...АЙТЫҢЫЗШЫ...
блог
Көк базарда қос тізесі дірілдеп, не сүйенер баласы, не сүйкенер қызы жоқ, бар махаббатын иті мен мысығына арнаған, не қоғамға, не қара басына берері қалмаған, өткен өмірінде де игі іс істеп көрмеген, сөйте тұра қазақты иттің етінен жек көретін, оның тәуелсіздігін өліп кетсе де мойындамайтын кемпір кетіп барады... Шыбын жаны шүберекке түюлі о ғаріптен алар өшім жоқ. Алла ғұмыр берсе, «Жасай берсін Жұмағұл»! Десе де, сол ғаріп кемпірмен бес бауырын аштықтың аранды азуынан арашалай алмаған (Қазақтың үштен бірін қырған аштықты қолдан жасаған сол ғаріп кемпірдің әкелері еді), қайын атасы 37-нің мылтығына бір оқтық, күйеуі жарықтық соғыстың құрбаны болған, баласы ауғанда қыршын кетіп, немересі 86-ның ызғарында итке таланған, сөйте тұра ағайынның баласын бауырына басып, он шақты ұл, моншақты қыз өсірген, үрім-бұтағы кеңге қанат жайған менің әжем не себепті «ұлы, (кешірерсіздер орыстарды «ұ» деген әріп жоқ еді ғой) улы орыс» тілімен сөйлесуі керек? Айтыңызшы...
Бүгінде мынау тіршіліктің қамымен күйбеңдеп жүріп, ұлтымыздың аянышты жайын ұмытқан намыссыз мынау сізді, орыс көрсе, қазақшасын ұмытып қалар арсыз мынау мені жер бетінен мәңгілікке жойып жібермек болған, мойынымызға қыл бұрау салып шыңғыртып, ұлтымызды мансұқтап, есігіндегі ит құрлы көрмей жәбірлеген, қос иығымызға үш жүз жыл бойы есекке мінгендей мініп алып, бар игі жақсымды қанды қарудың үңгісінде ұстаған, атқан, өлтірген, абақтыға қамаған, мәдениетсіздігімді (атам заманнан мәдениетті екенімді біле тұра) әрдайым бетіме басып, құлақ кесті құл еткен «ұлы, ой улы орыс империясының» талқаны таусылғалы қашан? Сөйте тұра, менің атам, әжем, әкем, шешем, бауырларым (оның ішінде осыны оқып отырған сіз де барсыз), балаларым және мен күнделікті есік алдын ыспыратын тетя Раисаға, еден жуғыш тетя Юраға, үйімнің отымен кіріп, күлімен шығып жүрген көршім дядя Васяға, күнде сегіз жарымда жұмысқа әкетіп, кешкісін үйге жеткізіп салатын шопырым Петяға, жұмыста шайын тасып, безек қағатын хатшым Наташаға, қол астымдағы, дұрысы қол астыңыздағы, я айналаңыздағы одан өзге де қазақтың ауасымен тегін тыныстап, қазақтың байлығын тел еміп, қазақ мемлекетінің уығын бірге қадасып жүрген (деуге келсе, әрине) сан мыңдаған орыс ағайындарға не себепті қазақша сөйлемеймін, я сөйлемейміз? Айтыңызшы...
Үйдің алдындағы алаңқайда алпысты алқымдаған көпті көрген ақсақал отыр. Е, о шалыңыз бір кездері ел үшін атқа қонып, талай қызметтің тағын түгескен. Аттан түскелі ермегі балаға қарау. «Бала балдан, немере жаннан тәтті» емес пе? Кеңестік кезеңнің әңгір таяғы қара басына қатты тиіп мәңгүрттеніп кеткені соншалық, баласының қасында ойнап жүрген алтыдағы Сергейге «улы орыс тілінде» тіл қатады. Қазақ деп еңіреп жүргені қайда, о бейбақтың... Алтыдағы баланың тілінде сөйлейтіндей не басына күн туды? Әне, біздің қарияның сыйқы. Міне, құлдық сананың қамыты. Ол қамытты сол ақсақал ғана емес, сіз де, мен де, ол да киіп жүрген жоқпыз ба? Айтыңызшы...