Айттарың құтты болсын!

-"Арыштан, ай Арыштан, тұр енді, беті-қолыңды жу, намазға кетеміз, кел бір-екі кесе шай ішіп ал" - деген Атамның сөзіне ерініп, (еркелігім болар) созылып-керіліп барып тұрушы едім. Бала кезімізде ораза айты қақаған қыста келетін. Ертең Айт деген күні моншаға түсіп, жуынып-тазаланып, өткен ата-бабаларымыздың басына құран оқып қайтуға ерекше дайындалушы едік. Мектепте сыныптастарыма намазға барасың ба, ата-баба әруағына бағыштап құран оқытуға барасың ба деп жүруші едім. Ия, оның барлығы да кішкентайымнан Атамның миыма құйып өсірген тәрбиесі болар. Ауылда мешіт жоқ болғандықтан, намазды қорымның басына салынған намазханаға барып оқитын. Далада кішкентай балдар әр-әр жерде топырлап, қашан "Аумин" дейміз деп жаурап отыратынбыз. Бала кезімде айт намазынан қалып қойған кезім есімде жоқ. Ата-баба басына барып, әруақтарға құран бағыштап қайтқанда өзімді үлкен адамдарша сезініп, көңілім тасып қайтатынмын. Намаз оқылып, әулетіміздегі дүниеден өткен ата-баба әруақтарына құран бағыштап болғаннан кейін ағайындарымыз жеңіл көлікке отырып, ауылға қарай бет аламыз колонна болып. Міндетті түрде бір-біріміздің үйімізге барып, айттап, құран оқып шығып, тарқайтын едік. Барша мұсылмандардың Айт мерекесі құтты болсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, дастарқанымыз берекелі, жасап жатқан барша игі іс, дұға-тілектеріміз қабыл болсын!

Пысы; сәпсем бала кезде көрші үйлерге барып:

Айттарың құтты болсын, 

Сиырларың сүтті болсын, 

Ешкілерің егіз тусын, - деп жамырасып, берген кәмпит-күлшеге мәз болып қайтушы едік. Ол бір-бірімізді құрметтеп, құттықтап, ағайын, туысқа бауырмашылдық сезімізді арттыру жолында үлкен рөл атқаратын, арамызды жақындататын мереке екен.



Бөлісу: