Айналайындар-ау, осы сендерге не жетпейді?!

Ұстамды ұстазым ынты-шынтысымен кірісіп, күйіп-пісіп: "Айналайындар-ау, осы сендерге не жетпейді?! Қол-аяқтарың бүтін, көздерің мөлдіреп отырған әрбіріңнен тырыссаңдар тау көтерер қабілет шығады ғой... Неге менің күні-түні баламнан көп сендердің тілеулеріңді тілейтінімді білесіңдер йә?!Ақсақтың арманы аяғымен жерде түп-түзу бір минөт тұру,соқырдың арманы бір минөт айналасын көзбен көру, кереңнің арманы бір минөт азанның дауысын есту, сағаттардың да сендер үшін қадірі бары шамалы осы... Осыларың жөн ба енді?!"-деді, "Енді осының қадіріне жету үшін не жетпейді айтыңдаршы?"-деді қабағын түйе, қолындағы парағын үстелге сабырмен қойып... Топтасым: "Ол үшін біз де солардай болуымыз керек шығар..."-деді ойланып жатпастан...

Ай, ақымағым-ай... Ойыңның нашарын-ай... Жаздың күні қос мүгедектер үйіне жолым түскенін ойлап жанарымды жасқа малдым... Есіме түскені... Ойлағаным...

Газеттен келгенімді аңдап, алдыма қос кісіні сөйлетуге алып келді... Мұндағылардың бәрі мына кісідей болса, "бақытсыз ғой" деуге аузым бармады... Қалғандарының менің сұрағыма жауап қайыра алмайтынын ойламаған,ақымақ басым-ай... Сырт шыға бере, ерте шыққан тәрбиешімен қоштасып, көз ала бере бұрылып әрі-бері сенделген қоларбалар жаққа тартып кеттім... Жүрегімді қолымен суырып алғандай сұрқай тағдырдың шынайы келбеті мұнда екен-ау... Біздің әлем бетперделі қыздың кейпін салды есіме... Төсекке таңылып, терезеге телмірген жұмырбасты мына пендеден менің артығым аяғымның жерде тұрғаны... Бір минутқа берсем ғоой, терезе алдына барып әсем әлемді ауа жұтқандай қызығы қана тамашалар еді-ау... Оған қарағанда мына қоларбасы бар адам әлдеқайда бақыттылау сынды көрінді маған... Жасымды жасыра алмай атылып сыртқы есікке атылдым, жанымнан жүгіре шыққан қыздың күлкісі езу тартқызды... Сап-сау қызға деген таңданысымның әсері ту жанына алып барды... "Мына төсек, мына қоларба маған да таңсық болмаған. Бүгін зыр жүгіріп жүргеніме қарап сап-сау деп ойлаған боларсыз, мүгедектіктің жүрегіңде болғаны нашар... Мен төсекке таңылғанымда, тұратыныма сендім. Тұрғанымда, төсекке таңылмастай болып жүрмін, осынан қорқамын",-деді жанары жәудірей... Тағы да әлдекім жүрегімді шымшып алғандай шерімді тарқата алмай көшеге беттедім... Мына сырттағы әлемге жаным ашыды... Құйтақандай қыздың ойы таяғын ұстап ұзап бара жатқан қарт атайда бар ма екен осы?! 

Ертеңгісін құйғытып отырып, тағы да оңалту орталығына ұштым... Өзімді жыламайтыныма сендіріп, есеңгіремей еңсемді тіктеп ұзына орналасқан аурухана бөлмелеріне сығаламауға серт бердім... Журналисттің жүрегі жылмақай ғой, қайдағы, көзім жылдамдық жасап, босағадан аттағаннан қаз-қатар есіктердің арғы жағындағы әлемді көруге асықты... Түскі уақыт екен... Аттап кіруге мұндағылар мүмкіндік бермеді... Қабылдау бөліміне анасы қос қолдап жетектеп келе жатқан баланың жүзіндегі күлкіні көргенде жанарымдағы жастан ұялып кеттім... Жо-жоқ, ол бақытсыз емес... Ол мен сияқты менің көңіліме қарап жағымпаз күлкіні пайдаланып тұрған жоқ... Өзімнен жиіркендім...

Арманның асқағы таудың құзар биігіндей өмірдің шыңы деп ойлаймыз... Жо-жоқ ең асқақ арман мына баланікі... Тыңдаңызшы... Оның арманының орындалуына пәшкі-пәшкі ақшаң да, абыройың да, атағың да себепкер бола алмайды... "Анам аман болсыншы..." Сыртқа шыға тосып отырған бауырымнан:"Нені армандайсың?"-деп сұрадым... Ол үн-түнсіз жерге қарады... "Жұмбақ"... Ал мен ше? Мен?! Менің әлденені армандауға құқым жоқтай көрінді... Өйткені әлемдегі мынадай жүректі тым ауыр мұңымен қоса аяқ пен қолсыз арқалап жүрген НҰРЛЫ жандардың тілегінің қасында менің су жаңа аяқ киім мен тойып тамақ жеуді, оқыған кітабымды міндетсіне ұстазыма айтып баға алғаным, ата-анамды тартып алдың деп Алланы жазғыруым, бауырымның жылағанына қосыла жылауым, ұйқымның қанбағанына төсекті, жамандағандарға өсекті жазғырғаным кімге керек?! Нағыз ащы өмірді көргің келсе, аяқсыз, қолсыз,тіл мен құлақсыз бір минөт өмір сүріп көр...

Сонан соң оларды соншалықты "бишарә күйде" екен деп ойлама... Сенде олардікіндей арман, олардікіндей шынайы күлкі жоғын ұмытпа! Алла олардың бұл сұмпайы тағдыр мен сұрқия адамдардан осылай сақтағысы келген шығар, бәлкім...   

Екі өмірдің ортасына жалғанған жіптің үстімен қалт-құлт етіп жүріп кетіп бара жатқандаймын... Құласам құм, құламасам күн керек қылатыны шамалы... Бәрі де осы бір минөттардың қадіріне жете алмағанымның кесірі....

Сіз не дейсіз? Ұстазым айтқандай, бір "минөттің" қадірін білуге сізге не жетпейді осы?!

Мақпал Төребек



Бөлісу: