Азғантай ғана, азғантай ғана өмір бер,
Жылдардың сансыз қажеті жанға шамалы.
Ұлғайтып қайтем жүректе жатқан жараны?
Найзағай болып жарқ ете қалсам, жарады!
Азғантай ғана, азғантай ғана өмір бер!
Тірліктің күйкі қажеті жанға шамалы,
Қайтемін жұтып біреуге қажет ауаны?
Қыран боп жалғыз самғасам көкте, жарады!
Азғантай ғана, азғантай ғана өмір бер!
Күндердің шексіз қажеті жанға шамалы.
Кірлетпей кетсем сенгіштеу сәби сананы,
Сәби боп өтсем, сәби боп өтсем, жарады!
Әділ БОТПАНОВ
Бұл - қызылордалық ақынның менде сақталған өлеңі. Бұйра шашты, қыран қабақты, тәкаппарлау көрінетін ақынның өлең оқығанына талай куә болдым. Ол кезде Табылды ағаның әндері дүркіреп тұрған кез. Осы өлеңді оқып отырып Бауыржан Үсеновті де есіме алдым. 90-жылдардың ерекше жаралған үш мықтысы. Иә, үш мықтысы. «Үшеуі де мықты! Қалай бірге жер басып жүрген дейсің...» деп таңғалды Ержан Байтілес бауырым... Шынымен... Ерекше жаратылған жандар еді. Әділ ақын сенгіштеу сәби санасын кірлетпеген күйі жоқ болып кетті. Жұлдызға айналып кетті ме екен... Аспандағы сансыз жұлдызға қарағанда кейде осылай ойлаймын... Өзінің «Махаббат диалогындағы»:
– Өлсем ше? Иә, өлсем нетер едің?
– Ақ бөз боп өзіңді орап кетер едім... – дегеніндей, біз білмейтін ғашығын ақ бөз болып орап кетті ме, кім білсін...
«Әділді өлді деп кім айтты саған? Ол хабарсыз кетті. Жоқ. «Аман ердің аты шығады» деген. Аман болсын, бір жерде жүрген шығар...». Бір оқырманы осылай деп шырылдайды. «Бір жерде» жүрген Әділ аман болса, оралар... Көз көрмеген соң жамандыққа сене қоймайтын құрғыр көңіліңді осылай жұбатасың... Бауыржан ақын да жоқ арамызда. Ал «Табылдың бір кездегі әні екен деп, Соңымнан зарлап жүрсін қалың адай...» деп кеткен Табылды ақынның соңынан қалың қазақ зарлап жүр... Тек өлгеннен кейін...