Айым менің

Айым менің
жеке
блог

Өзгеше күй боп тұнған еркелігің,
Мендік сезім пернесін шертеді мың.
Ең басты кейіпкері күнім сенсің
Қиялымда өрбіген ертегінің.

Көңілімді аударар күлкің бірден,
Әр қылығың жүйкемді сілкіндірген.
Өмірімнің сүйкүмді айысың сен
Жаныма сыйлайтұғын күй түрлі үнмен.

Сен гүлімсің, жарқыным жаңа ашылған
Өзіңе алқа тағам бар асылдан.
Неге екенін сені әр сәт көрген сайын,
Көңілім жай таба алмай аласұрғам.

Өлеңімнен алғайсың жанымды ұғып,
Сен бар кезде атады таңым күліп.
Өн бойыңа жарасқан үйлесіммен,
Сыйлаған-ау тәп-тәтті Тәңір қылық.

Көздеріңнен сыр толы жайды ұғынам,
Біздерге жат болсыншы қайғы, күмән.
Есіміңе үйлескен тұла бойың,
Жаратылған шынымен Ай нұрынан.