АЙТАДЫ-АУ...

Қазақтың кез келген отбасында әдемі әзілдің айтылмауы мүмкін емес шығар... Біздің үйде де әзіл-қалжың айтылып қалады. Жалпы, өзім ондай әзілдерді рақаттанып оқимын әрі жинағанды жақсы көрем. ФБ әлеуметтік желісінде «Айтады-ау» деген айдармен жариялап жүрген отбасылық әзілдердің біразын осында жариялауды жөн көрдім...

       Жай күні жұмыс деп әрі осымен екі сенбі қатарынан жанталасып жан-жаққа кітап жіберумен жүріп, арасында Қызылордадан құрбым келіп дегендей, қойшы, әйтеуір, үй жинаудан қалдым. Бүгін де кітаптың жұмысымен жүгіріп жүріп, киімдерімді (ауа райы қырық құбылғанға не киеріңді білмейсің әрі асығып) шашып кеткен едім. Асекем де жұмыста болатын. Содан үйге келгенде сол шашылған киімді, ыбырсыған бөлмені көріп: 

 Түуууууу, қолым тимей жүргенін білесің, жинай салсаң қайтеді... Еріншексің ғой...
 Тап осы жолы ерінбедім. Бірақ қалай шашып кеткеніңді өзіңе көрсетейін дедім. Құдайға рас, Айеке! Әдейі осыны көрсетейін деп, жинамай отырған болатынмын,  дегенде...
Ары қарай екеуміз де рахаттанып күлдік...


     (кішкентай кезі)              

                                                        ***

– Асеке, теееез үйленіп алсаңшы...
– Уборка жасайтын уақыт кепті, иә... 

                                                          ***

– Балам, ұйықтасаңшы...

– Қазір...
–  «Тұр-тұрдан хабар келсе, ұйқыдан маза кетеді» ертеңгісін...
– Білем ғой...
Жарты сағаттан соң:
– Асеке, ұйықтасаңшы...
– Қазір...
1 сағаттан соң:
– Мына бала ұйықтай ма, жоқ па?
   ...
– Ақыры ұйықтаған жоқсың, гүлдерге су құйып шықшы, ертеңгісін ұмытыппын...
– Мам, мен ұйықтап қалдым ғооооооооой...
20-да деп кім айтады? О, тоба!


(маған ұнайтын сурет)

                                                           ***

–    Асекем, басекем, Асқар тауым, Асқар белім...

–     Мам, қойшы, әлі үйленуге ерте... (ыдыс жуғанға ерінгенде айтылған ең қысқа әңгіме))))))

                                                           ***   

         Ұлымның жұмысында иегіне бір уыс сақал қойған, қысқа балақ ұлтсыз мұсылмандар істейді. Біраз миын ашытқан көрінеді. «Намаз оқымайсың ба?»  –   деп басталған үгітке: «Дауай, әркім өзінше өмір сүрсін, сіздер  –  маған, мен сіздерге дін тақырыбында жоламайық», –  дейді Асекем

         ... Анда-санда болса да «сақалды балалар»  үгітін үдете түскісі келеді. Ақырында балам:
          –  Шешем маған жақсылап код қойып берген, әуре болмаңыздаршы,  – деген екен.       

                                                      ***

         Асекем әріптесін ертіп келді. Үйге келген кісіге шай беріп, әңгімеге тартып дегендей... Сөзге сараң Нұрмахан анда-санда бір сөйлеп отырды. Балам екеуміз сыртынан естігендерім бар, өзім көрген бір-екі әріптесі бар, жұмыстан келген соң кешкі ас үстінде соларды сұрап, жұмысымыз жайлы айтып, әңгімелесеміз. Ол әдетке айналған. «Әлгі «үндемес» әріптесіңнің қалы қалай?»  – деп сұрадым бүгін. «Ойбай, қайдағы үндемеген, сөйлейді ол, саған сынып қалған ғой» дегенде ішіп отырған шайыма шашалып қалдым.

         Үйге кітап алуға келген қыздарды көргенде: «Тайлақтың шешесі болғансың ба?» –  деп тағы қалжыңдайды... 

                                                    ***

         Балам екеуміз қалжыңдаса береміз... Асекем 20-дағы бозбала. Бойына шыр жұқпаған ілмиген арық емес, бірқалыпты. Оның жанында 20 жас «үлкендігім» бар, аллаға шүкір, «етжеңділеуміз»))))...
Суреттегі сол жақтағы «Бәйтерек» – ұлымдікі. Бақытжан атасы мен Зейнеп апасы сыйлаған. Екіншісі – менікі! Қалқаман бауырымның сыйы. 
       – Міне, менің де өз «Бәйтерегім» бар енді! – деп мақтана көрсеттім балама Астанадан келе сап.
       – Ооо! Құтты болсын! Бірақ «обьемі» аса келіңкіремейді екен, ә, Айеке! – дегені... 
Күлуге шамам келмей қалды. Ол не десе де, «түбі ұлым мен болашақ немерелеріме Астанада тұру бақыты бұйырсын» деп ырымдап қос «Бәйтеректі» қатар қойдым. Әзілдері жарасқан «анасы мен баласы» )))...

 

(кестелі сүлгіні Зейнеп апам өз қолымен тігіп маған сыйлаған)



Бөлісу: