«Айқап» пен « Қазақ» неге айтысқан?
блог
Халқымыздың Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхамеджан Сералин сынды біртуар азаматтары басшылық еткен газет-журналдың бір кездері бір-біріне қарсы шыққанынан хабарыңыз бар? Ел жанашырына айналған екі азаматтың басылымының арасында қандай айтыс-тартыс болған? Патша үкіметінің саяси қулықтарының бұл іске қатысы бар ма?
Тарих сахнасында ойып тұрып орын алған екі баспаның қай ісіне қарасақта «елім, жерім, халқым» деп айқайлап тұрғандай. Рас, кейбір мәселелерде қос баспаның пікірлері екіге бөлінген. Бірақ, бұл қазақ баспасөзінің қос қарлығашын бір-біріне жау етіп, қарсы қойып талдауға негіз бола алмас. Бұл турасында Бейімбет Майлиннің «Қазақ» газетінің 1915 жылғы 138-санында жарияланған мақаласында: «Бұл екеуінің кейбір пікірлерінің біріне-бірі қиғаштығы, ол туралы бірсыпыра сөздің болып өткендігі оқушыларға белгілі. Бірақ ол тақырыпта араларында дұшпандық жоқ. Себебі екеуінің де түп мақсаттары бір еді» деген жазуы еріксіз Бәйдібек бидің «Тірлік басқа болса да, Тілек бір. Бармақ басқа болса да, Білек бір» деген асыл сөздерін еске түсіреді. Шынында, мәселе түпкі мақсат емес, мақсатқа апарар жолдың алалығынан бастау алған сыңайлы.
Қос басылымның талас –тартысына қандай мәселелер себеп болғанына тоқтала кетейік. Бірінші себеп-жер мәселесі. Оған дәлел, журналдың 1912 жылғы 1-санында жарық көрген мақсатнамада: «Айқап журналының алдымен қолға алатын мәселелесі-жер мәселесі. Алты Алаштың баласын егін шаруашылығына қолайлы жерде қала салуды қуаттап, халыққа шамадан келгенше осыны түсіндіру» деген оқырманға хабары. Осылайша, «Айқаптағылар» отырықшылыққа көшіп, жерді иемденіп қаламыз десе, «Қазақтағылар» отырықшылық аштыққа алып келетінін алға тартады. Осы тақырыпқа қатысты татардың «Уақыт» газетінің 1915 жылғы 9-шілдедегі санында жарық көрген Нығметолла Күзембаевтың «Айқап журналы хақында» деген мақаласында: «Жер мәселесі жөнінде «Айқап» журналының маңында болғандар татарлардың әсерімен жерге отырықшы болуды қуаттады, «Қазақ» газеті маңында болғандар қала болмауды қуаттады» дей келе, қос басылымның отырықшылыққа қатысты екі түрлі көзқарасы мен ұсынысын жоққа шығармаған.
Екінші себеп-қазақ әліпбиін қалыптастырудағы түрлі көзқарас. Екі жақ та қазақ тілінің таза сақталып, өсіп өркендеуін құптайтынына қарамастан, екі түрлі ағымда болғандықтан екі түрлі таңдау жолы өз әсерін тигізбей қоймаса керек-ті. Бір жақ қадым жазуын қалдырып, түркі тілдес халықтардың тұтастығына сызат түсірмеуді қаласа, екінші жақ- қазақтың өз жазу үлгісі болу керектігін алға тартады. Бұл тақырып төңірегінде тарихшы-ғалым С.Асфендияров «История Казахстана (с древнейших времен)» деген еңбегінде: «Одна часть, группировавшаяся вокруг журнала «Айкап» (М.Сералин, М.Сейдалин) стояла на пантюркисткой позиции блока с татарской буржуазией, за обьединение всех тюрков. Она выдвигала требования оседания казахского населения и стояла за развитие татарских новометодых школ. Другая группировалась вокруг газеты «Казах» начавшей выходить в 1913 г.(А.Букейханов, А.Байтурсынов, М.Дулатов). Эта часть требовала развития казахского языка, считая что «блок с татарами» приведет к ассимиляции(т.1.стр.275)» баяндағаны сөзімізді тірілте түседі. Жазу үлгісі «Қазақ» газеті жарық көрмей тұрып өрбіген еді. Пікірталас «Айқап» журналының 1912 жылғы 4-5 сандарында жарық көрген А.Байтұрсыновтың, 8-нөмірінде жарияланған М.Дулатовтың мақалаларынан бастау алғанын байқауға болады. Мақалада: «араб әрпімен қазақтың тіліне, дыбыс жүйесіне негіздеп әріп алу, соған сүйеніп оқу құралдарын жазып, мектеп тілін қазақшаландыру» мәселесі көтеріліп, пікірталастың кең етек алуына-басшылықтың қолдау білдірмеуі түрткі болғанын аңғаруға болады.
Екі басылымның айтысы ушыға түскен сәт-басқосу мәселесіне келіп тіреледі. «Қазақ» газетінде осы туралы: «Қазақ» та, «Айқап» та өз бетімен келе жатқан кезде сәтсіз күні басталған басқосу мәселесі шыға келеді»-деп жазады М.Дулатов. «Басқосу-пайдалы, басқосу-мақсат, бірақ бас қосқаннан табылар пайда өлшеулі» деп санайтын А.Байтұрсынұлы мен М.Сералин арасындағы дау-дамай ашық хаттар мен толасыз жауған жауап хаттар біраз уақыт өз жалғасын тауып, өзекті тақырыпқа айналғаны мәлім.
«Айқап»- қазақ баспасөзінің алғашқы қарлығашы болса, «Қазақ»-халқымыздың қараңғы түндегі шамшырағы. Қазақтың мүддесін ойлап, жоғын жоқтаған қос басылым қандай жолды таңдаса да, қай жолмен жүріп өтсе де еңселі елінің қамын ойлады. Бір мақсат, бір мүдде жолында аянбай еңбет еткен ұлт зиялыларының басшылығындағы екі басылымды «жау» деп танып, біріне қара күйе жаға алмаймыз. Айлап-жылдап тартысса да, «Айқап» жабылып қалғанда «Қазақ» қапа болғанын естен шығару, әсте, мүмкін емес. Сондықтан да, «екі басылым араз болған, басшы арасы суық болған» деген пікірден аулақ болғанымыз жөн.