Айқын Төлепберген Қарағанды сахнасында

Қараша айының 26 жұлдызында қазақ еліне танымал, өте дарынды өнер иесі - Айқын Төлепберген Қарағанды қаласында С. Сейфуллин драма театрында өз шығармашылық кешін өткізді. Кеш өте жоғары деңгейде өтті. Жоғары деңгейде өтті деген себебім, ән кеште жанды дауыста әндер шырқалды. Ән кештен алған әсерімді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Ән кешті тамашалай отырып, Айқынның еңбекқор, ашық - жарқын, керемет әнші екеніне көз жеткіздім.

Залда отырған көрермендер Айқынмен бірге қосыла ән шырқады. Тіпті көрермендердің арасынан әннің ырғағына билеп кеткендері де болды. Көрерменнің Айқынға деген ықыласы, қошеметі өте ерекше болды.

Әнші ән кеште  "Туған жер", "Тілек", "Бір досын керек екен", "Жалғыз сен", "Үмітің үзілмесін", "Ерке қыз", "Ең алғашқы", "Асылым", "Алтыным", "Жалан аяқ", "Сағыныш" т.б сынды көпшілікке танымал әндерін орындады. Сонымен қатар, ән кеште жас та болса, талантты "Жүгінісовтер отбасы", "Адам", "Дует А" топтары өнер көрсетті.

Айқын Астана және Балқаш қалаларында ән кештерін өткізген болатын.

Сол сәтті пайдала отырып, әншімен тілдескен едім. Назарларыңызға ұсынсам.

- Сізді көрермендер қалай қарсы алды?

- Жақсы қарсы алды. Ыстық ықыласпен. Енді үлкен кісілер де болды. Жастар өте жақсы қарсы алды.

- Қарағанды қаласында да ән кешіңізді өткіздіңіз. Енді Теміртау қаласына ән кеш жоспарлап отырсыз ба?

- Білмеймін енді... Көбіне концертті жоспарлайтын мен емес, Олжас деген жігіт. Сол жігіттің жоспарымен келдік Балқаш пен Қарағандыға.

- Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз?

- Енді бұйырса, жаңа жылға дейін Шымкентте ән кеш өткіземіз деген ой бар. Бұйырса, келесі жылы Алматы қаласында Республика сарайында үлкен кеш өткізу ойда бар.

- "Жанды дауыс" бағдарламасын телеарнадан тамашалап жүрміз. Осы жобада сізді тәлімгер ретінде көріп жүрміз. Болашақта продюсер болу ойыңызда бар ма?

- Енді әзірге "Дует А" тобына бір қыз, бір жігітті алдым. Енді соларға дайындық жүріп жатыр. Бұйырса, көреміз енді.

- Сұхбатыңызға көп рахмет!

Уақыттың тығыздығына байланысты, сұхбат қысқа әрі нұсқа болды. Назарларыңызға рахмет!



Бөлісу: