Айтыс жайлы пост (ораза емес)

Айтыс жайлы пост (ораза емес)
жеке
блог

 «-Кіргізсеңдерші.  -Билет қайда?  -Ақшасын сізге беріп кіре берейікші аға. -Іштегі жігіттер, Жүрсінге айтыңдаршы «халық айтысқа кіре алмай отыр» -деп» - деген сөздер  Балуан шолақ спорт кешенінің алдында  екі сағатқа жуық айтылды. Қонаевтың 100 жылдығына орай ұйымдастырылған айтыстың финалына келген елді қолымен санай алмайсың. Айтыс басталар алдын билет бағалары 4000-5000 теңгеге сатылды. Бұл сана төмендігін жасаған ортадағы алып сатарлар. 1000-1500 теңгелік билетерді  кассадан сатып алып, елдің қалтасын қағушыларды тәртіп сақшылары құрықтап, билеттерін алып қойды.  Арманына айналдырып залды. Екі ортада қара халық билетсіз қалды.  Соңында есік алдындағы кіргізіп-шығарушымен келісіп, тонды келте қылмай пішіп, айтыс ортасында 1000 теңгеден беріп армандарына қол жеткізді қара халық. Ештен кеш жақсы деген мақалды жандарының жалауы етіп, Жүрсін жүйріктерінің шабысын улап-шулап тамашалады. Айтыс қызу өтті. Кіммен-кім айтысатынын халық шешті. Таңдайынан шыңы шыққан ақындар бір-бірінен асып тұрды. Бірінші орын Аманжол Әлтаевқа, екінші орын Жандарбек Бұлғақовқа, үшінші орын Айнұр Тұрсынбаева бұйырды. Сөйтіп ақындар  2012 жылдың алғашқы темір тұлпарларын Қонаевтың мерейтойында еншіледі. Айтайын дегенім бұл емес. Ойымның негізіне оралайын.   Қазақтың қаймағы болған, сал-дәстүрі сақталған, ұлдары мен қыздары ұлттық тәрбиеде бапталған Шымкент қаласының атынан шыққан Ақмаралдың шабысы тым баяу болды. Жүйріктердің арасынан топ жарып шыға алмады. Шымкент өнердің ортасы деп көкірек ұрушылардың бұл жолы сандары «қап» деп ұрылды.   Ақмарал жасарын жасап, қолтаңбасын айтысқа қалдырған дара ақын. Сол дара ақын, бала ақындарды тәрбиелеп Шымкенттің намысын жерге таптатпайтын дәрежеге жеткізсе екен деген ішкі тілек те жоқ емес жұртта. Жандарбек, Төреғали сынды жас ақындармен қатар шабатын өрендер әлі күнге дейін Шымкенттен неге шықпай жатыр деген ой көпшілікті көп мазалауда. Нұрлан Есенқұлов, Нұрлыбек Мейірманов, Қалижан сынды жас ақындар Шымкенттің мерейін неге асқақтатпайды деген сан сұрақ сананы жаулағалы қашан. Беташарды, құдалықты, тойды жандарына серік етіп,  ұлы өнер айтысты түншықтырғандары ма?  Облыстық, қалалық айтыстарға қатысқаны кімге керек, республикалық айтыста ел намысын қорғай алмаса. Ақмаралға бар жүкті артып қойғаны ұятты-ақ. Мықты болса, елі үшін туылған ақындар болса өнерлерін тойда емес, жүйріктер жүрген жерде байқатсын. Айтыстың арланы емес, тойдың тарланы болып жүргендері бет қызартарлық іс. Әлде олар айтысты тойға шығудың жарнамасы деп түсініп жүр ме? Елге ақиқатты айтып, жұртты қамшылар ақындарды біздің қамшылағанымыз ұят. «Көздерінде от ойнар, сөздерінде жалыны бар айтыскерлер» - деген сөз Шымкентке жат болып қалмаса екен.

Ақиқаттың көші бізге жақындады

Құлагерді  құртыңдар тақырдағы

Уызына ұлтының жарығандар,

Ояныңдар, Шымкенттің ақындары!