Айлық алмайтын ұстаз
блог
Кейде балалыққа салынып, ауылда светтің өшкендігін сылтауратып, ертеңгі болатын сабақтарды түгелдегендей болып жылы көрпеге гүмп ете салғымыз келіп отыратын. Бірақ Ол рұқсат бермейтін. Свет өшсе де, аш болсақ та, ауырып отырсақ та ертеңгі сабақтың тапсырмасын толық орындамай жатпайтынбыз. Өйткені біздің үйде де "мұғаліміміз" бар-тын. Ол бізді оқытқаннан айлық алмайтын, рахат алатын. Мен мектеп бітіргенде алғысымның көбін ұстаздарыма емес, Сол адамға жаудырдым. Өйткені ол менің санамды жарық етті.
Біз кейде (екі ағам және мен) тағы да балалыққа салынып, үйде Оның жоқтығын пайдаланып күнделіктің бәрін "қайталау, қайталаумен" толтырып, орындап қойған өтірік жаттығуларды жаза салып жата салатынбыз. Түнде Ол жұмыстан шаршап, шалынып келсе де, жарықты жағып қап бізді тәтті ұйқыдан оятып жіберетін де, күнделігімізді әкелуімізді талап ететін. Үшеуіміз ұйқылы-ояу барып ертеңге деп салып қойған нан мен баклашкадағы судың арасынан күнделігімізді тауып "ұстазымыздың" алдына сүмірейіп баратынбыз. Расында барлық тапсырманы орындап жатсаң, құтылдым дей бер.
- Тәәк, қазақ тілінен 17- жаттығуды беріпті. Әкел, орындадың ба?
- ия, мәңіз!
- Бүгін шылауларды өтіпсіңдер ғой. Шылау деген не екен?
- Шылау дегеніміз - ..................
- мына ережені жаттап, түсінігіңді айтып берген соң ұйықтайсың!
Осылай жалғаса беретін. Күнделігіне селсоқ қараған екі ағам "емтиханнан" қатты қиналып, менен де кеш жататын. Орыс әдебиетінен берген жаттауды ыңқылдап әрең айтып беретінбіз. Соны толық жаттағанша Ол да тыным бермейтін. Үйдегі түннен өткен "емтиханның" нәтижесінде - мектептегі мұғалімнен мақтау сөз естіп, күнделіктегі пәндерден қатарынан қып-қызыл бес алып келетінбіз. Күнделік пен кітап-дәптердің тазалығына да үйдегі ұстазымызға басымызбан жауап беретінбіз.
Ай сайын болып тұратын ата-аналар жиналысынан төбесі көкке жетіп Ол да келетін. "Жиналыста не айтты екен" деп толқып отыратынбыз бүлдірген дымымыз болмаса да. Ол асықпай алдымен маманың дайындап қойған тамағынан жеп алып, әңгімесін бастайтын. Жиналыстың біздің пайдамызға шешілгендігін байқайтынбыз сөзінен. Қанша разы болса да, бізді есіріп кетпесін деп мақтай бермейтін.
Сабақтан себепсіз қалдырмайтын Ол. "Бүгін қатты боран боп тұр, әй! Бармай-ақ қойыңдар дим. Көшеде із жоқ. Ешкім шыққан жоқ төмен жақтан да. Анау Олжабек те жібермейді балдарын. Мына үйдің де светі өшіп тұр" деп әжем жан ұшырып жүретін. Бірақ біз сонда да қалмайтынбыз. Өйткені Оған жауап беретінімізді ойлайтынбыз да, көзімізді ғана көрсетіп бетті шарфпен байлап ап үш көше ары орналасқан мектебімізге тартатынбыз. "Бір сабақтан қалсаң, бір тақырыпты түсінбей қаласың" дейтін Ол.
Ол бір күні үйге үлкен әлемдік картаны әкеп іліп қойды. Сол күнен бастап, үйдегі "сабағымыз" күрделене түсті. Енді сондағы елдер мен олардың астаналарын және әр елдің туын жаттау болды біздің тапсырмамыз. Құрлықтарды бөліп-бөліп, ең кішкентай елдерге дейін шұқып көрсететін. Өзінің әскерде екі жыл болған Камчаткасын да көрсетіп, сол жақ жайлы әңгімелеп беретін. Басында қиын болғанымен, кейін өзіміз қызығып кеттік. Ол жоқта да бір-бірімізге астаналарды жасырып ойнайтынбыз.
Ия, біз солай оқып бітірдік. Жаман болмадық. Маған кішкентайымнан "Алтын белгі" аласың деп басыма құя берді. Мен ол кезде "Алтын белгінің" не екенінін білмесем де, алам деп жүретінмін. Алдым да. Екі ағам да жаман болмады. Біздің біліміміздің іргетасын қалап берген сол кісі. Сол қалаған іргетастың жаймен қабырғалары қаланып келеді. Мен Алматы асып, КазГУдың студенті атандым. Екі ағам да оқу бітірді. Үшеуміз де оның берген білімі мен үйреткен тәлімінің арқасында үйге ауырлық түсірмей оқыдық.
Пап, менің өмірлік ұстазым сенсің! Аман бол!