Азаматтық некеге тұру дұрыс па???

Азаматтық некеге тұру дұрыс па???
жеке
блог

Кейінгі жылдары қоғам ішінде қызу пікірталасқа түсіп жүрген «азаматтық неке» мәселесін жақтаушылардың асығы алшысынан түсіп тұрғаны рас. Өйткені, бұрын тек кинодан көретін және көбінесе басқа ұлт өкілдері арасында болатын азаматтық неке бойынша өмір сүру құбылысынан бүгінде өзіміздің қарадомалақтар да айналып өтіп жатқан жоқ. Заң жүзінде мүлдем қарастырылмаған азаматтық некені халық арасында «еркін махаббат» немесе «іс жүзіндегі неке» деп те атайды. Бұл сөздердің астарынан «ойнастық», «ашыналық» ұғымдарын көру қиын емес. Ислам да, өзге діндер де тыйым салған бұл құбылыс жер қайысқан жаһандастыру толқынымен «жабайы батыстан» келген еді.

Әңгімемізге арқау болған “азаматтық неке” – дiни некенi мойындамайды, мемлекеттiк органның тiркеуiнен де өтпейдi, әрi Қазақстан Республикасының “Неке және Отбасы туралы” Заңында ол туралы ешқандай түсiнiктеме берiлмеген, сондықтан заң өкiлдерi мұны “бейресми некелесу” деп қана атайды.

Қазақтың діліне де, дініне де жат «азаматтық неке» жағдайында қаншама қандас бауырларымыздың өмір сүріп жатқанын дөп басып айту мүмкін емес шығар. Оның бәрін ресми санаған ешкім жоқ. Дегенмен, жастар арасында «азаматтық некеге» деген «оң» көзқарастың туындап келе жатқаны айдан анық. Мұның сыры болмысымызға тән жылтырағанға қызығушылықта жатыр деп топшылауға болады. Қазақ қоғамында батысқа деген елеңдеушілік, «дамыған» өркениетке талпынушылық бар. Ал тіпті еркек пен еркектің қосылуына, әйел мен әйелдің заңды неке құруына «жасыл шам» жағып отырған «жабайы батыс» үшін азаматтық неке дегенің не болыпты? Бүгінде соның әсерінен бе Ресей телеарналарының көбі бұл некені тек жақсы етіп қана насихаттауға құмар-ақ.

«Азаматтық неке» құбылысының қоғамға демографиялық, рухани және басқа да  зардаптары жайында еліміздегі белгілі тұлғалар аузынан айтылып, бірқатар жетекші басылымдар тарапынан жазылып та келеді. Мамандардың есептеуінше, азаматтық некемен өмір сүрген жастардың 80 пайызы кейін бір-бірінмен жараспай, айырылысады екен. Тек бестен бірінің ғана дәм-тұзы жарасып, ерлі-зайыпты атанатын көрінеді. Еліміздегі Дағдарыс орталықтары одағының мәліметіне сүйенсек, онда жыл сайын «азаматтық некеге» тұрып, алданып қалған 15-20 әйел көмек сұрап келеді екен. Оның үстіне, бүгінгі таңда кәмелетке толмаған балалардың 22 пайызы некесіз туған деген дерек бар. Мұның бәрі еліміздің демографиялық жағдайына оразан зор кесірін тигізері айдан анық.

Бір-бірімен тек ашыналық қатынаста болуды көздеген немесе жұмыс карьерасын ғана ойлап, бала табуды кейінге ысырған жастар көбіне «азаматтық некеге» тұруды құп көреді. Өйткені, бұл кез келген уақытта қосылып, кез келген сәтте айырыла салатын ең «оңай» неке екені рас.

үние жүзінде мұндай адамзат санасын улайтын жалған пікірдің нәтижесінен миллиондаған адамдар азап шегуде. Оның салдарынан мыңдаған отбасы бұзылып, қаншама балалар тірі жетімге айналуда. Жезөкшелік пен азғындық көбейіп, СПИД секілді қауіп төндірген, қисапсыз бәлекет алып келген әртүрлі аурулар пайда болуда. Сондықтан, кейбір елдер секілді еліміздің БАҚ-ы некесіз, отбасынсыз өмір сүруді уағыздайтын тақырыптарға жол бермеуі тиіс. Өкінішке орай қазіргі таңда ата дініміз бен ділімізге мүлдем қайшы келетін бейне клиптер мен кинолардан аяқ алып жүре алмайсыз. Қолдан жасалған мұндай азғындықты қайта түзету басқалар сияқты миллиондап қаржыны ысырап етумен қатар өмірден өз бармағымызды тістеп өтеріміз хақ.