"Айқап" журналында қоғамдық, саяси мәселенің жазылуы

       Қазақ баспасөзінің алғашқы қарлығаштарының бірі "Айқап" журналының шыққанына биыл жүз он бір жыл. 1911 жылы жарық көрген басылым 4 жыл ғана шықты. Журналға ақын, жазушы Мұхаметжан Сералин редакторлық еткен. Жиырмасыншы ғасырдың көрнекті ақын, жазушылары, қоғам қайраткерлері Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Сәбит Дөнентаев, Спандияр Көбеев және Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы сынды қайратты қайраткерлер "Айқаптың" тұрақты авторлары атанған. Бас аяғы бес жүз таралыммен шыққан "Айқап" қаржы тапшылығынан төрт жылдан кейін, яғни мың тоғыз жүз он бесінші жылы жабылды.

       Жалпы "Айқап" журналы патша өкіметінің саясатын насихаттайтын журнал еместігі, қазақтың мұң мүддесін көздейтін, ұлттың жоғын жоқтайтын журнал болғаны тарихнамадан мәлім. Журналдың ұлт есінде қалуы оның алғашқы болып басылуында емес, қазақтың жоғын жоқтаған журнал болып, сол кезге рухани азық бола білгенінде еді. "Айқаптың" негізгі бағдарламасындағы қаузаған мәселелер: Отырықшылыққа көшу, қалалар тұрғызу, жерден қол үзбеу, мектептер мен медресселер ашу, білімді әрі мәдениетті болу, дін істерін өз қолына алу, өз муфтиін сайлау, мемлекеттік Думаның мінберінен халық мүдделерін қорғау және оларды үкіметке жеткізе алатын депутаттардың болуы, Петербургте тұрақты өкілдік болуы. Жалпы "Айқап" журналы жер мәселесіне қатты көңіл аударып отырды. Патша өкіметі орыс және украйн шаруаларын қоныс аудару қозғалысының қарқынын ұлғайту мақсатында қазақтардың құнарлы жерлерін күштеп тартып алу жолымен "қоныс аудару қорын" құрды. . “Айқап” жетекшілері мұндай жағдайда көшпелілер мен жартылай көшпелілердің отырықшылануы, “тұрғылықты ауылдық елді мекендер” салу, егіншілік негізінде қазақ шаруаларының тұрмыс-салтын өзгерту қажет деп саналды. “Қазақ” газетінің жетекшілері, ең алдымен Ә. Бөкейханов басқаша көзқараста болды. Журнал мен газет арасындағы жер мәселесі жөніндегі пікірсайыс екі жақтың да көп күшін алды. Сералин 1924-жылы "Айқап" журналының тарихына арналған мақалада: журнал еңбекші таптың, халықтың органы болды. Сондықтан да, ол белгілі бір таптық, экономикалық және саяси бағыт-бағдар ұс­танған жоқ», – деп жазды. Жалпы қазақ шаруалары -ауыл кедейлері сол кезде барлық қазақ халқының сексен мен тоқсан бес пайызын құрайтын. Олардың идеялық саяси дамуы жиырмасыншы ғасырдың басында да белсенділігі төмен әлеуметтік сипатта болатын. "Айқап" журналы қазақ қоғамының өзгеріске ұшырауын оқу-ағарту және өркениетпен, отырықшылдық мәдениетпен байланыстырады. Әдет пен шариғаттың ескірген дағдылары мен заңдарынан бас тартуға шақырды. Негізінен журнал қазақтың артта қалуы себептерін надандық, көшпенді тұрмысқа байланысты оқшаулану, қазақ даласында мәдениет ошақтарының жоқтығы деп түсіндірді. Сонымен қатар журналда әйел теңдігі мәселелері де көтерілді. Журнал қазақ демократиялық интеллигенцияның ұлттық идеяларын насихаттаә отырып, түрлі идеялар мен көзқарастағы авторларға орын берді. Патша үкіметінің отарлау саясатын сынай отырып, М. Серәлин өлкедегі жағымды жаңалықтарға лайықты баға берді, кей кездері тіпті асыра бағалап та отырды. 

       Төрт жыл баспа бетін көрген «Айқап» журналы қазақ елі үшін төрт ғасырдан астам қызымет еткендей із қалдырғаны сөзсіз. Елдің сан-саласына қаламдарын тербеп, халық үшін аянбай тер төккен жазушы-ақындардың еңбегі мәңгілік мұра екендігі ақиқат.

 

Феруза Насипкалиева

Әл- Фараби атындағы

Қазақ Ұлттық Университетінің

студенті

 



Бөлісу: