Айтыстың аруанасы

Қазақ айтыс өнерінің ару анасы Әселхан Қалыбековамен сұхбат

-Қазақ айтыс сахнасында көрінбей жүрсіз,не себеп?

-Қазір айтыстан көрінбей кетуіміз ол уақытқа байланысты.Жасымыз келіп қалды,оның үстіне артымыздан ерген жастар көп.Біз бұрын жас кезімізде айтысқа шыққанда ол уақытта айтыскер таппайтынбыз.Іздеп жүріп: «сенің тұқымыңда ақындық бар еді», «сен айтыс»,- деп жалынып жүріп ақындарды әрең шығаратынбыз.Ол уақытта ешкім ақындыққа,айтысқа бейім емес, сондықтан бәрі айтыстан қашатын еді.Біз өз міндетімізді орындап, айтысты жақсы бір жөнге салып,жолға салып бердік.Өзімізден кейін жастар шығып жатыр.

 

-Сіздердің кездеріңіздегі айтыс пен бүгінгі айтыстың  дәрежесі қандай?Көңіліңіз тола ма?

-Біздің кезіміздегі айтыста мазмұнды қылуға тырысатынбыз.Себебі,ол кезде Кеңес үкіметі заманында халықтың еркіндігі жоқ,сөзде де еркіндік жоқ,біраз нәрсені айту керек болса,біраз нәрсені айтпау керек.Сондай саясат болатын.Оның үстіне біздің айтыс мазмұнды болды.Өйткені,біз 14 облыс айтыста айтысатын әріптесімізбен соның еліне барып,жаманды жақсысын көріп,артық кемшілігін жазып,олар да біздің елге келіп,бір-бірімізді күтіп,шығарып салып,сөйтіп жүріп кемшілікті теріп жазып алып,оны өлеңге айналдырып, «неге бұлай?» деп айтатынбыз.Сонда біздің сынымыздан дереу қорытынды шығарылып,бүгін айтқан нәрсеміз ертең орындалып жататын.Сондықтан біздің кезіміздегі айтыс өте мазмұнды,мағыналы,халыққы пайдалы болды деп ойлаймын.Қазіргі айтыс айтыскерлердің өзіне пайдалы.Олар да халықтың мұңын айтпай жатқан жоқ.Көбініесе «сен сондайсың» , «сен мұндайсың»  деп бір –біріне майдалып жібереді.Сол жағынан қазірігі айтыстың қадірі кетіңкіреп қалды.

 

-Бүгінгі айтыс алаңында ақындардың қатарына әншілер мен әртістер қосылып жатыр.Мысалға алатын болсақ , «Жұлдыздар айтысады» бағдарламасы.Сіздің ойыңызша айтыс шоу-бизнеске айналып кеткен жоқ па?

-Шоу-бизнес деген қазіргі заманның жарысы,бәйгесі болды ғой.Бірақ айтыстың шоу-бизнеске айналғанын ұнатпаймын.Ол жұлдыздар айтысы да уақытша нәрсе.Өнер адамдарының бәрінде ақындық бар ғой.Қажымұқан палуанда да ақындық болған.Сол сияқты өнердегі кейбір әнші інілеріміз бен сіңлілерімізде де  көп болмаса аздап өлеңшілік,ақындық қасиет бар.Сол жұлдыздар ғой шығып жүрген.Негізінде ,айтысты шоуға айналдыру деген дұрыс емес.Бұл-қазақтың нағыз өнері.Қазіргі жағдайды уақытша жағдай деп түсінемін.

 

 -Бүгінгі айтыс сахнасында жүрген ақындардың қайсысын нағыз ақын деп бағалайсыз?

-Ол ақындардан Бекарысқа жететін ақын жоқ еді.Ол кез-келген айтыста суырыпсалып айтысып кете беретін.Бірақ әттеген ай,ол қазір айтысты қойып қызметке кетті.Ал енді қазірігі ақындардан Жандарбекті,Сырымды мықты ақын деп айтамын.Бірақ келісіп айтысатын ақынның бәрін намыссыз дер едім.Ол дұрыс емес.Бұл айтысқа қиянат.Келісіп айтысуды қойып,нағыз айтысты ойласа,бәрі де мықты ақын.



Бөлісу: