Айтыңызшы, жүрегімді тоңдырмасыншы...

Жүрегім тоңып тұр... Дірдектеген жүрегімнің дірілінен қорқып, жанарымды сипаймын... Тағы да жас... Тағы да мұң... Тағы да жалғыздық...

Кеңірдегімді тіреп тұрған түйін тұншықтырып барады...Әйтеуір, тым ашулымын... Дерексіз... Себепсіз... Керексіз... 

Тірі жанға ренішім жоқ сияқтанып тұрғанымен, әлдекімге аса өкпелімін... Көргісіз... Белгісіз...Сенгісіз... 

Қақаған аяз тоңдырған жүзімнің қызылын суықтан қызғанғандай имене беремін... (Ұялудан ұялатын ұяңдығым ба еді тағы?!)

Жүрегімен жақсы көретін құрбымның көтерген көңілін онан ұзағанымда басып тастайды... (Адамдардың көзқарасы неткен ауыр?!)

Жыламасыншы деп тілеген адамыңнын күнделігі абайсыз қолыңа түскенде, оның сырттағы жасын ғана тыйып жүргеніңді білесің... (Алла қатал емес еді ғой...)

Қолымнан ұстап, маңдайымнан сүйген, сырлас досым, сіз де құбылмалысыз... (Мейіріміңізді кім ұрлап алған?!)

Бүтін әлемде жалғыз өзім қалып қойған сынды өңім сынық, жаным жаралы, көңіл күпті...

Менде бүгін бөтен әлем. Түсініксіз...

Бүгін үндемей ұзақ қара түнде, бәз баяғы аппақ көрпемнің көлеңкесіне тығылып, аппақ жастығыма иығымды сүйеп, ағараңдап таң атқанша айғайлап жылағым келеді... 

Мен ертең тағы да күліп оянамын... Я, Аллам, оларға айтыңызшы, енді жүрегімді тоңдыра көрмесінші...



Бөлісу: