АЙМАУЫТОВ ТӘРБИЕ ЖӨНІНДЕ НЕ ЖАЗҒАН ЕКЕН?

Хайуанның жаратылысы

Малдың баласы туысымен тәлтіректеп, аяғын басып, біраздан соң буынын бекітіп жүріп кетеді. Қыр хайуанының баласы әртүрлі халде туып, кейбірі тез ширап, тамақ жеуге жарап, кейбірі баяу ширап, кеш өсетіндігі, бірақ қайсысына да болсын аз яки көп күтім, асырап-сақтау, үйрету-баулу керек. Хайуандардың баласы көп болса, бір-екі айдың ішінде өз бетімен жүріп-тұруға, кейбірі тамақ тауып жеуге де жарап кетеді.

Адамның жаратылысы

Адам баласы хайуан баласынан анағұрлым нашар, болбыр, нәзік болып туады. Аяғы басуға, қолы ұстауға, көзі көруге көпке шейін жарай алмайды. Бір жылда, бір жарымда аяғын әзер ғана басады. Онда да тамақ тауып жей алмайды, өзін-өзі ақтай алмайды.

Не керек?

Хайуан баласына азды-көпті күтім, асырау керек болса, адам баласына күту-асырау, сақтау, үйрету – бір сөзбен айтқанда, тәрбие өте керек.

Қылмыс

Хайуан жаратылыстан өзіне біткен бір сезімнің қуатымен өзіне лайық болған қылмыстан артық ешнәрсе істемейді. Адам жүгенсіз бетімен кетсе, адамдыққа лайықсыз талай қылмысты істейді. Сондықтан адам жалпыға бір канонға (закон) мойын ұсынуға керек. Қысқасы, адам баласы бірігіп қауым болып тұруға мұқтаж.

Қауым

Бір қауымды денеге ұқсатсақ, әрбір адам сол қауымның мүшесі. Әр мүше өзіне тиісті қызметін атқарып тұрса, дене тіршілік қылмақ.

Тәрбие

Тәрбие екі түрлі: дене тәрбиесі, жан (рух) тәрбиесі. Хайуан көбінесе денесін тәрбиелейді. Адам баласына дене тәрбиелеудің үстіне жанын (рухын), ақылын, сезімдерін, жігерін-мінезін тәрбие қылу керек. Денесі мен жаны бірдей тәрбиеленбеген кісі сыңар жақтау бола береді. Мысалы мынау: біреу денесі күшті, бірақ ақымақ; біреу ақылды, бірақ денсаулығы нашар. Адам баласының арасында ұрлық, зорлық, өтірік алдау, кісі өлтіру, талау сықылды неше түрлі бұзықтықтың көптігі тәрбиенің жетпегендігінен.

Адамшылық тарихы

Ескі Юнан халқында спартакистер ұлтшыл, жау жүрек, күшті жұрт болған; аштыққа, шөлге, ыстық, суыққа шыдамды екен. Бірақ ахлақ (мінез) жағы осал болған екен. Неге? Себебі: спартакистер ұлтқа қызмет қылатын күшті кісі керек қылып, денені ғана артық тәрбиелеп, ахлақ жағын ескермегендіктен.

Алғашқы екі ғасырдай афинандар құлықты, ғылымды, күшті жұрт болған. Неге? Данышпан Солонның жасаған ережесімен жақсы тәрбиеленгендіктен.

Рум халқын атақты, күшті қылған кім? Тәрбие. Ескендірді данышпан хәкім қылған кім? Аристотельдің тәрбиесі. Неронды залым қылған кім? Философ Сенеканың қата тәрбиесі. Неміс жұртының ұлтшылдық, бірлікшілдігі неден? Тәрбиенің қуаты.

Тәрбие туралы сөз сөйлеген...

Тәрбие туралы еңбек қылып, кітап жазып, сөз сөйлеп кеткен философтар (данышпандар): Солон, Сократ, Афлатон, Аристотель, Цицерон, Лутер, Бэкон, Коменский, Локк, Руссо, Песталоский, Ушинский, Толстой һәм басқалары.

Абайдың сөзі

«Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам баласының мінезін түзеп болмайды деген кісілердің тілін кесер едім» деген. Міне, тәрбиенің зор ғылым екендігіне, адам баласын бұзатын да, түзейтін де тәрбие екендігіне дәлел осы.



Бөлісу: