Қазақтың айтыс өнерінің басты негізі жырмен шарпысу,тартысу не сайысу болды деген үстірт пайым. Бұған басты түрткі – ежелгі Ай мен Күн идеологиялық тартысы болуы керек. Бұлар - жарық пен қараңғының нышандары ғана емес, қарама қарсы сенімнің тартысына негіз болған нысандар. Күнге табынушылар мен Айға табынушылар арасында талай тартыс та, соғыс та болған. Бертін келе абыздар бұл тартысты бейбіт, өнер сайысына жеңдіруге тырысқан жайтты айтыстан,күрестен т.б. спорттық-өнер тартыстарынан байқаймыз. Біресе қарсылас,біресе сайыстағы серіктес бола итжығыс идеология қалай болғанда да дуалистік тірлік пен тартысты туғызғаны анық. Соның бірі Ай мен Күннің айтысы болуы керек. Бұл тартыс дами келе, түрлене келе бертін қыз бен жігіт айтысын тудырғанында күмән аз.
Наурыздық нысан – дуалистік теңгерім (баланс) үдерісі: Ақ пен Қара; Жақсы мен Жаман; Күндіз бен Түн; Жарық пен Қараңғы; Аталық негіз бен Аналық негіз; Ін (ин) мен Ен (ян), Құт пен Жұт ... Ал, дуализмнің үйлесімі – олардың бейбіт тартысында, тәжікелесінде, шарпысында. Бұл көрініс қазақтың Айтыс өнерінде арнайы миссиядай қалыптасқан. Айтыстың әуел бастағы туындау сәті де Наурызбен байланыста. Сол себепті де, Өлі мен Тірінің айтысы, Жаз бен Қыстың айтысы, Қыз бен Жігіт айтысы т.т. қосполюстік айтыс түрлері сайып келгенде наурыздық тұрғының насихаты ғана емес, екі полюстің шарпысу көрінісінің өнердегі проекциясы болып табылады. Қысқасы, Айтысты әуел баста тудырған бірден бір түрткі – Наурыздық жүйеге негіз болған рәсім мен тұжырым болар!
Сайып келгенде айтыстың алғашқы тапсырыс берушісі – Наурыз.