Айтыстың ең қызығы - Құлмамбет айтысы

Әр сөзді мұқият оқыңыз, күлдіретін де, жылататын да шерлі сөздер. Көзбен көрмеген айтыстарыңыз болар, енді оқып көріңіздер, бағасын бере жатарсыздар... Орфографиялық қателіктер болса, кешірім сұраймын, барынша дұрыс дайындауға тырыстым... Тапсырыс емес, сіздерге ұсыну үшін арнайы жаздым.

«Қайрат деген атым бар...»

Халық қаһарманын еске алу кешіндегі

Құлмамбеттің айтысы

 

Балғымбек Имашев 

Жандарбек Бұлғақов

Қанат Мырзахан

Талғат Мықи

 

Жандарбек:

«Алла» деп атқа қонса аттал ерің,

Намысым кете қоймас жатқа менің.

Армысың, аманбысың «Қазақ» деген,

Тарихтың кермек дәмін татқан елім.

Саясаты сағаттай құбылса да,

Байыппен әрбір істі баққан елім.

Жұмағұлов, Сыздықова билесе де,

Тарс жұмып екі көзін жатқан елім.

«Пенсиямды алпыс үште алам ба?» деп,

Бастары уайымнан қатқан елім.

Әбденов пен Цуканов қырылысын

Тамашалап қызыққа батқан елім.

Билікте көп кикілжің боп жатса да,

Барлық істің дауасын тапқан елім.

Мамыражай күн кешіп қазақ бүгін,

Тыныштық, татулықты сақтап едің.

Ассалаумағалейкум Алматылық,

Азаттықтың алауын жаққан елім.

Қой үстіне бозторғай жұмыртқалап,

Жұмыртқамен атысып ой, шіркін, жатқан елім.

 

Қайрайын қызыл тілді қылып пышақ,

Туған соң сахынада үмітті шақ.

Үш шапан мен бір костьюм шығып қалдық,

Ағайын аша ма деп күліп құшақ.

Балпаң басып Балғымбек мырза келді,

Бай-манаптан қап кеткен сынық құсап.

Сықиып костьюм, шалбар киіп апты,

Свиданияға кеп тұрған жігіт құсап.

Қасында Балғымбектің бір алып тұр,

Қыздай боп қыпша белі бұралып тұр.

Қыпша бел – тырнақшаның ішінде ғой,

Денесі тонна майдан құралып тұр.

­Қылыштай қылшылдаған үш жігітке

Бәкеңді неге әуре қып шығарып тұр?

Ағайын көрдіңдер ғой семіз қошқар 

Пышаққа өзі келіп, ой, шіркін, сұранып тұр.

 

Балғымбек:

Қошқар қылды-ау балалар, шыға салып,

Сүзейін бе орнымнан, тұра салып.

Ақырзаман жастары-ей осылар ғой,

Үйретеді өзіңе туа салып.

Бұл әдетті қойыңдар,

Бойларыңнан жойыңдар,

Жандарбекке Қайратша

Жауап берер ойым бар.

Жүз он келі салмағым,

Бір де сексен бойым бар,

Семіз қошқар – құрбандық,

Соям десең, сойыңдар.

 

Пышақ алып балалар жалақтайды,

Алды-артыма байқаймын, қаратпайды.

Ауылына айтыстың-ей осы күні,

Жас күшіктер шәуілдеп жолатпайды.

Айтыс жоқта іш пысып,

Жатыр едім бүк түсіп.

Қарсы алдымнан шәуілдеп

Шыға келді үш күшік.

Әнім менің хайлайлым,

Күшіктермен ойнаймын.

Арлан болса күні ертің,

Басыма туар қандай күн?

Бас көтертпей сондықтан

Осы күнде шайшаймын.

 

Жандарбек:

Ағамды қошқар қылып ойнап қалдым,

Сен болсаң қалжыңымнан қайраттандың.

Жасыңның үлкендігін пайдаланып,

Біздерді сүзіп те алдың, шайнап та алдың.

Сүзгенін өзі шайнап отыратын

Бұл өзі қай қошқар деп ойлап қалдым.

Бұл Бәкең сүземін деп есіп жатыр,

Әзіліме шамданып кетіп жатыр.

КСРО сүзе алмаған жастарға кеп,

Өзінше тыңнан айла етіп жатыр.

Сүзегенді тебеген сындырат деп,

Бабаларым айтушы ед  өтімді ақыл.

Бірақ біз сізді сойып не қыламыз,

Ойыңыз тым басқаша бекіп жатыр.

Мүйізіңді кесіп алып Бекболатқа,

Шақша жасап берсем де, ой, шіркін, жетіп жатыр.

 

Қанат:

Ей, мейлі ғой, сызылып айт, сыңсып ән айт,

Ол үшін ешкім сенен пұл сұрамайд.

Көп күшіктер жолатпайд дейді Бәкең,

Мұндайға Қанаттайын ұл шыдамайд.

Жастарға жағаласқан өзіңсің ғой,

Ендеше, өзіңізді кім сыйламайд.

Жүлдесін жастардың жүндей түтсең,

Айтшы аға, мұны аға кім сынамайд?

Жарайды, ортамызда жүре берші,

Ол үшін сізге ешкім ұрсып алмайд.

Ей, бірақ та сізге қояр бір шартым бар,

Одан басқа бұл жастар құн сұрамайд.

Жүлдеңнен сәл-пәл беріп тұрсаң бізге,

Күшіктерің өскенде шымшыламайд.

Балғын аға, ұмытпа, қаппақ түгіл,

Сүйекпен ұрған күшік қыңсыламайд.

 

Ей, Балғын аға – дауылдай алай-дүлей,

Жан-жағын жапыруды қалайды ғой.

Жастарға өкпелейтін жөні жоқ қой,

Ел мұны әбестікке балайды ғой.

Барлық кінә тек қана өзінен-ау,

Шыға сап ала көзбен қарайды ғой.

Әрине ерегісе берсең егер,

Күшіктерің жабылып талайды ғой.

Ей, ал енді, күшігім деп еркелетсең,

Берекелі бетіңнен жалайды ғой.

 

Талғат:

Ей, күшіктер ит боп әлі өскен жоқ қой,

Есі барлар бұл жайды ескермек қой.

Еркелетсе бетіңнен жалайды деп,

Мақал айтты жүретін естен кетпей.

Қой, мен оны өлсем де жаламаймын,

Жұртқа жағынуға көшкем жоқ қой.

Ей, бес келі сақалы бар Балғымбектің,

Бетінде жалайтындай бос жер жоқ қой.

 

Ей, термемен шырқалуда әнменен де,

Бұндай кеш өтпейді ғой және күнде.

Ассалаумағалейкум Балғын аға,

Алланың аты бар ғой сәлемімде.

Екі қырлы бір жырлы азаматсың,

Оған жеткілікті дәлелім де.

Өйткені, әрі молда, әрі ақынсың,

Мағына жатыр сондай мәнеріңде.

Ақындық қырың ұстап қалып жатса,

Мін болмайды сөзің мен әуеніңде.

Келіннің домбырамен бетін ашып,

Аттандырып саласың жаңа өмірге.

Ал енді, молдалығың ұстап қалса,

Ол қырың да белгілі бар өңірге.

Кебінмен кемпірлердің бетін жауып,

Аттандырып саласың ана өмірге.

 

Балғымбек:

Еу, ағайын!

Не болып мына айтыс бара жатыр,

Күшіктер үйретеді маған ақыл.

Қайраттай қайратымды көрсетпесем,

Үшеуі үш жағымнан талап жатыр.

Күшік,күшігім деп едім еркелетіп,

Біреуі бір жағымнан жалап жатыр.

Енді бірі сақалды бетті көріп,

Жалайтын жері жоқ деп қарап отыр.

Шақша жасап алам деп мүйізіңнен,

Жандарбек екі көзін қадап отыр.

Мүйіз деген белгісі еркектіктің,

Оған неге өшіктің бала батыр?

Онсызда бұл қоғамда мүйізі жоқ,

Тоқалдар топ бастамай қорада тұр.

Мүйізі қарағайдай Қайрат сынды,

Азайып қайраткерлер бара жатыр.

 

Ей, күшіктер!

Молдаға көп айтылды-ау кекесіндер,

Мұнымен не мақсатқа жетесіндер?

Жас күні өлмейтін боп көрінгенмен,

Өмірден түбі бәрің өтесіндер.

Кемпірдің бетін жауып аттандырсам,

Онымды әңгіме қып не етесіңдер?

Молдекеңнің алдына шығамын деп,

Өздеріңе зұлымдық етесіңдер.

Енді алдыма түссеңдер бұдан кейін,

Соңынан сол кемпірдің кетесіңдер.

 

Қанат:

Ей, молдекең бізге қабақ шытып тұр ма,

Түйені түгіменен жұтып тұр ма?

«Кемпірлердің соңынан кетесіңдер» -

Деп айтып, ұтылды ма, ұтып тұр ма?

Кімнің қашан өлерін Құдай білед,

Сол білед, шаруамыз бітіп тұр ма?

Кемпірлердің соңынан жіберем деп,

Өзің қайта сол ізбен зытып тынба.

Ей, бізден бұрын кетіп қап, ана өмірде,

Алдымыздан қарсы алып, күтіп тұрма!

 

Ей, есептеліп намаз бен азанымыз,

Бес күндік бұл дүние базарымыз.

Жастарға неге өлім тілеп отырсың,

Осы ма ғаламаты, ғажабыңыз?

Желтоқсанда жұрт үшін жанын қиған,

Жастарға түспей тұр ма назарыңыз?

Солардың қырылғаны аз ба еді не,

Молдеке, мынау қандай мазағыңыз?

Бодандықтың кезінде Колбин қырып,

Мерт болды қанша мықты қазағымыз.

Ей, ал енді, бостандықтың таңы атқанда,

Молдадан кеп тұрмасын ажалымыз.

 

Талғат:

Ей, қалжыңға бұрғанменен ат басын кеп,

Қанатжан, бетіңді ешкім қақпасын кеп.

Ажалымыз молдадан келе ме деп,

Жатқан жоқсың қылышты жатқа сілтеп.

Хақтың жолын нұсқайтын молдалар ғой,

Көп пенде көп күнәға батпасын деп.

Сапарға аттандырар тағы солар,

Арғы өмірге қайғысыз аттансын деп.

Дұға қып, құран-хатым түсіреді,

Қабірлерде қиналып жатпасын деп.

Сондықтан, кел, екеуміз тілейікші,

Әр адам калимасын жаттасын деп.

Ей, жанымыз ахиретте Алла алдына,

Жаназасыз барудан сақтасын деп.

 

Ей, ұлың едім айтатын, ұғынып жүр,

Бүгінгі кейбір жастар бүлініп жүр.

Бабалар салған жолды ауырсынып,

Жеңіл-желпі жүріске жүгініп жүр.

Намыстары тұншығып кеудесінде,

Нәпсілері күн болса тіріліп жүр.

Бәрін айт та бірін айт, кей жігіттер –

Гей жігіт боп қоғамнан тығылып жүр.

Тығылып гей клубқа жүгініп жүр,

Жүгініп жүргендерді жын ұрып жүр.

Адам сондай болған соң заман сондай,

Көңілім көп нәрседен түңіліп жүр.

Ей, еркек тоқты Қайраттар құрбан болып,

Қыздекелер көшеңде қыдырып жүр.

 

Ей, «ұлт»дегенде күштерін түре сарқып,

Жақсы екен, жастарымның үлесі артық.

Заманның жастарының сиқы осындай,

Болымсыздық іргені іле шарпып.

Бас ауыртып жатпайды ел-жер үшін,

Клубтарда жүреді күле шалқып.

Ал «Желтоқсан жастары» қазағым деп,

Қасық қанын төкті ғой жүре сарқып.

Ей, алаңға бастап барған аяқтары,

Істемейтін бастардан мың есе артық.

 

Жандарбек:

Айтты ғой Талғат ақын  мұң-наланы,

Сөзіңде дәйек болмай кім нанады.

Ол рас, қыздекелер көбеюде,

Жасырып не қыламыз бұл жараны.

Өркениеттің отаны Францияны

Мемлекет деп ойлаушы ек, тым бағалы.

Еркек пенен еркектің некесіне,

Рұқсат беріп шығарды сұм жобаны.

Ел едік еуропаға еліктегіш,

Бізге де келмесе екен бұл заң әлі.

Қайдағы қыздекеге таптатпайық,

Қайраттың қаны сіңген бұл даданы.

Гей клубтар ашылып әр қалада,

Еркектер есі кетіп жынданады.

Шалбарын жамбасына жабыстырып,

Құлағына ілінген сырғалары.

Солар үшін Алладан қаһар келсе,

Күл талқан қып жіберер гүл қаланы.

Қайран халқым, не істейсің ұлың ертең,

Келін қып әкеп тұрса бір баланы.

Көгілдірлер қаптаса қаламызда,

Көгілдір экранның шырмағаны.

Өйткені талай жастар эфирменен,

Есірген еуропадан үлгі алады.

Үлгі тұтқан ұстазы пері болса,

Шәкірті шайтан болмай, ой , шіркін, кім болады?

 

Көк сандық көп адамға дос емес пе,

Бірақ та ұлттық рухқа өш емес пе.

Бүгінгі эфир жайлы сөз қозғасақ,

Түседі төсек пенен өсек еске.

Мысалы, Қайрат Нұртас әншіміз бар,

Бұлбұлдай сайрап жүрген неше кеште.

«Өкініш» деген фильм түсірді ғой,

Құралған сюжеттері бос елеске.

Ерлерді ескеретін халық қайда,

Батырға құрметіміз кеш емес пе?

Қаһарман Қайрат жайлы бір кино жоқ,

Өкініштің үлкені ой, шіркін, осы емес пе?!

 

Қанат:

Босағаң бекиді ғой бөріктермен,

Бөріктер көсегеңе көрік берген.

Жандарбек, бөрік киген бүгінгі ұлдар,

Аса алмай жүр батысқа еліктеуден.

Қайрат Нұртас киносы түк емес қой,

Одан да көп сорақы, өлік кеудең.

«Қайрат-Чемпион» деген бір кино шықты,

Көрермендер бар шығар көріп келген.

Тәлім мен тәрбиеден жұрдай қылып,

Біреулер түсіріпті желіккеннен.

Ұлды көрсең сондағы Қайрат деген,

Қызды көрсең, езуі көбіктенген.

Сол кино ғой аймаңдай  қазағымның,

Абыройын айрандай төгіп берген.

Қаңғыбас біреу жайлы кино жасап,

Не шықты өзімізді кеміткеннен.

Қаһарман Қайрат жайлы түсірмейме,

Ажалдан сескенбеген төніп келген.

Еркіндігін елінің ойламаса,

Алаңға шыққан жоқ қой еріккенен.

Сол кездің жалындаған жастары ғой,

Кеңестің қабырғасын сөгіп берген.

Ей, міне нағыз чемпиондар осылар ғой,

Қазаққа азаттықты жеңіп берген.

 

Ей, бұзылып шығармайық бөлек әдет,

Қазаққа иман менен керек әдеп.

Жаңағы кино жайын жалғастырам,

Сұрайтындар бар болса «Тема не?» деп.

Қазағымның тәрбиелі киносы көп,

Үлгісінде шекпеннің шекара жоқ.

Балғын аға бұрынғы киноларды,

Егер қайта түсірсек не болар ед?

«Алла жар» деген фильм түсірсе егер,

Қайраттың рөліне мені алар ед.

Тақиялы періштені түсірсе егер,

Тайлақтың рөліне сені алар ед.

Қазақстан киномотографиясына

Екеуміз жасар едік переварод.

Ей, «ерім» деген еліміз соны көріп,

Ешкіні ермек қылғандар демалар ед.

 

Балғымбек:

Ей, ағайын!

Намысын қолдан бермес ана тілдің,

Шабысын көрдіңіздер Қанат ұлдың.

Қанат жан жалындаған жас кезімде,

Теңеуді мен де сендей табатынмын.

Ағалардың ақылын алатынмын,

Інілердің арқасын қағатынмын.

Арманым адам болып өту менің,

Өйткені, адам болып жаратылдым.

Ал бүгін төрт түлікке теңеп жатыр,

Тайлақ болып қораға қаматылдым.

Жаны ашитын қатарым қалмаған соң,

Осы екен көретіні кәрі ақынның.

Айтысты қошқар болып бастап едім,

Кетерде тайлақ болып бара жатырмын.

Додаға көкпаршыдай төте кірген,

Айтыста алашты аңсап кетемін мен.

Мұсылман қазақ болып туғаныма,

Раббыма шүкір айтып өтемін мен.

Менің елім ту етіп тыныштықты,

Азаттығын баянды ете білген.

Әлемдегі әр түрлі бассыздықты,

Көргенде күңіреніп кетемін мен.

Төресі тақтан тайып, ал бүлінген,

Түрлі сұмдық естиміз шетеліңнен.

Мүбәрәк Саддам менен Кандафидің

Тағдырын елге мысал етемін мен.

Жау жағадан алғанда қандай заман,

Өз елің тартқыласа етегіңнен.

Қазақтың батырлары желтоқсанда

Күрескен Колбин деген бөтен ұлмен.

Байқасам, бар әлемде қазақ қана,

Ханының қадіріне жете білген.

Басқа жұрт ханын қорлап жатқан кезде,

Димаштың арын қорғап көтерілген.

 

Жандарбек:

Бар болса тәубесі мен тәуекелі,

Тәуелсіз ел таудан да әрі өтеді.

Ағамыз басшы жайлы ойын айтып,

Болдық қой біз де соның дәнекері.

Басқа емес, көрші отырған Өзбекстан –

Патшасы сырқаттанса зар етеді.

Біреулер Каримовты сауықсын деп,

Құдайға қолын жайып тәу етеді.

Ол өлсе таққа мініп қалам-ау деп,

Біреулер тілеп отыр бәле тегі.

Тақсыр кетсе тағына жайғасам деу,

Әу бастан әумесердің әдеті еді.

Арыстанның құрт түссе азуына,

Етінен қарға-құзғын дәметеді.

Соны көріп біздерді қуантады,

Ел аман, ерлерімнің сау екені.

Басшыңа қарсы шықпа деп бұйырған,

Күмәнсіз бір Алланың бар екені.

Халықтың өз ниеті қандай болса,

Алла сондай адамды хан етеді.

Халқым осы күніңе шүкірлік қыл,

Күпірлік тынысыңды тар етеді.

Айран ішіп отырғанда тәубе етпесең,

Құдайым қара суға, ой, шіркін, зар етеді.

Қазағым қандай қадам бастасаң да,

Арыңды сата көрме, аш қалсаң да.

Желтоқсан қанды оқиғаң, зарлы оқиғаң,

Шындықты шымға көміп тастасаң да.

Желтоқсанда қырғанмын, жойғанмын деп,

Біреулер бөсіп жүр ғой бас қосарда.

Батыр сымақ сабаздар қайда қапты,

Қайраттар ғұмырымен қоштасарда.

Тарихта қаһарман боп қалғысы бар,

Шындық бірақ өтірікпен астасар ма?

Батыр боп өлмейді олар, біліп жүрсін,

Өтіріктің аяғы бос қашан да.

Жатырынан жабы болып туылғандар,

Тұлпар болып өлмейді, ой, шіркін, ешқашан да!

 

Айтыста қиындық та, қыспақ та бар,

Осыған төзген ақын күшті-ақ болар.

Мылжыңнан мылқау жақсы деген елміз,

Жақсыда сөз көп емес, іс көп болар.

Осымен біз де айтысты түйіндейік,

Уақытты уысындағы ұстап қалар.

Көп отырсақ әңгіме таусылмайды,

Түн ұзарса, көретін, ой шіркін, түс көп болар.

 

Талғат:

Ей, көмекке созылғанда көрші қолы,

Дұғамен көгертетін сенсің оны.

Қайратың қайтып келмес сапарда ғой,

Бірақ елі, қаһарман, көрсін оны.

Арамыздан кеткелі жиырма алты жыл,

Есіне алып жатыр ел іші оны.

Біздерден алыстатқан әрбір жылы,

Жәннәтқа жақындата берсін оны!

 



Бөлісу: