АЙМАУЫТОВ ТӘРБИЕ ЖӨНІНДЕ...
блог
Тәрбиенің мақсаты
Адамды бұзатын да, түзейтін де тәрбие деп едік. Енді сол бұзу, түзеу дегеніміз не? Қандай бет болса түзелуге болады? Не нәрсе әсер береді?
Адам баласын жақсы тәрбиелеу керек дейміз. Жақсы тәрбиенің мақсаты не болмақ? Әр нәрсенің бір көздеген мақсаты болу керек. Мақсатсыз іс қылуға болмайды. Жолаушы жолға шыққанда бір мақсатты ойлап шығады; шығып алған соң ойланбайды.
Тәрбиенің мақсаты – денені күшейтіп, ұлтшыл қылу болса, бұның жақсы жағы да, жаман жағы да болу керек. Жақсы жағы: бір халықтың ұлтшыл адамдары көбейсе, ұлты үшін жанын салып, сол ұлтты көркейтуге тырыспақ. Адамның өз басының көркеюімен ұлты көркеймейді, ұлты көркейсе, өзі көркейеді. Бір ұлт бақытты болса, ол бақыт сол ұлттың ішіндегі адамдарына да ортақ. Бір адамның бақыты бір ұлтты бақытты қылуға жетпейді. Ал енді жаман жағы мынау: ұлтшыл адам бір жұрттың ғана қамын ойлайды; бұл қамын ойлау жолында басқа жұрттармен айтысады, тартысады, жұлысады. Біреуді жеңуге ұмтылған кісі қызуламақ; қызу кісі өз қатесін көрмейді, көргісі келмейді. Ұлтшыл адам біреуге зорлық қылса да, қан төксе де, мұқатып өз Отанының дәуірлеуін іздейді. Мұның түбі бәсеке, талас «мен сенен артық боламын». Бұл – өзімшілдік ісі. Өзімшіл кісі кең болмайды, кең болмаса қаскүнем болады. Ұлтшыл болу – адамшылық ісі емес, заманның ісі.
Бақыт деген не?
Тәрбие – адамды бақытты қылу деген сөзді алсақ, бақыттың өзі не нәрсе? Дүниедегі ең бір талас, қиын мәселе – әр адам бақыт деген нәрсені әртүрлі түсінуі, біреу байлықты бақыт дейді; біреу мал басы түгел болуы бақыт дейді, біреу жақсы қатын алғанды бақыт дейді. Біреуге бақыт болып көрінген нәрсе біреуге бақыт сияғы жоқ. Бұл – әртүрлі ұғым, мінездердің қорытындысы. Бір қорытынды – әр адамның басында болған тұрмыстың әртүрлі көп шарттарының қорытындысы.
Жанды нәрсенің ақылдысы...
Адам жанды нәрселердің ішіндегі ақылдысы, сезімдісі, қайраттысы. Ішіп-жеу жанды нәрселердің бәрінде бар. Адам дүниеде ақылды зат болса, өмір сүруінде де бір ақылды мақсат болуы керек. Тамақтану, нәпсіні ырза қылу, өсіп-өнумен хайуан ғана қанағаттанады. Егер адам да осындай керекпен ғана қанағаттанып өмір сүретін болса, адамның хайуандық жағы өсіп, ақылды адамшылық жағы өшкен болады.
Өмірдің түпкі мақсаты
Өмірдің түпкі мақсатын ғылым көрсетпей, ғылымға керекті тәрбиені өмір көрсетеді. Егер адамның өмір сүруінде бір мақсат бар болса, тәрбиеде де мақсат болуға тиіс. Ол мақсат жалпыға пайдалы, іске асарлық болуы жөн.
Талайдың миын тауысқан сұрақтар
Адам баласы еркін жүріп, еркін тұрып, бірінің мұқтажын бірі жеткізіп, жүректері махаббатқа толып, біріне-бірі қастық ойламай, тәрбиенің мақсаты сол болар еді. Бірақ сондай заман бола ма? Болмай ма? Тәрбиенің мақсаты бар дейік, бар болса, ол мақсатқа қалай жету керек? Адам қалай тәрбиелесең де көне бере ме? Көнетін болса, қандай шарт көндіреді? Көндірмейтін не нәрсе? Міне, бұл мәселе талайдың миын тауысқан, талай талас шығарған мәселе.
Локктің мысалы
IV ғасырда шыққан Англияның бір атақты оқымыстысы Локк айтқан: «Баланың ақылы да, жаны да туғанда таза тақтайдай болып туады. Таза тақтайға қандай жазу жазса да жазушының еркінде; сол сықылды балаға қандай тәрбие беру тәрбиешіден, бала қалай тәрбиеленсе, соған көше береді».
Локктің пікіріне қарсы пікір
Адамда жаратылыстан әртүрлі мінездің ұшығы болып туады. Орысша «Прирожденная идея».
Ушинский пікірі
«Тәрбие адамды түзететін құрал екені рас, бірақ ағашты қалай шапса, солай іс қылып шығаратын ағашының балтасындай құрал деуге болмайды. Тәрбиенің айналыс қылатыны – жанды нәрсе. Жанды нәрсені күллі жан сипатының егжей-тегжейін білген білімді, тәжірибелі кісі іс қылып шығарса, анау-мынау балташылар бұзып алуы мүмкін».
Толстой не дейді?
«Бала туғанда әр мінездің ұшығымен тумақ түгілі, мүлде тәрбиелік болып туады. Қайта тәрбиелеу баланы бұзады. Балада уайым, қайғы жоқ, кек жоқ. Рақымды бірін-бірі сүйгіш болатыны тәрбиелі болып туғандықтан, баланың мінезі есейген сайын өскен орта, көрген өнегемен бұзылады. Тәрбие адамның алдында емес, артында. Баланы тәрбиелеу үшін әрбір тәрбиеші өзіне тәрбие қылу керек. Бала айтып ұқтырғаннан да көргенге көп еліктегіш келеді. Солай болған соң балаға не жақсы мінез болсын, іспен көрсету керек».
Балаға әсер беретін нәрсе
Жаратылыс (дүние), үй іші, өскен орта, замандастар, туған жұрт, оның діні, тіл һәм басқа да нәрселер, бұл шарттардың әсері де ылғи жүре береді деуге болмайды. Себеп, адам есейген сайын өзгеріп отырмақ, өзгертуге себеп болатын нәрсе адамның жан сипаттары. Жан сипаттарының адамды өзгертіп, бір толқымалы халға түсіретін уақыты да болады.
Әке-шешенің тәрбиесі
Баланы бұзуға, түзеуге себеп болатын бір шарт жас күнде көрген өнеге, ол өнеге – әке-шешенің тәрбиесі болу керек. Ата-ананың берген тәрбиесі баланың мінезіне салған ірге. Балаға қайырымдылықты, қаттылықты, кішіпейілділікті, үлкен көңілділікті, әдептілікті, әдепсіздікті, шыдамдылықты, күйгелектікті, шыншылдықты, өтірікшілікті беретін кім? Ол, әрине, ата-ананың тәрбиесі. Бұл мінездердің бәрі жас уақытта басқа бір күшті шарттармен бұзылып түзелмесе түпкілікті мінез болып қалғаны. Кей-кейде ата-ананың тәрбиесі әсер қылмай, жақсы ата-анадан жаман бала, жаман ата-анадан жақсы бала шығып кететіні болады. Адамды замандас, жолдастың азғырып не түрлі мінез жұқтыратыны белгілі. Тәрбиеге туған жұрттың тіл, мінезі, тұрмысы да әсер қылмақ.
Түйін сөз
Дәрігер адамның денесін сауықтыратын болса, тәрбиеші адамның ақылын, мінезін, жанын сауықтырады. Ахлақты, ақылды адам көбейсе, Отанның күзетшісі, қорғаны. Олай болса, тәрбиешіге Отанның келешек өмірін тапсырған болады.