Жақында Астана қаласында айтыс өтті. Айтыс болғанда шоу айтыс. «Жұлдыздар да айтысады» деп айдар таққан кеште танымал өнер жұлдыздары мен азулы ақындар жұптасып өнер көрсетті. Алғашқыда жарнамасы жақсы болып, көпшілік көрермен асыға күткен еді. Бәленің бәрі біткесін болды. Шоу айтыс Ұлттық арнадан көрсетілгеннен кейін түрлі пікірлер туып, қызу талқыға түсті. Әсіресе көрген-білгенін, естіген-түйгенін ортаға салып отыратын фейсбуктегі ағайын ұлардай шулады. Бір қауым ел шоу айтыстың тым шектен шығып кеткенін айтып, қазақ өнерін қорлау деп қынжылса, кейбір ағайын бұдан айтыстың қылы қисайған жоқ деп сабырлық білдірді. Біз өз кезегімізде фейсбуктегі ағайынның пікірлерін топтастыруды жөн көрдік. Түйін өздеріңізден.
Еркебұлан Қайназар, айтыскер ақын:
"Шоу-айтыс... Бұл Бақытжан Қасымов досымыз бен Әсел Ергешқызы қарындасымыздың жобасы болатын. Залдан көріп отырып, басталған кезде қорқып отырдық. Не болар екен деп. 1-2 жұптың айтысында күлдік. 1-2 жұптың айтысында жерге қарадық. Соңғы екі жұптың айтысы болмағанда жерге қараған күйі қайтар едік үйге. Әйтеуір әнші апалардың ескі шабыттары есіне түсіп, еңсемізді сәл-пәл көтердік. Менің ойымша көрермендердің пікірі басты назарда болу керек. Бұл әлі қызу талқыланатын мәселе.
Менің таң қалғаным - әншейінде айтысты жүнін жұлған тауықтай қылып беретін арналар неге осы "лақпа" айтысты бір сөзіне "пышақ" тигізбей берді екен??? Құдіреті күшті монтаж да моп-момақан бүгін...
Тағы бір таң қалғаным - айтыс туралы сыбыс болса жапа-тармағай жарнама жасайтын біраз жорналшы бауырларымыз бар еді. Бүгінгі "аттанға" бір де біреуі араласпапты. Әлде оларда өзіндік пікір жоқ па...
Шоу болсын, басқа болсын, бәрібір өзінің шегіне жеткенде тоқтайды ол. Ал, АЙТЫС өлмейді. Өлтіргісі кеп жүргендердің өмір жасы жетпейді оған!"
Бағашар Тұрсынбайұлы, сыншы:
"Жұлдыздар қыртады" деп өткізсе, әділеттірек әрі нақтырақ болар еді... "Екі мың доллар үшін халықтың алдында қара бет болмайын" деген Жандарбектің сөзін өзін халық мұрасының насихатшысы, өнер адамы, оқыған азамат санайтын аға, әпкелердің айта алмағаны бүгінгі зиялымыз деп жүргендердің талғамсыздықтары мен деңгейін көрсетсе керек. "Осындай шоудың керектігін ұқтым" деген Жүрсін ағамыздың, қазылар алқасында отырған басқа да ағалардың жандары түк ауырмайды екен. Онда неге ауырғансиды? Осындай шоуды тағы өткізсін. Тағы екі мың доллар, бәлкім одан көбірек алып қалар... Бақытжан деген азаматтың әзілдері дым өтпейді "Базар жоқта". Өзінің жұмысын енді тапқан екен. Баяғыда айтысымыз қандай еді деп, пафосқа толы, қайта оралмайтын заманды айтпай-ақ қояйын. Дүниеден озғанына он жыл болған Ораздың деңгейіндегі ақын сол кезде жоқ еді. Енді осылай жалғаса берсе, болары да қиын. Айтысып отырып ән айтып кететін әдеттен шошығанымыз мынаның жанында айналайын екен ғой. Айтысты мен тірілітттім дейтін Жүрсін ағамыз айтысты өз қолымен өлтіреді әлі...
Нұргүл Маулина, ақын:
"Қазақ "көппен көрген ұлы той" - деп қандай жағдайға да шыдаммен, төзіммен қарай білген ғой, не деген терінің кеңдігі! Бүгінгі айтыс той емес, ұлы өнердің садақасы болды, жаназасы шығарылды! Мұндай сорақылық, мұндай мәдениетсіздік о заман да бұ заман айтыс өнерінің сахнасында болып көрмеген! Осы мазаққа жиналған көрермендердегі, айтыскерлердегі, ел сыйлайтын әншілердегі ар-ождан, ұят қайда? Жүрсін ағам не деп алжып тұр? Осылай да дәріптеу бола ма? Бекболат пен Мұхаметжан мәз, мен осы азаматтарда әлі де болса ұлттың рухын, мәртебесін ойлайтын парасаттың ұшқыны қалған болар деп дәметуші едім. Серікзат пен Роза ғана әдептен аспай, айтыс мәдениетін сақтаған болды, қалғандары лағып кетті. Күнделікті тұрмыста, қатын-қалаштың ошақ басындағы түкке тұрмайтын сөздерін айтып, өздерімен өздері риза кейіпте, Жанар апамның алжығанына жөн болсын? Балғынбекті басқа жұртқа айтуға жетпегенмен, өз басына жететін ақылы бар азамат деп бағалаушы едім. Лұқпан деген атағы дардай ағамыз еді, барлығы бір сәтте абыройларын шелектеп төкті. Қанша қасықтаса да жинай алар ма екен енді? Киелі сахнада жүрген "нарларымызды" жел шайқағанда, қалған ешкі-лақтарды аспаннан іздеп таба алмай қаламыз ғой".
Ақберен Елгезек, ақын:
"Айтыс" деген ұлы өнеріміз өлді дей ме? Ғасырлар бойы аман келген саф өнер, ата өнер өздігінен өлмейді ғой. Өлтіріп жатыр демек. Демек қазақты тамырынан ажыратқысы келеді біреудің, демек қазақты ұлттық болмысын үстінен киімін жыртып шешкендей қылғысы келеді біреудің.
Айтыскерлер бұрын халықтың мұң-мұқтажын айтып, іштен сыртқа шығара алмай жүрген шерін тарқатушы еді. Енді кімге айналды бұлар? Бір рет теледидардан жарқ етіп шығу үшін, бір рет жүлде алу үшін сайқымазаққа айналды ма бұлар?
Балкенже Тәңірбергенова:
"Ой қасқалар ай!!! Бәрің бүгін айтысты жерлеп қаралы болып отырсыңдар ғой, ә? Құдды бір айтысты іздеп жүріп көріп, айтыс өнеріне үлес қосып, жанашыр болып жүргендей болмаңдаршы... Шоу болса шоу болсын, айтыстың еш жері қисайып қалмайды. Осыны көріп отырып езу тартпадық деңіздерші ал!? Ресейдің бағдарламаларын қайталаса, "Өй өңшең сорлы, қайталағаннан басқаға шамалары жоқ" - деп сөгеміз. Бір кішігірім шоу жасағандай болып еді, оны шу қылып парша паршасын шығардық".
Болат Жетекбай, ақын:
"Көркемдік кеңестің бір мүшесі: "Талқыланып жатқан кітапты оқыған жоқ едім. Сонда да болса, пікірімді білдіре кетейін" - деп бастап алып, біразға дейін көсіледі екен.
Мен бүгінгі айтысты көрмедім. Шынын айтайын, бұдан зор айтыстарды да қарамаймын.Өйткені, айтыс шоуға айналып кеткелі қаш-ша-ан! Бүгінгі айтыс шоу айтыс емес - дау айтыс болды-ау деймін. Жаға жыртысып жатқан жұрттың сыңайы соны байқатты.
P.S. Мына ФБ-дағы тақырыпқа байланысты аса белсенділіктің әсерімен бар қызықтан құр қалғандай "Керемет айтыс болып жатыр екен. Сен көрші!" - деп "тапсырма беріп" жұмсаған келіншегім бес минуттан кейін қайтып келіп "Құрысын, әрі!" - деп түңіліс білдірді... "Немене, ұнамады ма?" десем, "Әншілер журналистиканы жарылқап, енді айтысқа көшкен екен" - дейді..."
Дариға Мұштанова, ақын:
"Айтысып Жанарменен күлкі болдың
Айламен ақша жасар түлкі болдың
Айтысты ата дәстүр санайтұғын
Ұяттан ауылдағы жұртың өлді.
Мен де өлдім!
Шолпан Қыдырниязова.
Таң атпай Шолпан апамнан сообщениемен келген шумақ. Балғынбектің құлағына жеткізіңдер дейді".
Жансая Мусина, айтыскер ақын:
"Бүгін қааатттыы куанып тұрғаным-ай! Мына айтыстан бас тартқаным дұрыс шешім болғанына бүгін көзім жетті)))"
Қуаныш Медеубаев, ақын:
"Кешегі шоу айтысты көріп неше түрлі пікірлер жазылуда... Біреу масқара деп, біреу көзін құрту керек деп, енді көрмесек деп...
Түсінбейтінім, неге таң қаламыз, неге ренжиміз?!?! Осы таңдағы əрбір айтыс "жұлдыздармен" араластырмасақ та арзан күлкі, ойсыз уəж, жеңіл шоуға айналды емес пе?! Бұған Жүрсін де, Бекболат та кінəлі емес. Қазақ "су ішкен құдығыңа түкірме" дейді. Биліктің қолындағы айтыстан нəпақа тауып жүрген ақындардан не күтесіздер?! Битке өкпелеп тонымызды отқа жақсақ та ақиқат осы ғой. Жалған жанашырлық, өтірік патриотизм, ұлыған ұлтшылдық көріп-оқығанымыз! Бəрі қожа, бəрі би!"
Айгүл Елшібаева, әнші:
"Шоу айтысты фейсбуктан түсiнгенiм: Ақымаққа шоу айтыс жай түс болды. Ақылдыға бұл айтыс қайтыс болды".
Ырысбек Дәбей, ақын:
"Елдің жүйкесіне тиген кешегі айтыстан соң түрік жазушысы Зюльфю Ливанелидің иен аралды мекендеп кеткен кейіпкерінің мына диалогін үнемі есте сақтауды ұсынар ем:)
- Бұл араға теледидар әкелмеңдер. Радио мен газеттің қарасын да көрсетпеңдер. Саясатты ауызға алмаңдар. Эстрада әндерін және әйгілі адамдар туралы айтуға жол жоқ. Бір ауыз сөзбен айтқанда мемлекеттегі әрқандай топастықты бұл үйге әкелетін әрекет шектеледі. Топастық бұл мемлекеттің кез-келген жерінде, кез-келген саласында өріп жүр..."
Пікірлер авторлардың фейсбуктегі жеке парақшасынан алынды
Сурет: Мassaget.kz