Айтыскерлерді оқыту турасында

Жалпы мен бұған қарсы емеспін, бірақ бұның жекелеген тілектен туындаған бастама түріндегі сықпыты басым. Әйтпесе, айтыскерлерге кәсіптік жоғары білім беретіндей негіз бен сұраныс жоқ. Бүгінде жоғары білімнің кез келгеніне осы екі негіз болуы керек: ғылыми-практикалық негіз бен өмірдегі сұраныс. 

Айтыс тақырыбына санаулы адамдардың ғылыми кандидаттық қорғағаны рас, бірақ айтыстану ғылымы қалыптасқан жоқ, бұрынғы классик әдебиетшілер мен кейбір әдебиеттанушылардың мақалалары мен ішінара зерттемелері ғана бар, олар тыңғылықты ғылыми салаға айналған жоқ. Демек, айтысфакта жоғары ғылыми білім ретінде не оқытамыз? Тіпті, айтысқа қатысты көркем сын да қалыптасты деу қиын, оның бағалау критерийлері де анықталып,нақтыланған жоқ. Бүгінгі айтыс қарадүрсін көзқараспен ғана бағаланып отыр. Оның қасында «Жайдарманның» бағалау критериі нақ па нақ.

Бұл саланың ғылым мен білімдік әлеуетін былай қойғанда, өнер ретінде қалыптасуы әлі біткен жоқ, заман талабына сай іздену көбірек. Сол жағын пысықтайтындай бір конференция, симпозиум өтті ме? Тіпті айтылған пікір мен көзқарас та біржақты қабылданады,бірігу жоқ, нәтижесіз,дәйексіз талас қана.Қысқасы, ғылыми әлеует айтысты салалап жоғары мамандармен қамтитындай түзілген жоқ. Бұл – біріншіден.

Екіншіден, айтысқа дипломды адамдар емес, нағыз айтыскер мен оны ұйымдастыра білу аса сұранысқа ие, осы жағын қамтып, қолға алу маңыздырақ.Бүгінде ақша болса - айтыс бар, жоқ болса  - «бәлду-бәлду бәрі өтірік». Айтысты қазақы театрға айналдыра алмай отырмыз... Айтыстың мазмұнын жыраулық мазмұн кеуледі: бүгінгі айтыс үстінде Бұқар жырау, Махамбеттердің «хан емессіңі» айтылса, «күшті өтті» дейміз! Сонда бұл айтыстың талабы ма, жоқ жыраулық мазмұнның көрінісі ме? Осыларды саралаған мақала, баяндама бар ма, соңғы кездері? Бүгінгі айтысты ұйымдастыру сауатты дегеннен гөрі жалаң шоуға жақынырақ. Ал оны сол күйінде ғылыми білім көзіне айналдыра аламыз ба? Оған дайын емеспіз...

Айтыстық диплом бізге кімді, нені береді? Айтыстанушыны ма, айтыскерді ме? Дипломсыз айтыскерді не істейміз? Тіпті, айтысфак ашпай тұрып, айтыскерлерге тыңғылықты бір семинар өткізуден бастасақ ше?... Жалпы, айтыс ақшалы өнерге айналған қазақтың «жалғызы» болып отыр, осы жағына талас көбірек. Бәрі осыдан туындап отыр ма деймін.



Бөлісу: