Айтыстың қасиеті кетті ме, әлде, Елбасымыз бен Астанамыздың беделі қалмады ма...

Айтыстың қасиеті кетті ме, әлде, Елбасымыз бен Астанамыздың беделі қалмады ма?

Шілденің 8-9 күндері Астана қаласында «Қазақстан» концерт залында «Ел.Елбасы.Астана» атты Республикалық ақындар айтысы өтті.

      Қазақ қазақ болғалы бірге өсіп келе жатқан төл өнеріміз бірнеше жыл бұрын биліктегі көкелеріміздің қолпаштауымен телераналардан алынып тасталған еді. Осылайша айтыстың жолы шорт кесіліп, тағдыры талас пен талқыға түсті. Шынында сол шешім барша жұртшылықты күңірентіп, биліктен көңілдерін қалдырған еді. Әйткенмен, бұл шындықтың шыңын бағындырып, халықтың мұң-мұқтажын айқын айтатын айтыскерлердің колына кісен, аяғына тұсау бола алмады. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп тек алға қадам басты. Еліміздің түпкір түпкірінде шама-шарқыға қарап бірен-саран айтыстар өткізіліп келеді. Бұл дәстүрлі өнерімізге деген құрметін аямайтын азаматтарымыз бен қолдайтын халқымыздың ыстық ықыласының арқасында жалғасып келеді.  «Айтыс»  дегенде ішкен асын жерге қоятын ағаларымыз болғанменен, билік қарсы шығып шыр-пыр болып жатса, артық сөйлеген ақындарымыз «отырса опақ, тұрса сопақ» болып жүрсе, қанша белесті бағындырар екен, жауға шапқан арғымақтың да бір күні арып, әлсіреуі табиғи емес пе?

      Елордамыздың 15 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған іс-шаралардың ішінде айтыс та орын алды. Жүрсін Ерманов бастаған ақындар  ауылы да Астананың туған күніне арнайы өз тартуларын дайындады. Қазақстанның түпкір-түпкірінен суырып салмалығымен ел аузына ілігіп жүрген дүлдүлдеріміз Астананың төріне бет алған еді. Телеарналардан барлық шаралар жіпке тізгендей айтылап, жарнамаланып жатты. Мемлекет қаржысына шетелден жұлдыздар келіп, думандатқанда айтысымыз тағы жетімсіреді. Телеарна түгілі көшеге ілінген жарнамаларға жау тигендей тисіп, алып тасталына беріп ұйымдастырушылардың құтын қашырды.

Сонымен Ақ Ордамен іргелес кереге тіккен концерт залының айтыс сүйер қауым екі күн бойы табалдырығын тоздырды.  «Патша біреу, халқымыз тіреу болса» деген тілекпен сахна төріне шыққан ақындардың көмейінен аққан жыр Елбасы мен Елорданы ұлықтаумен басталды. Өрені биік өр тұлғалы ақындарымыз «Елінің ертеңін емірене ойлап, еңірей уайымдайтын есіл ерлеріміз еңсесін биік ұстап еңбегін аямаса, елу елді елеңдете, екпінді езулерді елемей екінші орынды да иеленетіміз сөзсіз!» деп халқымыздың көкейіндегі ризашылықтары мен сенімдерін жеткізіп, елбасының ерен еңбегі, өмір жолы арқау болған жырларымен талайды тамсандырды. Алай да «тақырыптан ауытқу» (ауыспалы мағынада) жақсы белең алды. Айтар болсақ, жақында ғана Байқоңырда болған апат жиі тілге тиек болды. Мұхтар Ниязов «Ішіңде протон жарса дағы, ішек-қарнын сүйреп тойлап жүрсің» деп сөз тарқатса, Нұрмат ақын  сөзін - «Көршінің соқырлығын қорғаймыз деп, ағалар көз жұмудан шаршамады-ау» деумен түйіндеді. Көзі ашық көкелеріміздің бар іске көз жұмуына ашынған ағайын қиқулап, қол шапалақтарын аямай ақындарға ілтипаттарын білдірді. Ал Иранғайып Дүйсенбай, жас та болса бас болам деп жүрген ақын «Айтысты жапқан көкелерім, Байқоңырды жапсаңдар жөн болар еді» деп бір көсілді. Одан өзге Талғат Мұсабаевтің адамгершіліктен аттап, өтірік көлгірсуін де назардан тыс қалдырмады. Мұхтар Ниязов «Протонның жаңбыры жауған жерден Нұр ағамның нұры жауған жерге келдім» деп ойын ашық жеткізді, тіпті әзілмен қарсыласына «Алшақ отыр, радияциям өтіп кетеді» дегенде сөзді салмаққа салып тыңдаған адамның жүрегі қан жылады. Шындығында да, оңтүстігіміз 600 тонна уға уланып жатса, Астанада 600 килограмдық тортқа тойып жатты, Қызылорда қайғыдан қан жұтқанда, Астана тойлаудан қолы босамаған болатын. 

Ақындарымыз түрлі-түрлі ақылға симайтын заңдар қабылдап, өздері түсіне алмай жүрген заңдарын халыққа түсіндіремін деушілерді ақылға келіп, «шетелдің емес, өз еліміздің ертеңін ойла» деп бассыздық әрекеттерден тиылуларын сұрап жатты. Жемқорлар мен ақша жымқырып шетел асқыштар, елінің ертеңі бұлыңғырланып жатқанда креслосында бейқам отырып ұйықтайтындар сынға ілікті. Мейірбек Сұлтанхан бір сөзінде:

Қатал шара қолданып жазалаймыз,

Дейді сақшы «көшеде түкірмеңдер».

Ең алдымен заң алдында жауап берсін,

Елімнің ертеңіне түкіргендер.

...Айтыс табиғатынан нитралды өнер. Айтыста «өгіз де өлмеуі керек, арба да сынбауы тиіс». Ол әр түрлі қоғамдық түйіткілді мәселелерді қозғап қопарғанымен ештене өзгертпеуі мүмкін, ондай билік ақындарда жоқ, тек сол сөздер арқылы ел алдына міндет қоя алады. Халықтың рухани жадысы. Суырып салу, терең ойланып, саяси жағдайларды шолу кемелді ой иелерінің ғана қолынан келеді. Шынында қазіргі ақындарды дарын деп айту керек. Зермен байқап қарасақ, жас ақындар бой көрсете бастады. Жиырманың ар жақ бер жағындағы ақындардың аламанға қосылуының екі себебі ғана бар. Бірі – қазаққа біткен табиғи қасиет, екіншісі – соңғы жылға дейін телеарналардан үздіксіз беріліп, көрермен назарына ұсынылып отырған айтыстар. Ал қазір телеарна қойып халық алдына шығуы мұңға айналды. Ендеше, «біздің ұрпақ немен сусындамақ» деген сұрақтар қазіргі айтыс сүйер қауымның да мазасын алары хақ. Сонымен, Астананы дүркіреткен айтыста жастар басымдылық танытқанын жасырмау керек. Бас жүлдені Бекарыс Шойбеков алғанымен, кейінгі орындарда Мейірбек Сұлтанхан, Мұхтар Ниязов, Біржан Байтуов, Ержеңіс Әбдиев есімді жас ақындар топ жарып жүлде иелері атанды. Жаңа буынға жолдарын беріп, шын ықыластарымен ақ жол тілеп, айтыстың салтанатты өтуіне Сара Тоқтамысова, Серікзат Дүйсенғазин, Айнұр Тұрсынбаева, Еркебұлан Қайназаров, Айтбай Жұмағұлов, Бақыт Жақпаров сынды жапырағын жайқалтып, тамырын кеңге салған айтыскерлеріміз болды. Одан өзге Сырым Әуезхан, Қанат Мырзахан, Аспанбек Тастеміров, Иранғайып Дүйсенбайдай «Жүрсіннің жас жүйріктері» де бәйгеден оза келген тайбурылдарындай жүйіткіді.  

Еліміздің елеулі мерекесі болып, ат шаптырып, бәйге беретін  Астананың туған күніне келсе де орынсыз жұмсалатын қаражатты сөз етті, шама-шарқымызға қарамай ысырапшылдығымызды тыйсақ, көйлекке қарап көсілсек, билік те аман, ел де тоқ болар еді деп налығандықтарын жоққа шығармай ашық  айтып жатты. Осы тұста Қанат «Басқанын өлген күнін ұмытса да,патшаның туған күнін тойлайтұғын» десе, Серікзат Дүйсенғазин: «Басқа тойды тойламасаң тойлама, Астанамның туған күні тойлансын» деді. Астана күннен күнге көркейіп мерейлене түскенімен басқа қалалардың қирау алдында тұрғанын Ержеңіс Әбдиев «Шұлығының тесігін жамамай ма, бар тапқанын басына кие бермей» деп тұспалдады.

Айтыскер ақындардың көп нәрсені қазбалап, сөздерін сүйектен өткізетініне қанықпыз. Жол да айтылды, көше де, қала да айтылды, ауыл да, дала да, ана мен бала, билік пен халық, дәстүр мен батыс өркениеті, бәрі қамтылды. Қоғамдағы, саясаттағы, жер жаһандағы мұрныңның ұшына дейін келіп тұрған мәселелерді түгендеді. Соның бірі  - Ел ордамыздағы пәтер құнының шектен тыс қымбаттығы    «75 мың жалақы алып 80 мыңға пәтер жалдайтын қазағым» деп немесе, «Үй түгілі үйшік ала алмаса, не қате, «Арман қала» дегендерде» деуімен «Арман қала Астананың баршамыздың арманымызға айналып бара жатқандығын Бекарыс ақын баса қозғады.

Серікзат Дүйсенғазин мерекеге орай президентіміздің қабылдауында болыпты. Бар мүмкіндігімді, минут-секундымды пайдаланып айтыс жайлы айтып, «Патшаға көптен қолы жетпей жүүрген, Жүрсіннің орындадым аманатын» деп патшамыздың алдында арда айтысымыздың қазіргі хал-ахуалын баяндағанын жеткізді. Бұл, әрине,  баршамызды марқайтты, көкірегімізге үміт шырағын жақты. Тағы бір қуантарлық жағдай Сарарқаның төрінде өткен думанды тартысты Қазақстан Ұлттық Телеарнасы бастан-аяқ  түсірді, жақын арада эфирге шығарамыз деп уәде бергендей болды. Сол шын болып, айтысымыз көгілдір экранға оралса үлкен жетістік болар еді...

Осы күнге дейін аламан айтысқа 190-ға жуық «Темір тұлпар» тігіліп ақшалай сыйлар берілді. Бұл халық қазынасынан жымқырылған, қанап алынған ақша емес, «өнерім өлмесе» деп қалталарындағысын шама-шарқынша айтыс тарландарының қанжығаларын майлауға жұмсады. «Айтысты қуатты идеялогиялық қару ретінде пайдалан керек» деп Жүрсін Ерманов өз сөзінде айтып кеткен болатын. Айтыс тек күрделі мәселелерге ғана емес, тәрбие, өнер, рухани азық пен көңіл көтерерлік орынды әзіл-қалжыңдарға да құралады. Сол арқылы жадымыз қайта өңделіп, өмірге көз қарастарымыз дұрыс арнаға түсе бастайды. Кейде айтыстың демеушілері өз мүддесіне қарай пайдалану мүмкін. Ақындар да ыққа жығылады, кімнің не естігісі келетінін түсініп алған. Кей кездерде айтыстың астарында қаламасақ та саясат тұруы мүмкін, дегенмен, пайдасын жоққа шығарып, даттап тастау ессіздің ісі. Осы сөздер де Жүрсін Ермановтың ашынғанда айтқаны болатын. Есік демей, төр демей асылдың сынықтары, айтыскер ақындарын, айтысын белеске шығарамын деп жан ұшыратын Жүкеңнің еңбегін бағаламау мүмкін емес. «Айтыс пен қараша қазақтың арасын жалғап жүрген алтын көпіріміздей» болған көкеміздің қия басқан сәттері де болды, дегенмен, жасаған жақсылықтарын ұмытпауымыз керек.

Бәрін айт та бірін айт, осы күнге дейін мемлекет қолдауына қарамай, өз күштеріне сеніп келген айтыс ұйымдастырушыралының ауыздары ұрылды ма, білмедік. Астанадағы айтысты мемлекет қолдады деп жар салған болатын. Бірақ, мемлекеттің қолдауының шама-шарқы байқалды. Темір тұлпар мінем деп келген шайырларымыз көп дегенде 300 мың теңгеге риза болып қайтысты. Мамыр айында ел арасындағы демеушілерге сүйеніп Алматы қаласында өткізілген аламанда үш темір тұлпар жүлдеге қойылған еді, бас жүлдеге берілген темір тұлпар 6 миллион теңгені құрады, одан өзге 200 мың теңгемен оншақты ақын  марапатталған. Жылда дүркіреп тойланатын Астана күніне миллиондаған қаржы жұмсалады. Ал енді,  Елбасының, Елорданың тойына деп жасалған бұл айтыстың жағдайына қарап бармағымызды шайнадық. «Жуан жіңішкеріп, жіңішке үзілетіндей» күйде өткен айтысымыздың хәлі барлығының көңін мұңға шомылдырды. «Сонда, айтыстың қасиеті кетті ме, әлде, Елбасымыз бен Астанамыздың беделі қалмады ма» деген оймен көрермендер үйлеріне тарқатысты... 



Бөлісу: