Айтылмай кеткен өсиет

       Журналист, ғалым, қаламгер Ақселеу Сейдімбектің қазақ өнерінде алатын орны ерекше. Белгілі фольклор зерттеушілері қатарында да оның есімін айрықша атай аламыз. Өзінің зерттеу еңбектерінде ол қара өлең мен құдіретті қазақ күй аңыздарының жанрлық табиғатын, шығу тарихын, көркемдік кестесін арнайы қарастырып кеткен.

       Жеті жетімнің бірі ретінде достарының да алдында беделді, сыйлы боп өткен жанның артында өшпестей үлкен мұрасы қалды.

         Журналистика мамандығын таңдауыма себеп болған жанның бірі  - Ақселеу ағам еді. Өйткені, ол кісінің әрбір зерттеу еңбектерін оқу арқылы әсіресе өнерге деген құршынысым арта түсті. Мектеп қабырғасында жүргенде – музыка саласының журналисті болам деген алдыма мақсат қойдым. Мектеп бітірген соң, Астана қаласындағы Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің журналистика факультетіне түсіп, ағайдың дәрісін тыңдап, журналистика саласы бойынша көп нәрсені үйренем деп, үміттеніп жүргенде суық хабар келді. 

    Халық өзінің дара туған арысы  - Ақселеу Сейдімбектен айырылды. Қасиетті  Жаңаарқа жеріне "досым еді", "бауырым еді", "ағам еді" деп қайғырған жұртшылық жиналды. 11-сынып оқып жүрген бізде, жерлесімізді ақтық сапарға шығарып салуға алаңға жиналдық.

    Иә, күңіренген халық күтпеген жерден келмеске кеткен арысын жоқтап, қатты қайғырды. Туған-туыстары мен достарының қоштасу сөздері жүректі тебірентпей қоймады.

    Мен де ағайыммен үнсіз қоштастым. Жүздесіп, дәріс аламын, өсиетін тыңдаймын деген арманымның да бірге жер қойнауына кетіп бара жатқанына жаным қатты қиналды. Бірақ, сол жерде Ақселеу ағайыма осы журналистика мамандығы бойынша мықты маман болып, музыка саласын зерттеп, өз үлесімді қосам деген уәдемді бердім. 



Бөлісу: