Тәуелсіздіктің тағы бір ақ таңы сібірлеп атып келеді. Таңмен таласа тұрып, жолға шықтық. Түркістанға. Киелі шаһарға.
Бағытымыз - Түркістан қаласында орналасқан тарихи-этнографиялық мұражай. Қазақ халқының мұрасы мен рухани қазынасының этноорталығы бұл.
Көлік терезесінен сыртқа көз тастадым. Шексіз де шетсіз кең дала. Көсіліп жатыр. Ұшы-қиыры жоқ осынау кең байтақ жерді көзінің қарашығындай сақтап, біздерге мұраға қалдырған ата-бабаларымызға мың алғыс! Тәубе дестік.
Біз мінген көлік «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» тас жолымен зулап келеді. Бұдан екі-үш жыл бұрын алты жолақты тақтайдай тегіс жол салынады деп ойладық па?!
Өз ойыммен арпалысып отырып, екі сағаттың қалай өтіп кеткенін де аңғармай қалыппын.
Бұл этнорталықты 2010 жылдың 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні қарсаңында елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі келіп ашқан.
Мені қызықтырғаны, екінші қабаттағы «Қазақ хандығы және Түркістан – Қазақ хандығының Ақ Ордасы» атты экспозициялық зал болды.
"Қазақ тарихының бастауы тым тереңде жатыр. Таңбалы тастағы белгілер. Орхон Енесей жазулары. Әріректе Түркі қағанаты, беріректе Алтын Орда мен Ақ орда дәуірі. Сосын Қазақ хандығы болып жалғаса береді. Көбірек тілге тиек болатыны осы қазақ атауын ресми алған кезеңіміз. Оған да, міне, келесі жылы бес жарым ғасыр толғалы отыр.
Керей мен Жәнібек XV ғасырдың екінші жартысында Әбілқайыр хандығы мен Моғолстанның құлдырауын пайдаланып, қазақтар мекен еткен бүкіл аумақты біріктіру жолында күрес бастады. Бұл туралы Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарих-и Рашиди» атты шығармасында жазып кеткен.
1480 жылы Жәнібек хан қайтыс болғаннан кейін жолы үлкен Керейдің ұлы Бұрындық таққа отырады. Одан кейін Жәнібектің ұлы Қасым билікті өз қолына алады. 1511-23 жылдары билік тізгіні Қасым ханның қолына көшкенде ішкі және сыртқы саяси жағдай жақсара түскен.
Қасым ханнан кейінгі Қазақ хандығын нығайтуға зор үлес қосқан Ақназар еді. Ол елді 42 жыл биледі. Ел басқару мен әскери-саяси салада ерекше қабілетімен көзге түсті. Ол ел билеген тұста сауда-саттық пен ішкі жағдай жақсарған.
Еңсегей бойлы Ер Есімнің басқарған 1628-1645 жылдары Қазақ хандығының дәуірлеген кезеңі болды. Сыртқы жауларға тойтарыс беріліп, хандықты ыдыратпақ болған Тұрсын хан өлтірілді. Ташкент мемлекеттің орталығына айналды.
Ал Тәуке хан (1680-1718) таққа отырғанда Қазақ хандығының ішкі және сыртқы саясаты әлсіреген тұсы еді. Арқа мен Шығыстан жоңғарлардың шабуылы өршіп тұрды. Осындай қиын кезеңде хандық құрған Тәуке хан ең алдымен Ресей мен оңтүстіктегі көрші елдермен қарым-қатынасын түзеді. Ішкі дау-жанжалды тоқтатты.
Әз-Тәукеден кейін қазақ еліне ерен еңбек сіңірген – Абылай хан. Ол бірнеше хандыққа ыдырап кеткен қазақтың еңсесін қайта тіктеген. Қазақ жері қалмақтардан толық тазартылды. Ресей, Қытай секілді алып мемлекеттермен сауда, экономикалық қарым-қатынас орнатылды. Аумалы-төкпелі заманда қазақ мемлекетін күшейтіп кетті.
Әр дәуірлерде елдің еңсесін тіктеп, нығайта түскен қадау-қадау ұлы тұлғаларымыз туралы әңгіме естіген сайын кеудемді мақтаныш сезімі кернеді.
Этноорталықтың таныстырушысы Сәкен Мұратбекұлы азаттық жолында сүрлеу соқпақ жол салған тұлғаларды тағы бір еске түсірді.
Тәубе дестім бүгініме. Бабалардың арманы орындалды.
Далаға шықтым. Қыстың ызғары сезіледі.
Қарсы алдымда Қожа Ахмет Иассауи кесенесі.
Қолда бар мәліметтер бойынша мұнда қазақ халқының 21 хан-сұлтаны, батырлары мен игі жақсылары жерленген. ХV ғасырдың аяғынан ХІХ ғасырдың бірінші ширегіне дейін Түркістанда қазақ хандарының ордасы орналасқан кезде хан ордасы саналған. Мұнда ел басқару және дипломатиялық істер, әскери келіссөздер өткізіліп отырған. Әбілхайыр хан (1468 ж), Рәбия Сұлтан Бегім (1485 ж), Абылай хан (1780 ж), Есім хан (1797 ж) құлпытастары осында.
Іштей дұға етуде ұмытпадық.
Біз бақытты ұрпақпыз.
Тәуелсіздік жолында құрбан болған, кеудесін оққа төсеген барша ата-бабаларымыздың, аға-әпкелеріміздің алдында мәңгілік борыштармыз. Басымызды иеміз! Көк туым көкте желбіре мәңгі!