Айтыстағы бір қайырым, Мейірбек Сұлтанхан.

Буылғанмен байлардың белі бекем,

Кесір қоғам деп жатыр кері кетем.

93 те туған соң айтушы еді,

Теңгенің құрдасы деп мені көкем.

Құрдасымды тіліме тиек етсем,

Өткен күнді көзіммен шолып өтем.

1 теңге мен 1000 теңге Әл-Фараби,

3 теңге Сүйінбайдай серің екен.

5 теңге күй атасы Құрманғазы,

10 теңгеде Шоқандай ерің екен.

Абайдың суреті бар 20 теңге,

Бұл күні жай жылтырақ темір екен.

50 теңге әйгілі Әбілқайыр,

100 теңге Хан Абылай бегің екен.

Бұл кездегі бағамен салыстырсаң,

Ол кезде заттың бәрі тегін екен.

Ұлттық банкі шығарған ақшамыздың,

Бағасы неге мұнша кеміді екен.

Баяғы бабалардың бейнелері,

Білмедім сірә неден жеріді екен.

Суреттері теңгеден көрінбесе,

Ұрпақты ойлап уайым жеді ме екен.

Евро мен долларға мазақ болмай,

Көрде тыныш жатайын деді ме екен...



Бөлісу: