1911 жылы Троицкіде «Айқап» қоғамдық-саяси және әдеби-сын журналының алғашқы саны жарық көрді. Журналдың редакторы әрі идеялық негізін салушы – қазақтың көрнекті ақыны және қоғам қайраткері Мұхамеджан Сералыұлы болды. Журнал әдебиеттің дамуына және қазақ әдеби тілінің рәсімделуіне үлкен үлес қосты. Журналда фольклор, этнография, тарих салалары бойынша түрлі зерттеулер жарияланды, сонымен қатар қазақ прозасының, драматургиясының, әдеби сынының қалыптасуында үлкен рөл атқарды. Бірақ, журнал көп ұзамай мықты цензураның әсерінен жабылды. Журнал қазақ кедейлерінің мүддесін қорғады, халықты ағартуға, білім алуға, сауат ашуға, бір орында қалмауға шақырды.
1911-1915 жылдары жарық көрген «Айқап» журналы Қазақстандағы идеялық-саяси ойдың аграрлық-демократиялық бағытын білдірді. Онда Ж.Сейдалин, Б.Қаратаев, С.Торайғыров, С.Сейфуллин, Б.Майлин және тағы да басқа қазақ қоғамының көрнекті өкілдері қызмет атқарды. Журнал беттерінде қазақ ауылындағы аграрлық шаруашылық, ағарту және білім, тауар-ақша қарым-қатынастарын дамыту мәселелері жарияланып, патшалықтың отаршылдық саясаты әшкереленді.
«Айқап» журналының беттерінде көтерілген ең даулы әрі өзекті тақырып – жер мәселесі болды. Жалпы, кең даланың төсін емін-еркін мекен етіп, қора-қора малды мезгілімен баптап ұстаған қазақ халқы үшін басты күнкөріс көзі мен атакәсібінен айырылуы – үлкен қасірет еді. Сол себепті де, ауыл шаруашылығы мәселелері, шаруашылық жүргізу нысандарының өзгеруі, халықты толығымен отырықшыландыру сияқты түрлі проблемалар көтеріліп, үкімет қатал сыңның астына алынып отырды.
Журналдың саяси платформасы екі бағытта болды. Бірінші бағытта қазақ халқына Мемлекеттік Думадағы өкілдікті, ішкі өзін-өзі басқаруды, жалпыұлттық ауқымдағы қауымды, съездерді шақыру бостандығын және діни сенім бостандығын беру талаптары қойылды. Журнал қазақ халқының ішкі өмірі: теңқұқылық, жергілікті әкімшілік, сот қызметі және қазақ халқының жалпылама демократиялық қозғалысқа қатынасы мәселелерін қамтыды. «Айқап» журналының басты жеңісі – буржуазиялық бағытқа қарсы тұра отырып, өз талап-тілектерін ашық әрі еркін жеткізуге тырысты.
Басылымның басты мақсаты – халықтың мұң-мұқтажын жоқтап, билікке жеткізу болғаны жылдар бойы айтылып, дереккөздер арқылы дәлелденіп келеді. Сонымен қатар, журналда тікелей қызмет атқарған елінің елеулі ұлдары тұрғындарды да үнемі өз мүддесі мен иелігі үшін күресуге, бұғып қалмауға шақырып, рухани кемелдікті насихаттап отырған.
Бес жыл бойы «Айқап» қазақ даласындағы прогрессивті ойдың трибунасы болды, әлеуметтік болмыстың теріс құбылыстарын сынға алды, оны қоғамдық даму жолына бағыттауға ұмтылды. Журналдың таралымы аз болса да, жаңалықтар халық арасында тез тарап отырды. Алайда, журнал агенттерінің хабарламалары көрсеткендей, «Айқап» қазақ жерінің барлық аймақтарына жетіп отырған. Тіпті, журналдың кейбір сандары өңірлердің кітапхана қорына еніп, сақталып қалған екен. Журналда беттеріне шыққан түрлі материалдар оқырмандардың шынайы пікірлерін тудырып, оларды терең ойлауға әрі болашаққа оң қадамдар жасауға септігін тигізді. Оқырмандар әрдайым журнал редакциясына өздерінің шағымдары, өтініштері мен тілектерін жазып, хат түрінде жіберіп отырған.
Әрине, «Айқап» журналының мақсат-мүддесі қиын күрес, күрделі қақтығыстар мен ізденістердің жиынтығынан өтті. Алаш қайраткерлері қалыптастырған бұл жолда жетістіктермен қатар, қателіктер мен жаңылыстар да болды. Алайда, олар қолдан қасірет жасауды емес, өз халықының жағдайын жақсартып, өмірін жеңілдетуді көздеген еді.
Қорыта айтқанда, ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХХ ғасырдың І жартысындағы қазақ баспасөзі – қазақ халқының қоғамдық-әлеуметтік ой-пікірін оятып, мәдени-әдеби дүниетанымын қалыптастыруға, кеңейтуге едәуір әсер еткен рухани құрал қызметін атқарды.
Болат САЙЛАН, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің профессоры, т.ғ.д.
Құралай Калыкулова, 1-курс студенті