен тердің зая кетпегенін есіме алып, Жаратқанға мың да бір алғыс білдірдім. Енді жарақаттардан ада болып, Әлем чемпионатында ел намысын қорғайды деген сенімдемін, – деді анасы.
Осылайша, 74 келідегі құрлықтық чемпионат жеңімпазының қалай өнер көрсеткенін тағы бір шолып өттік. Теміржол вокзалында да біршама жағымды, жарқын сәттер болды. Даниярдың туған туыстарынан бөлек, Семей спорт академиясының, спорт-интернаттың талантты балуандары, алғашқы бапкері Мейірбек Байжанов келіп, жүрекжарды құттықтауларын жеткізді. Бірі Азия чемпионымен естелік суретке түсуге асықса, бірі жеңіс тұғырындағы алған әсерін сұрап жатты. Келген жас балуандар арасында халықаралық жарыстың, Азия біріншілігінің жүлдегері Сұлтан Құрманалиев, Ілияс Ерболатов сынды болашағынан зор үміт күттіретін өрендер болды. Даниярдың ендігі ізін басатын солар десек артық айтпаспыз. Айта кетейік, аталған балуандар жуық арада ауқымды халықаралық турнирге жол тартпақ.
Даниярға бала күнінде білгенін үйретіп, алғаш жарыстарға шығарған бапкері Мейірбек Қазезұлы да шәкіртінің нағыз бабында болғанын айтты. Осының алдында Белорусь еліндегі «Стайки» спорт базасындағы оқу-жаттығу жиыны оң нәтижесін берген екен.
– Енді осы қарқыннан қайтпауы керек. Азуы алты қарыс Фрэнк Чамизо, Заурбек Сидаков, Джордан Барроуз сынды балуандар қателіктерді кешірмейді. Алдағы уақытта олармен де шеберлік байқасудың сәті түсер, – деді бапкері.
Шығысқазақстандық балуандардың сапалы оқу-жаттығуларына қатысып, тыңғылықты әзірлік жасауларына облыстық грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының Президенті Марат Мұзаппаровтың, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының үлкен қолдау білдіріп жатқанын айта кеткен абзал.
Данияр Қайсановтың Шығыс Қазақстан облысы, Көкпекті ауданының тумасы екенін айта кеткен орынды. Алайда біраз уақыттан бері Семей қаласында тұрып жатыр. Балуан ертең-ақ Алматыдағы АИБА спорт базасына ат басын бұрады. Мамырдың 10-нан бастап оқу-жаттығу жиынына кіріседі. Одан іле, бірнеше турнирде бақ сынамақ.
Әділхан Есімханов, Шығыс Қазақстан облысы.