Айып етпеңіздер!
блог
Мендік сезімді қалай атауға болатындығын білмей далмын. Мүмкін, ғашықпын, әлде жай бір қимастық сезімі мазамды қашырды ма екен?! Мен өзімнің не сүйетіндігімді, не сүймей, қимай жүргенімді білмеймін. Тек ол жанның жүзіме күлкі сыйлап, жанымды жадырататындығы шынайы. Бар білгенім - сол. Бар білгім келетіндігі - сол. Шыным да - сол. Бұл махаббат па? Меніңше, бұл махаббаттан гөрі түсініксіз бір сезім-ау деймін. Себебі, мен оны көрмей, үнін естімей, жүре беремін. Тіпті, бір уақ ұмытып кететіндігім де бар. Осы жайттардың барлығын ескеретін болсақ, демек, менің ғашық болмағаным ғой. Ал, ол кісіні көріп қалсам, болмаса, кездесіп қалсам, өмірім түгілі, ойымның тас-талқаны шығады. Бар жан-тәнім беріліп кетеді. Ойлай бергім келеді. Әр сәтті ойлап, әр қимылың еске алып, күлемін. Жүрегім жылиды. Мен ол жанды өзіме жақын тартамын. Бірақ, сүймеймін. Сүйе алмаймын. Біз алты жыл бұрын жолықтық. Сол кезден бері жолдастығымыз үзілмеді. Әрине, араға жыл, ай, күндер салып, араласпай кететініміз бар. Бірақ, біреуіміз хабар бергенде, екіншіміз жауап қатамыз. Және әңгімеміз жарасып кете береді. Айтады ғой, бір толқынның адамдары секілді. Бұл жазбаны жазбайтын едім. Бірақ, кешеден бері ойымнан шықпай қойды. Жұмысым жайына қалып, ішім жылып сала берді. Тіпті, күннің суық аязына қарамастан, күлкім келе береді. Тәнім тоңса да, жаным жадырап жүр. Бәрі өткінші. Бір-екі күннен кейін бұл жайтта ұмыт болады. Сонда мен бұрынғы қалпыма келемін. Іздемеймін. Мүмкін, бір-екі айдан кейін қайта хабарласармыз. Менің осындай әсер үстінде жазған жазбама айып етпеңіздер. Тек өзімді түсінгім келеді. Бұл сезім махаббат бола алмайды. Мүмкін, қимастық... Мүмкін, мен сезімге шөліркеп қалған жан шығармын. Тым қатты...
"Хомяк", сен менің өмірімді өзгерттің. Қай жағына екендігін білмеймін. Бірақ, сенің маған жақын адам екенінді сеземін. Бақытты болшы, әйтеуір. Адаспай, өз жолыңды тапшы. Мен үндемей ғана байқаушы болайын. Қолдайтынымды әркез білесің ғой. Сен бәрін білесің. Үндемей, сыр бермегенін үшін рахмет...