Аюп пайғамбардың өмірбаяны

Аюп пайғамбардың өмірбаяны
жеке
блог
Ақсақал ақынның өлеңдеріне үңілсеңіз, дәуірінің даусын естисіз. Жүрген жолын, түрлі тағдырларды танисыз. Кейіпкерлері көбінесе, ауылдағы көрші-қолаң, өзімен таныс-біліс, қызметтес адамдар болып келеді. Жырларымен замандастарының кеспір, келбетін сомдайды. Кейбірінің ұнамсыз әрекеттерін әжуалай отырып, содан кейіпкерінің де қорытынды шығарып, сабақ алғанын айтады.Оларды мансұқтап, табалап, келеке етпейді, қайта, кейінгілер сол келеңсіз жайттарды қайталамаса, осыдан ой түйіп, үлгі-өнеге алса дейді. "Аюп пайғамбардың өмірбаяны" атты шығармасы да тұнған ғибрат. Әр нәрсеге сабырлы болуға шақырады. "Сабырдың түбі- сары алтын" екенін көрсетеді. Кітапты парақтағанда, әрбір өлеңі адам рухын тәрбиелейтін дінмен сабақтасып жатқанын аңғаруға болады. Демалыста ауылға барған сайын атам маған өз дастандарын тергізуші еді. Солардың басын қосып 2014 жылы "Мирас" деген жинақ шығардық. Жинақтан "Аюп пайғамбардың өмірбаяны" атты дастанын түгел жариялап отырмыз...



Аюп пайғамбардың өмірбаяны

Аталы сөзге тоқтаңдар,
Тура сөзге тулама!
Анасы емшек бермейді,
Жыламаса балаға.
Бірінші менің айтарым,
Ниетіңді турала.
Екіншіден айтарым,
Қадам бассаң ұмытпа,
Жатқызғын тілді тәубаға.
Үшінші және айтарым,
Намаздың айтып ниетін,
Жүзіңді бұрғын құбылаға.
Кеуліңнен шайтан қашады,
Келтірсең тілді кәлимаға.
Кешпейтұғын Алланың,
Бір күнәсі бар дейді,
Намазыңды ұрлама.
Көп қылдым деп күнәні,
Рақымынан Алланың,
Мақұрым болып құр қалма.
Таудай күнәң болса да,
Дәп қылады тәуба күнаға.
Жоқтан бар қып жаратқан,
Шүкір дейік Аллаға.
Өлшеулі өмір өткен соң,
Ажал-нәубет жеткен соң,
Ғибадат сөзін қалдырып,
Жөнеді қанша ғұлама.
Сөз бастайтын шешендер,
Көш бастайтын көсемдер,
Шығыса алмай дүниемен,
Жөнеді кетіп бұлар да.
Алланың досы Мұхаммед,
Үммәтім деп, үммәт деп,
Мұңайып айтты бұл сөзді,
Кеудеден жаны шығарда.
Сенбеген бұл сөзге,
Көздерін салсын Құранға.
Рақым қылшы, бір Құдай,
Асыл жаны бәндеңе,
Қам сүт емген бәндеңнің,
Салмағын басын әуреге.
Ұялатпа жамандық,
Алтын сандық кеудеңе.
Атасы дұшпан, ит-шайтан,
Қысастығы қалмайды,
Өле-өлгенше бәндеге.
Әзәзіл шайтан азғырса,
Тіліңді келтір кәлимаға.
........................................
Бұл шайтанның ілімі,
Мәлім болған баршаға,
Ағайынды үш-төртеу,
Жын-шайтан, ібіліс,
Назарына ілінсең,
Құтылып кету қиын іс.
Адамды жолдан айнытып,
Азғыру деген бұларға,
Міндетті болған бір жұмыс.
Әр күні кешке жиналып,
Азғыру жайлы адамды,
Құрады екен мәжіліс.
Жамандықты жақтаған,
Бұларда жоқ әділ іс.
Шабуылға шығыңдар,
Жатқанда ұйықтап ел тыныш,
Шәлкем, шалыс жүргенге,
Молдаларға жолама,
Оқып жүрген күнделік,
Бес уақытта намазын,
Қарсы дуа оқыса,
Қанатыңды күйдіріп,
Тигізеді залалын,
Күл-қоқыс жерде жүрсеңдер,
Қызады сонда базарың.
Құзырына кіргенде,
Денсаулыққа пайда болып,
Уытын да ішкізіп,
Арақ пенен бозаның.
Қанағат кетсе қарыннан,
Тоймайды көзі адамның,
Ішпесе құрып құлқыны,
Құрбыға тамақ боп қалса,
Көреді өзі-ақ азабын.
Дайындап қойған күн бұрын,
Баратын жерін белгілеп,
Жаһаннамның тозағын.
Жабысқан кезде жазылмай,
Салмасын басты әуреге.
Оқыған намазың, аятың,
Дәп қылады осылай,
Төтеннен келген пәлеге.
Молдекелер айтыңдар,
Бұл сөзім жөнге келе ме,
Жөніне келсе бір сөзім,
Маған да бата беріңдер.
Таусылмайтын күш-қуат,
Берсін деп Алла береке!

***
Бар кеселдің дауасын,
Іздеп тапқан ғұлама.
Ибн-Сина ғалымның,
Жолын қуған бір дана.
Денсаулықтың қадірін,
Қастерлеген бір ғана.
Алла нәсіп етпесе,
Пәндесі амал қыла ма?!
Несібесін зор қылып,
Әз айдаған бір Алла.
Алланың атын жат етіп,
Жадыңнан әсте шығарма.
Ақиқатқа барғанда,
Бір шыбындай жан артық,
Деп айтыпты Құранда.
Бір күні Алла ой қыпты,
Сүйген құлы Аюпты,
Бір кеселмен сынауға.
Ойда жоқта Аюпқа,
Кездесті жаман тұмау да.
Мұрыннан су, көзден жас ағып,
Айналды арты ылаңға,
Емшінің емі қонбастан,
Шаршады әбден бұлар да.
Батса да жанға кеселі,
Мұңаймады бұған да.
Дерт берген Алла шипа деп,
Жата берді сиынып,
Жаратқан жалғыз Құдайға.

Емшілердің емінен,
Ешнәрсе де шықпады.
Ұзақ жатып қалғаннан,
Жамбастары жара боп,
Ақырында құрттады.
Әлек болды әйелі,
Құртамын деп құрттарды.
Азайып қалған шығар деп,
Азанда тұрып көрсеңіз,
Қылқиып қарап тұрғаны,
Ежірейіп мұрттары.
Бері қарар түрі жоқ,
Кеселді Құдай мықтады.
Шаршаған қатып, шалықтап,
Бір күні жатып ұйықтады.
Біреудің болды елесі,
Әуре болма, шырағым,
Бұл құрттың бар егесі.
Ішінде жүр төресі.
Назар салып қарашы,
Не нәрсеге ұқсайды,
Бұл құрттардың денесі,
Бір кейпі пілге ұқсайды,
Қанға толы өңеші,
Содан-ақ мәлім емес пе,
Бұл құрттың тегін емесі?!
Алланың өзі құртады.
Ауырып жатқан адамның,
Қабыл болса тәубесі.

Ақырында Аюптың,
Аяқ-қолы сал болды.
Далаға кіріп, шыға алмай,
Жарығын да жалғанның,
Бір көруге зар болды.
Тірідей құртқа таланып,
Қызыл ала қан болды.
Айтып-айтпай немене,
Бір асылдың задасы,
Ақырында қор болды.
Құрттар да жаман қағынды,
Қағынбаса не қылды?!
Денесіне Аюптың,
Тас кенедей жабылды.

Құрттардың көріп сыңайын,
Қатыны өксіп жылады.
Алладан медет сұрады.
Батса да жанға кеселі,
Аюп бұған шыдады.
Құдіреттің ісі деп,
Уайым-қайғы қылмады.
Сабырлығы Аюптың,
Аллаға қатты ұнады.

Әз айдаған пендең бар,
Қайда барсаң әз депті.
Ол пенденің бір Алла,
Денсаулығын зор қыпты.
Қор айдаған бәндем бар,
Қайда барсам қор депті.
Сары алтын деп сабырды,
Кейінгілерге жол қыпты.
Тірідей құртқа таланып,
Қинапты дейді Аюпты.
Жерге түскен бір құртты,
Несібең сенің менде деп,
Орнына қайта қойыпты.
Айтып-айтпай немене,
Заманында Аюптың,
Осындай істер болыпты.

Қор айдаған пенденнің,
Біреуі Алла мен бе едім?!
Аюбым ауырып жатқалы,
Бір жақсылық көрмедім,
Кеселіне шүкірлік,
Ажалыңды бермегін.
Күндіз-түні жүгірген,
Кетпесін бекер еңбегім.
Бар айыбын кеше гөр,
Қам сүт емген пендеңнің.
Бұл жалғанның қызығы,
Байлығы да денсаулық.
Денсаулық деген зор байлық.
Денсаулықтың арқасы,
Ойды-қырды айналып,
Жүргеніміз аралап.
Денсаулықтың қадірін,
Білмейді екен бұл адам,
Жүргенде дені сау болып.
Қызықтың бәрі алда деп,
Жүріппіз ғой алданып,
Санаменен сарғайып,
Далада қалдым сандалып.

***
Тігер тұяқ қалған жоқ,
Жалғыз сиыр сауынды,
Сатып жіберді оны да.
Айран, шалап, сүт сұрап,
Азар қылдым ауылды,
Ары-сары болып тұр еді,
Бір жанашыр табылды.
Әзәзіл шайтан адам боп,
Әйелді келіп азғырды.
Көтеріп көңілін көктем қып,
Жадыратып жанын мәз қылды.
Мына жатқан жолдасың,
Екі-үш күннен қалмайды.
Қалғанменен түзеліп,
Енді адам болмайды.
Адам болған күнде де,
Негізі ақыры оңбайды.

Ертең өліп қалған соң,
Қырда қалып қызылың,
Жарда қалып жасылың,
Неге ойламайсын,
Кетіп бара жатқанын,
Ілгері қарай жасыңның.
Көтере жығыл басыңды.
Қадіріңе жететін,
Біруге тауып қосылғын.
Не керегі бар енді,
Бұл сияқты масылдың.
Қобалжып тұрғанның қатынның,
Ұрлады солай ақылын.

Әйелдің Аюпқа айтқан бір сөзі:

Аталы сөзге тоқтаған,
Ақылы дария теңізім.
Ел сыйлаған адам еді,
Ата-баба тегіңіз.
Уызында жарыған,
Адам еді негізің.
Ажыраған жоқ еді,
Сыңарындай егіздің,
Жаннаттың кәусар суындай,
Аузыңнан шыққан лебізің.
Ішпесімді ішкізіп,
Жемесімді жегіздің.
Өмірлік дос жанашыр,
Серігім едің өзімнің.
Абыройыңды сақтадым,
Қарасындай көзімнің.
Жөні бар екен бұрынғы,
Даналардың сөзінің.
Рұқсат қағаз беріңіз,
Халықта бар теңіміз.
Дүниеге бос келіп,
Босқа енді кетем бе.
Айтқаныма сеніңіз,
Таңдауды қойып өзіме,
Кимесімді кигіздің.
Қатарымның алды қып,
Алшаңдап басып жүргіздің.
Көңілімді көтеріп,
Көк дөненге мінгіздің.
Ауру кіріп әлек боп,
Мойныма қамыт ілгіздің.
Бір қайғыны ойласам,
Мың қайғыны қозғайды.
Жоқтығы бізде ұл-қыздың.
Ақырым қандай болар деп,
Ойланамын күндіз-түн.
Кетіп қалсаң сен ертең,
Не болады біздің күн?

--Жайғастырып кетсейші,
Айдан ашық жесір боп,
Мен бүйтіп жатқанда,
Көлденең болам кесір боп,
Байы бар тірі деген сөз,
Соңыңнан еріп қалмайды.
Батылы барып сонан соң,
Ешкім сені алмайды.
Қайтып келер есікті,
Қатты жауып жүрсеңіз,
Бәрінен жаман сол қайғы.
Үш талақ емес, жүз талақ,
Кете бер енді салдақы....!

Қатын кетті долданып,
Түйіншегін қолға алып.
Қалай жүрсем жағам деп,
Біраз қылды жорғалық.
Ешкім оны алған жоқ,
Көшеде қалды сандалып.

Әйелі кетіп қалған соң,
Аюп та жаман қысылды,
Иманын өзі үйіріп,
Ажалға мойын ұсынды.

Алланың шапағаты болды анық,
Кездесті өлмегенге өлі балық.
Әкім Лұқпан данышпан ғұламаның,
Өзі келіп қалыпты, хабарланып.
Тамыр ұстап кеселін ажыратып,
Құрттарды тыншытты бір дем салып.
Буы шығып бұрқыраған бір бұлаққа,
Аюпты кешіктірмей салды апарып.
Қаумалаумен бұлаққа түсті дейді,
Суынан қайта-қайта ішті дейді.
Жеті түрлі кеселді дауалайды,
Бұл бұлақтың қасиеті күшті дейді.

Майдай жағып маңызы,
Көптен бері көрмеген,
Жақсылық болды алғашқы,
Көзінің де нұры ашылып,
Көретін болды жан-жақты,
Буындары қатайып,
Аяқты да дәл басты.
Қолдары келіп икемге,
Сипалап көрді жамбасты.
Құрттың бәрі төгіліп,
Бір де бір құрт қалмапты,
Таппаған адам амалды,
Алланың болды зауалы.
Рақымы келсе Алланың,
Есебін өзі табады.
Шомылып әбден жуынды,
Кетірді қан мен іріңді.
Тұла бойға қан жүріп,
Қалпына келді бұрынғы.
Сүлгімен сүртіп тазалап,
Таза кимі киінді.
Көптен бері жүрмеген,
Қара жер басты табаны.
Сүйінші тілеп жүгірді,
Өзінің бір адамы.
Аман-есен қауышты,
Құшақтап іні-ағаны.
Құлан таза айықты,
Кеселдің емі табылды.
Алланың түсті мейірімі,
Болғаны үшін сабырлы.

Менен шыққан сөз емес,
Құранның тілі анық-ты.
Көп күн көрген азабы,
Бір күнгідей болған жоқ,
Аман-есен айықты.
Құрт жеп қойған денесі,
Ет бітіп қайта толықты.
Қатынды қайтып алғың деп,
Алладан башрат болыпты.
Тастап кеткен әйелі,
Ынтызар болып жолықты.
Жүз талақтың орнына,
Жүз масақпен бір ұрып,
Орындады антты.
Сабыр түбі сары алтын,
Деген сөздер біздерге,
Пайғамбардан қалыпты.
Сүрінбей өтіп сынақтан,
Аюп пайғамбар болыпты.
Бар кеселдің дауасын.
Әкім Лұқпан данышпан,
Іздеп жүріп тауыпты.
Кеселді небір қауіпті,
Ішін жарып ақтарып,
Кеселді тауып алыпты.
Операция жасау да,
Бұл кісіден қалыпты.
Өсиет жазып қалдырған,
Бар кеселдің дауасын,
Қалса осылар қалар еді,
Бұлар да жөнеп кетіпті,
Ажалдың таппай айласын.
Батыр қалса, қалар еді,
Жердің жүзін билеген.
Зұлқарнайын Ескендір,
Құрулы тұрған талқыға,
Бұлар да келіп ұрынды.
Желбіреп тұрған тулары,
Қас-қағымда жығылды.
Шалқып өткен күндердің,
Қадірі өтті бұрынғы.
Қатесі болса кешіңдер,
Айттым ғой біраз сырымды.
Жалықпасаңдар тағы айтамын,
Ендігі қалған шынымды.
Күтіп тұрмыз мінуге,
Дарияға салған кемеге.
Ілінуге сәл қап тұр,
Көздеулі тұрған жебеге.
Жастардан Құдай сақтасын,
Орнымен келсе мақұл ғой,
Көп жасаған көнеге.
Қашан ажал келгенше,
Үйретеді жастарға,
Үлгі менен өнеге.
Алданып қалма малданып,
Дәрмені жоқ дәмеге.
Әзәзіл шайтан азғырып,
Болмаңдар душар бәлеге.
Ащы таяқ тигізбе,
Тұщы етіңе, денеңе.
Мүңкір, Нәңкүр періштенің,
Қолында бар дейді селебе.
Бейізмақ боп жүрмеңдер,
Кешеді Алла дегенге.
Еңбек қылыңдар ерінбей,
Бекерге жатып, семірмей.
Рақым қылса бір Алла,
Боласын пейіш төріндей.

Аллаға ұнап жатса қылған кәсіп,
Жәннәтты кәні бізге қылса нәсіп.
Алланың әз айлаған пенделері,
Пейішке кіріп жатыр есік ашып.
Не ішіп, не жеймін деп ойламаңдар,
Алдыңа кеп тұрады өзі пісіп.
Жеп болып Аллаху әкбар десең болды,
Қайтадан пәрәнді боп кетеді ұшып.
Бар дейді жеті тозақ, сегіз пейіш,
Пейіштің ішінде жоқ ешбір кеміс.
Не ішіп, не жеймін деп ойламаңдар,
Тамылжып пісіп тұрған түрлі жеміс.
Пейіштің қол жетпейтін мәуелері.
Алдына кеп тұрады басын иіп.
Жәннаттың жайнап тұрар жұлдыздары.
Алланың әз айлаған ұл-қыздары.
Алдында пәйік болып, қызмет қылар.
Біркелкі сұлу-сымбат үр қыздары.
Құдайдың құдіретіне қараңдаршы,
Қарауға көз, айтуға тіл жетпейді,
Беймәлім кімнің қашан тұрғызғаны.
 
Әліқожа ДӘУЛЕТОВ