Айрық

Дәл бұлай сүйе алмаспын өзге ешкімді,

Азапқа жаным енді төзбес мұңды...

Жұбымыз жазылмауын жазбаған соң,

Несіне  тағдыр бізді кездестірді?..

 

Үкімі бұл тағдырдың қатал қандай?

Жол арман – тығырыққа тақалғандай.

Біледі жүрек қайтып қосылмасын,

Үмітке әлі бәрі атар таңдай!..

 

Шығысқа жетсе кезбе, қазбауыр бұлт,

Сен жаққа құс боп ұша жаздауым - құт!..

...Жылайды жүрек үнсіз кеудемдегі,

Махаббат жайлы барлық сазды ауыр ғып...

 

Келеді мен де өзіңмен бірге болғым,

Сеземін тоғыспасын мүлде жолдың.

Байланған шын ғашықтар өкінішке,

Ей, бақыт, жауап берші, кімге қондың?..

 

                             ІІ

 

Айқара ашып тастап түндігімізді,

Мың күнге балаушы едік бір күнімізді.

Білсек те оралмасын өткен көктемнің,

Ұмыттық қалай ғана бір-бірімізді?..

 

Жаулаған жүрегіңнің ақ гүлім төрін,

Баураған мұңым бірде шаттығым едің...

...Сен мені ұғынарсың, отқа ұсындым,

Қалмады суретің де, аққуым менің?!

 

Ақ жаңбыр сүйіп өткен... таңғы даладай,

Сол күндер, қайда көштің жанды жаралай?..

Тек есте естелік боп мәңгі қала ма,

Ертісті бойлап келем, жалғыз, жағалай?!.  

 

 



Бөлісу: