«Айқап» пен «Қазақ» неге айтысқан ?
блог
Жүз жыл бұрын «Қазақ» және «Айқап» газетінің негізін қалаушылар қазақтардың этникалық атауын сақтап қалып, қазіргі қазақ мәдениетін қалыптастырып және соның негізінде қазақтардың жаңа мемлекетін құру мақсатын көздеді. Нәтижесінде 1911 жылдың қаңтарында Троицк қаласында «Айқап» журналының алғашқы саны жарық көрген, ал 1913 жылдың ақпан айында алғашқы жалпыұлттық "Қазақ" газеті жарық көрді. Бұл екі басылымды да елі десе емешегі езіліп, жұрты десе жүрегін жұлып беруден таймайтын нағыз ұлтжанды адамдар басқарған. Оның бірі – Мұхамеджан Сералин, ал екінші басылымның бас редакторы – Ахмет Байтұрсынұлы болған. Бірақ осы екі басылымның арасындағы келіспеушілік неден? Бұл келіспеушілікті түсіну үшін басылымдарға тоқталып өтсек.
«Айқап» журналы ағарту ісі мен мәдениеттің жаршысы болды. М. Сералин осы журналдың құрылуының оқиғасын түсіндіріп берген: «Біз бір – бірімізді үнемі кінәлап жүрдік, басымыз да қосылмады. Қазақтардың неше жерден «қап» деп қапы қалған істері көп. «Қап» дегізген қапияда өткен істеріміз көп болған соң журналымыз да өкінішімізге ылайық «Айқап» болды. Мақсатым дүние жиып, байымақ емес, менің журнал шығарғандағы мақсатым – халыққа жол көрсетпек еді» деп ойын білдірген. Журналда қазақ халқының қамы, мұң – мұқтаждығы , қазақ қауымының жоғын жоқтап, жер, оқу-ағарту мәселелерін талқылаған. Жер мәселесі демекші, Айқап жер мәселесіне, отырықшылық мәселесіне де көп көңіл бөлген. Айқап осы қиын – қыстау заманда жерімізден айырылып қалмай, өз жерімізге ие болып қалайық деген оймен әлеуметтік ой – санаға отырықшы болып қалуымыз керек деген ойды сіңіруге тырысқан. Отырықшылық бар жерде оқуға да, басқа да шаруа түрлерін дамыта аламыз деген пікірді ұстанған. Осы тұста Қазақ пен Айқап басылымдарының арасында келіспеушілік туындаған. Қазақ газеті осыған қарама – қайшы пікірді ұстанған. Олардың ойынша, Ресей бізге 15 десятина жерден беріп, бізді отырықшы қылып, өздеріне жердің көп бөлігін алып, осының астында құйтырқы саясат бар екенін және де қазақтың жері егін егуге қолайсыз, кейін халық аштыққа ұшырайды деп ескерткен. Екі басылым осы мәселеде бір- біріне қарама-қарсы әр-түрлі мақалалар жариялаған.
Яғни бұл мәселеде өз ойымды, өз пайымымды жасасам, бұл екі басылым да қазаққа қарсы емес, керсінші қазақтың қамын ойлап, қазақ халқының ертеңін ойлап, ашаршылыққа ұшырамасын, қиын – қыстау кезеңнен тез шығып, қамын, мұң – мұқтаждығын ойлап шығарылған басылымдар. Бір басылымнан екінші басылымға өтіп, бірін жақтап, бірін жақтамаған дұрыс емес. Екі жақтың да көзқарасы орынды деп ойлаймын. Егер сол кезде әр қазаққа 15 десятина жерден берсе, біз қазір ұлан – ғайыр даламыздан айырылып қалар едік. М. Сералиннің отырықшы болып қаламыз деген ойына да қосылғың келеді. Сондықтан бұл екі басылымды бір – біріне қарсы қоюдың да керегі жоқ. Бұл мәселеде қос басылымның пікірлері келіспей қалса да, екеуі де қазақты төрге сүйреу мақсатында туындаған мәселе.